Бұдан бұрын («ӨРІСТІ ҚОС ОКРУГ», 17.11.23ж.) «Қарақұм» мен «Байқоңырдың» барын айттық. Шаруашылық шырайын шығарған игі іске шама-шарқымызша тоқталдық. Келесі мақаланы жұртшылықты мазалаған басты-басты мәселеге арнауға уәде бердік. Алайда, аяқ астынан ауырып, ақыры он шақты күн инсульторталықтың дәмін татып, араға уақыт салып алғаныма оқырмандар түсіністікпен қарайды деген үміттемін.
Өткенде қой басының кеміп келе жатқанын еске салдық. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір!» деген қанатты қағида қазір әдірам қалған. Бүгінде бейнеті бес батпан, ал табысы айтуға тұрмайды. Ауылдағылар алдындағы қоралы қойын пұл қыла алмай пұшайман болады. Төккен тері, көрген қиындығы қалтасын қалыңдатпайды, делдалдың қоржынында кетеді. Ол аздай, жылына екі рет қырыққан жүнді сатып алған соляркасын құйып, сай-салаға апарып өртейді.
Мал өнімін ұқсататын қуатты кәсіпорын салынбай бұл мәселе басы ашық күйінде қалатыны анық. Бірақ, ол ауыл түгіл ауданның қолынан келмейтін шаруа екені бесенеден белгілі. Облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың бес жылдық кешенді жоспарында Жезқазғанда келесі жылы ет комбинатының құрылысын бастау көзделген. Өкінішке орай, оған 3,5 млрд. теңге қаржы қарастырып, құлшынып отырған инвестор көрінбейді.
Әрине, алыстағы ауылда шешімін күткен түйткілді мәселе толып жатыр. Оның бәрін қамту қиын. Сондықтан, қанаттас қоныс тепкен қос шаруашылықтағы тығырыққа тіреген «тіршілік нәрі» – су мен азапқа айналған автожол жөнінде ғана әңгімелейміз.
Тығырыққа тіреген тіршілік нәрі
Бүгінде іргелес орналасқан екі шаруашылықтағы жұртшылықтың қабырғасына қатты батып отырғаны – қар суын қажетіне тиімді пайдалану жайы. Келмеске кеткен кеңестік кезеңде Бұланты мен Білеутіні бөгет салып, жырып кетсе, қайта қалпына келтіріп, ауыл-ауылға бұрған еді. Қазір Қарғалы, Жымықы, Бұланты, Білеутімен көктемде тасыған су Шұбартеңізге кетіп жатыр.
Қазақ жасағы мен жоңғар «жан алып, жан беріскен» сұрапыл соғыс өткен, Шақшақ Жәнібек бастаған қазақтың біріккен қолы желіккен жауды жаусатып салған, «Шұбартеңіз шайқасы» деген атпен тарихта қалған тарихи орынның табиғаты, өкінішке орай, сондай қолайсыз. Сортаң, маңайына шөп шықпайды. Қаңсыған жерден қадір қашқан. Жайылымдық жайсыз. Шабындық қу тақырға айналған. Қыл аяғы киікке дейін аялдамай, өтіп кететін көрінеді.
Төрт өзенді бұғаулап бұрса, аумақтағы ірілі-ұсақты сексенге жуық көлшік суға толып, тіршілікке өң кіріп қалар еді. Ол үшін бұрынғыдай бөгет салып, шлюз орнату керек. Әттең, қол қысқа! Биыл маусымда облыстық мәслихаттың агрария, ауыл шаруашылығы, жер және ветеринария жөніндегі тұрақты комиссия отырысында осы мәселе арнайы қаралды. Құдық қазуға кететін шығынның оннан сегіз бөлігін мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырған жөн деген мәмлеге келді.
Ниет түзу! Бірақ, қаншалықты тиімді? Мәселен, биыл «Сарыназар» қыстағында құдық қазылды. 230 метр тереңдіктен су шыққан оның құны 21 миллион теңгеге түсті. Қып-қызыл шығын! Оның үстіне фермер жазға салым жайлауға шыққанда ол құдықты қанжығасына байлай кете ме? Жергілікті тұрғындар бұрын құдыққа телмірмей, көктемгі қар суын тоқтату мен жинау арқылы мал суарғанын айтады. «Қосымша су қоры болмаса, құдық қазумен бұл мәселе шешілмейді», – дейді.
Бөгет пен сайдан, ойпаң жерден аттырылған котлаван қалай кәдеге жарағанын бала кезімізде өзіміз де көрдік. Оларды пайдаланудың өзіндік тәртібі болды. Жердің асты мен үстіндегі су көзі есепке алынып, құдық пен котлаван қазылды. Арнайы карта жасалып, түсініктеме берілді. Қазір облыс аумағындағы су нысаны (су қоймасы мен өзен-көл) Нұра-Сарысу су бассейні инспекциясының бақылауында. Гидротехникалық құрылымның дені тозған.
ҚР Парламентінің депутаты Ерболат Сатыбалдин таяуда сала министрі Н. Нұржігітовке жолдаған депутаттық сауалында Нұра мен Сарысу өзенінің дербес гидрографиялық дренаждық бассейні бар екеніне, бұл бұрынғы әкімшілік-аумақтық құрылымға сәйкес жасанды түрде біріктірілгеніне назар аударып, облыс аумағында су ресурстарын басқарудың жаңа жүйесі қажетіне тоқталды, су шаруашылығы жүйесін реформалау аясында Сарысу-Кеңгір су бассейні инспекциясын құру күн тәртібінде өткір тұрғанын қадап айтты. Егер халық қалаулысының дабылына министрлік жедел құлақ асса, бұл салада оң өзгеріс болар деген үміт бар.
Қалдыбек КӘКІМЖАНОВ, Қоскөл ауылдық округінің әкімі:
– Оңтүстікте – Қызылорда, батыста – Ақтөбе, солтүстік-батыста Қостанай облысымен шектескен Қоскөл ауылдық округі Арал Қарақұмында орналасқан. Малдың оннан сегіз бөлігі құдық және скважинадан суарылады. Пайдалану мерзімі 50-60 жылдан асқан сол су көзі біртіндеп істен шығуда. Оны қалпына келтіру біздің қолдан келмейді. Қомақты қаржы қажет.
Шәріп БЕКЕТОВ, Жанкелді ауылдық округінің әкімі:
– «Байқоңырдың» негізгі бағыты – мал шаруашылығы. Қазір су – өңір үшін ең өзекті мәселе. Кеңес үкіметі кезінде аттырған котлавандардың суы тартылып қалған. Барының жазда суы сасып кетеді. Байқоңыр ауылы аридтік аймақта орналасқан. Құдық қазатын болса су өте тереҢнен, ең кемі 200-300 метрден шығады.
Жол азабын тартқан біледі
Жасыратын несі бар, өсіп-өнген ортаны аңсап жолаушылап шыққанда, «отарбаны» көңіл қалап тұрады. Жанға жайлы, шаршап-шалдықпайсың. Қарашада тағы барып қайттым. Құлын-тайдай бірге өскен, бүгінде ауыл ақсақалына айналып қалған құрбы-құрдастармен кездесіп, мәре-сәре болдық. Өткен-кеткенді қозғап, бір жасап қалдық. Жайсыз әңгіменің шеті шығып, көңілге кірбің ұялаған уақыт та болды.
– Сірә, мынау шойынжолды қаңтармасақ болмас. Әкім де, «қара» да соған мінеді. Жеке шаруасымен қалаға қатынайтын біз жол азабын тартып жүреміз. Бес-алты жыл бұрын жазып, дабыл көтергеніңде бір жобаға келіп қалып еді. Қазір таз қалпына қайта түсті. Сенбесең, көзіңмен көр. Бірақ, жан тыныштығына үйренгендер азаптанып қайтсін?! – деп, базына білдіргесін, қайтарда автокөлікке аяқ арттым.
Иә, жол азабын тартқан біледі. Оған көз жеткізу үшін, Қоскөлге бір барып-қайтсаң, жетіп жатыр. Теміржолдың тұсауы кесілгенде тақияны аспанға атып, көл-көсір қуанышқа кенелгеніміз де рас. Одан пайда болмаса, зиян келмейтініне көңіл сенді. Бірақ, күрежолдың «түбіне жеткен» де сол теміржол екенін ашық айтқан абзал. Құрылыс кезінде ауыр салмақты автоқотарғыш күрежолдың тас-талқанын шығарды. Оны қайта қалпына келтіру ешкімнің қаперіне кірмеді. Қазір Қияқтының көмірін тасығандар одан әрі түбіне жетуде. Қысқасы, Қоскөл мен Байқоңыр арасындағы жол адам айтқысыз күйде.
Күрежолдың қиямет-қайымынан Қарсақбайдың қарасы көрінгенше құтылмайсың. Осыдан біраз бұрын қарашаңыраққа он шақырым қалғанда төселген асфальттің ой-шұқырын биыл жамап-жасқауға тиіс мердігер жол жиегінен қара топырақ алып, бітей салғанын көрдік. Мұндай жауапсыздық та болады екен ғой деп жағамызды ұстадық. Қарсақбай мен Жездінің арасы «жоқтан бар – жақсы» екенін есіңе түсіреді, кей тұсы ойылып қалса да, әйтеуір – көтерме тасжол. «Тәуба!» дейсің.
Егер ресми құжатқа келсек, Жезді мен Қоскөлдің жалпы қашықтығы – 221 шақырым. Осының 181 шақырымы күрежол. Күтіп ұстау – облыстың құзырында. Жауапты – «Жолшы» өндірістік кооперативі (бұрынғы №44 жол-пайдалану телімі). Жолды күтіп ұстауға жылма-жыл облыстық бюджеттен қыруар қаражат қарастырылады. Ал, оның қайда кетіп жатқанын құдайдың құлы білмейді. Өйткені, көзге көрініп тұрған нақты іс жоқ.
Сөздің тоқетері: тас-талқаны шыққан күрежолды кім тәртіпке келтіруі керек? Иелік жасайтын «Жолшы» өндірістік кооперативі ме, әлде салынған теміржолдың бас мердігері «Жол жөндеуші» ЖШС ме? Жырақтан жеткен жанайқайды еститін құлақ бар ма?
Қабен ҚОЖАХМЕТ, Жезқазған қаласының тұрғыны:
– Тамырымыз ауылда жатқан соң, қысы-жазы қатынас үзілмейді. Жер кеңігенде автокөлікпен барғанды ұнатамыз. Сонда қиындықтың көкесін көреміз. Әсіресе, Қоскөл мен Байқоңырдың арасы адам айтқысыз. Көкте – құдай, жерде адам ұмытқан ба дерсің?! Бірақ, шаршап-Шалдыққанымыз ұмытылғанда, тағы жолға шығамыз.
Мұрат АШУБАЙ, Байқоңыр аулының тұрғыны:
– Қарсақбайға қарай асфальт төселетінін естіп, қуанып жатырмыз. Сапасын ойлағанда, көңілге күдік ұялайды. Бұдан 2-3 жыл бұрын Ұлытаудан екі елді мекенге жол салғанда, біреуін ауыл азаматтары бірден бақылауға алған, екіншісіне ешкім мән бермеген. Қазір біріншісі тақтайдай, екіншісі қопсып, қопарылып жатыр, – дейді. Бәлкім, біз де бір тірлігін жасармыз.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Ұлытау ауданы