Осыдан жарты ғасыр бұрын Жезқазған мыс қорыту заводында алғашқы қара мыс балқымасын алу одақ көлеміндегі елеулі оқиға болған еді. Сол тарихи күнге орай, «1973 жылы 21 ақпанда ауысым шебері Жамбыл Ыбыраев пен аға конверторшы Сұлтанбек Елемесов алғашқы Жезқазған қара мысын берді» деген дерек мыс қорыту заводының жылнамасында алтын әріптермен жазылып қалды. Жазушы Төкен Әлжантегі тұңғыш қара мыс алу оқиғасын және сол кезеңдегі металлургтердің үздік көшбасшысы Сұлтанбек Елемесовтің қаhармандық ісін арқау еткен «Ғұмырға тең бір күн» деген драмалық туынды жазған еді. С. Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театры қаламгердің осы пьесасы негізіндегі спектакльді «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен және корпорация жанындағы Ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып сахнаға шығарды.
Алғашқы қара мыстың алыну тарихында аттары қалған екеу өңірдің атақты металлургтері ретінде елдің мәңгі есінде. Екеуі де КСРО-ның Құрметті металлургі. Сұлтанбек Елемесов Еңбек Қызыл Ту орденінің және бірнеше медальдардың, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасының иегері. Жамбыл Ыбыраев инженер-металлург, 1990 жылы алғашқы балама сайлауда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған.
…Қызыл империяның қуғын-сүргіні Сұлтанбектің өміріне ауыр із қалдырды. Әкесі Елемес сталиндік жаппай жазалау кезінде жазықсыз «халық жауы» атанып, Сібірге жер аударылады. Жат жерде ажал құшқан әкесінің сүйегінің қай жерде қалғанын да білмейді. Көңілге медеу тұтатыны 1956 жылы Ресейдің Магадан облысынан келген Елеместің халық жауы деген жаладан ақталғаны туралы хабар. «Ғұмырға тең бір күн» қойылымы Сұлтанбектің әкесінің түсіне еніп, шошып оянуын бейнелейтін көріністен басталады. Бас кейіпкер Сұлтанбектің рөлінде артист Жәнібек Арыстанбеков ойнаса, Сұлтанбектің әкесінің елесін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Серік Бұлғақбаев сомдайды. Түсіне кірген әкесіне: «Сіз маған ренжіп жүрсіз бе? Ренжімеңіз. Мен сіздің атыңызға кір келтірген емеспін. Жұмысқа сіз қалай адал болсаңыз, мен де сондай адалмын» деп әке бейнесін сипамақ болғанында бері беттей беріп, кілт бөгелген әке сұлбасы үйден шыға жөнелуі, «әкетайым менің» деп ышқына айғайлаған Сұлтанбектің шошып оянған сәті, «бісмілла, бісмілла» деп қасына келген зайыбы Күнімайдың (артист Мируанна Досжанқызы) жұбата отырып әңгіме өрбіткен көріністері аз уақытта артистердің қас-қабақпен көп нәрсені сездіретін қимыл-қозғалыстарымен және лайықты ойластырылған сахна декорациясымен жымдасып, көрерменге әсерлі жеткізілді.
Өмірдегі Сұлтекең жастай еңбекке араласқаны белгілі. Ол 1942 жылы 16 жасында Қарсақбай теміржолына машинист болып жұмысқа тұрады. Содан 1950 жылдан бастап Қарсақбай заводында конверторшы болып 19 жыл еңбек еткенде кәнігі металлургке айналады. Ең жоғары разрядқа ие болады. 1969 жылдың тамыз айында Жезқазғанда жаңадан бой көтеріп жатқан заводқа жолдамамен ауысып келеді. Сахнадағы қойылымда шабаданын көтеріп, завод директорының қабылдауына келген ол бірінен соң бірі екі өтінішін ұсынады. Өтінішті қарап шыққан директор Абыралы (артист Құрман Игібаев):
– 6-разрядты конверторшы етіп қабылдай алмаймын. Өйткені жаңа заводтағы салынып жатқан конверторлар Қарсақбайдағыдан он есе үлкен әрі қуатты, сен оны игере алмайсың. Сондықтан бесінші разрядқа риза бол. Екінші өтінішіңде коттедж сұрайсың, мен сен түгілі арнайы шақыртумен алдырып отырған норильскілік мамандарға да коттедж тауып бере алмай отырмын. Жоқ, ол болмайды, – деп безектейді. Амалы қалмаған Сұлтанбек шығып бара жатқанда Жезқазған кен-металлургия комбинатының директоры Виктор Гурба келіп қалады. Бұл рөлді артист Ерке Байдешев сомдады. Үлкен басшы байырғы конверторшымен бірден іш тарта сөйлесіп, мәселенің мәнісін білген соң директорға қатты-қатты ескерту жасап, жұмысқа разрядын жөндетіп қабылдатқызады. Салынып жатқан коттедждердің бірін бергізу жөнінде пәрмен беріп, үй мәселесін де табанда шешіп береді.
Қойылымдағы оқиға одан әрі завод цехында өрбиді. Сұлтанбек пен Жамбыл бастаған жігіттердің алғашқы қара мыс балқытудағы еңбектері мен процесті тоқтату жөнінде қисынсыз бұйрық берген Қасқырбай сияқты (артист Мәди Сәденов) басшылармен арадағы тайталас көрініс береді. Бірбеткей мінезді Сұлтанбек өздеріне сенімсіздік білдірген басшылардың бұйрығын орындамай, тайталаса жүріп алғашқы қара мыс балқымасын сәтімен алады. Қойылымда конвертор цехының көріністері, мыс алу процесіндегі от ойнатып, жалын шарпыған сәттер тура өндірістің өзіндегідей нанымды шыққанын атап айтуға болады.
Негізінде спектакльге арқау болған оқиға сол кезеңде қаз-қалпында болған көрінеді. Бұл жөнінде Қазақстанның Құрметті металлургі, техника ғылымдарының кандидаты Төлеген Бүкіровтің «Ана тілі» басылымы мен «Мысты өңір» газетінде бұрынырақта жазылған мақалаларында жан-жақты баяндалады. Завод, цех басшылары конверторда алғашқы қара мысты алу процесін Қарсақбайда шыңдалған металлургтерге сенбей Норильск, Пышма сияқты басқа заводтардан шақырылған мамандарға тапсырады. Бірақ, арнайы келген кіл мықтылар қара мысты балқытып алудың нақты тетігін таба алмай қиналады. Сол сәтте Жамбыл Ыбыраев басшылық жасайтын ауысым жұмысқа кірісіп, аға конверторшы Сұлтанбек Елемесов екеуі өздерінің Қарсақбайдағы тәсілін қолданып іске кіріседі. Алғашқы қара мыс балқымасы сәтімен алынады. Қарапайым қазақтың екі жұмысшысының күрделі технологияны ешқандай оқу бітірмей-ақ жетік меңгергендеріне сонда ірі заводтардан келген мамандардың таңдай қағып таңданғаннан басқа амалдары қалмайды. Жаңағы басшылықпен арадағы тартыстың себеп-салдарларын айқындау үшін қойылымға осы жағдайларды қамтитын бір деталь қосып жіберсе дұрыс болар еді деп ойладық. Сол сәттегі жағдайларға куә болған Төлеген Бүкіров те спектакль кейіпкерлерінің бірі. Оның рөлінде Нұрлыхан Файзиев ойнайды. Тұңғыш балқыманың сәтімен алынған қуанышы үстінде Сұлтекеңнің Төлегенге қолындағы алтын сағатын шешіп беруі де өмірде болған жаймен өзектес екен. Осы спектакльді сахналауға ұсыныс жасап, қойылымға кеңесші болуы да Төлеген Нұрмағанбетұлының өндірістегі ұстазы Сұлтекең ағасына деген ойға алған бір парызының орындалуы екенін ұқтық.
Қойылымның премьерасына ардагерлер, металлургтер әулеттері мен қала жұртшылығы көп келген екен. Сондай-ақ, Сұлтекеңнің ұрпақтары да қатысты. Олардың барлығы шынайы шындықты арқау еткен қойылымның көңілден шыққанына ризалықтарын білдірді. Әсіресе, Ж. Арыстанбековтің бас кейіпкер образын нанымды шығара білгені атап айтылды. Т. Бүкіров осыдан 25 жыл бұрын өндіріс қаhарманы сыйға тартқан алтын сағатын сахна төріне шақырып Сұлтекеңнің конверторшы болып еңбек ететін немересі Абзал Елемесовке сол қалпында қайтаруы да әсерлі сәт болды. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің бас инженері Жасұлан Байниязов пен Жезқазған мыс заводының директоры Саят Әтен де премьераға арнайы келіпті. Сөз кезегін алған олар металлургия майталманының еңбек ерлігін арқау еткен спектакльді сахналаған театр ұжымына алғыстарын білдірді. Сұлтекеңнің балалары әке рухының жаңғыруына арналған шараға ризалық танытып, қойылымның сәтті шығуына мұрындық болған жандардың барлығына сый-сияпат жасады, артистер құрамына ұрпақтары атынан Алғыс хат пен естелік сыйлық тапсырды. Айтпақшы, спектакльдің қоюшы режиссері Теміржан Жанботаев, қоюшы суретшісі Қуат Дүйсенбек.
Амандық РАХҰЛЫ.