Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап Балқаш қаласынан 12 шақырым жерде қуаты 50 МВт күн электр станциясы өз қызметін бастады.
Нысан «Қазақмыс Холдингі» ЖШС Отын-энергетикалық кешенінің стратегиясы шеңберінде салынды. Өткен 2022 жылы станция құрылысының 1-кезеңі – «Балқаш СЭҚ 50 МВт» іске асырылған болатын. Сондай-ақ, 2024-2025 жылдарға 50 МВт-тық станциялардың 2-кезеңін салу жоспарланған.
Бұл өнеркәсіптік кәсіпорын жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын және «Қазақмыс Холдингі» ЖШС отын-энергетикалық кешенінің құрамына кіретін «KAZ GREEN ENERGY» ЖШС-ге жатады.
– Біздің негізгі міндетіміз – жабдықты дұрыс пайдалану, өндіріс жоспарына сәйкес электр энергиясын болжау және өндіру, желі арқылы тасымалдау және, әрине, жұмыс орнында қауіпсіздік техникасын сақтау. Нысан 140 гектар жерді алып жатыр, оның 70 гектарына жабдық орнатылды. Қалған 70 га жер 50 МВт 2-кезеңінің құрылысына дайындалған. 1-кезең көлемінде 50 МВт қуатын өндіру үшін 94 150 дана екі жақты фото-электр модульдері, әрқайсысының қуаты 6250 кВ болатын 8 дана инвертор-трансформатор станциялары, 220/20 кВ қосалқы станциясы, ұзындығы 2,5 км 220 кВ әуе желісі орнатылды, «Kazakhmys Distribution» ЖШС тиесілі «Қоңырат» 220/110/10 кВ қосалқы станциясы кеңейтілді, – деп түсіндірді станция бастығы Талғат Босалов.
50 МВт күн электр станциясы жылына 80 млн кВт/сағ астам электр энергиясын өндіруге есептелген және нысан пайдалануға берілген сәттен бастап 117 796 400 кВт/ сағ. электр энергиясын өндірді. Электр энергиясының негізгі тұтынушысы «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС болып табылады.
«Балқаш күн электр станциясының» энергия көзі – орнатылған фото-электр модульдерімен қайта өңделетін күн сәулесі.
Күн электр станцияларының артықшылығы – ресурстардың шексіздігі, өйткені күн сәулелері, мұнай мен көмірден айырмашылығы, жаңартылатын энергия түрлеріне жатады. Сондай-ақ, экологиялық таза өндіріс – көмірқышқыл газының нөлдік шығарындыларымен, сонымен қатар, пайдалану шығындарының төмен деңгейімен сипатталады. Сондай-ақ, электр энергиясын өндіру қозғалтқыштар мен генераторлардың жоқтығына байланысты дыбыссыз жүзеге асырылады. Нысан үшін тағы бір маңызды нәрсе бұл – 25 жылдан астам қызмет мерзімі.
Қазіргі уақытта станцияда 21 адам, Балқаш қаласының жергілікті тұрғындары жұмыс жасайды. Оның ішінде 12 адам жабдықты пайдаланумен тікелей айналысады, қалған 9 адам көмекші қызметке тартылады. Толық қызмет көрсету үшін жеке автопарк: автобус, арнайы ФЭМ панельдерін тазартатын машина, жүк көтергіш және алдыңғы тиегіш, манипулятор, пикап және станция аумағын айналып өту үшін ATV бар.
Ләззат СМАҒҰЛОВА.