Жан азабына салған Жалғыздықтан құтылғың-ақ келеді. Небір айла-тәсілді қолданып, жан серігіңе қол жеткізгің келеді-ақ. Өкінішке орай, қаншама жалғызбастылар демалыс сәттерін телевизорға қарап телмірумен өткізуде. Жалғыздықтың жабырқау көңіл-күйін кешуде. «Жүрек қалауымды кездестіре алмадым», – деген ойға өзін-өзі сендіріп, тағдырдың жазуына мойынсұнатындар қаншама. Қарап тұрсаң, бүгінде орда бұзар отыз жасқа дейін жар құшпаған жігіттер, тұрмысқа шықпай отырып қалған қыздар толып жүр…
Ендігі кезекте екі жанның танысып-білісуіне, бірте-бірте ұғысуына, сүйіспеншілікке бөленуіне себепкер болатын Дәнекер төңірегінде сөз қозғалық.
- дәнекер
<ір бойжеткен поезда келе жатыр. Вагондағы жолаушылардың бәрінің қолында – ұялы телефон. Үлкен-кішісіне дейін соған үңіліп қалған. Әркім өз-өзімен. Жол қысқарту үшін бір-бірімен танысып-тілдесіп, әңгіме-дүкен құру деген атымен ойларына кіріп-шықпайды.
Тек әлгі қыздың қолында ғана – кітап. Жолда оқу үшін алып шыққан еді. Бір сәтте қарсыдағы жас жігіттің назары кітапқа ауды. Сол-ақ екен:
– Қарындас, қолыңыздағы Бексұлтан Нұржекеұлының кітабы екен ғой. Жазғандарын оқығанмын. Ең оқырманы көп жазушы ғой…
Едәуір уақыт өткенде екі жас шүйіркелесе әңгімелесіп отырды. Кітап та, телефон да жайына қалыпты.
Жігіт пен бойжеткеннің танысуына Дәнекер болған кітап еді. Кім біледі, осы екі жастың келешекте ортақ тіл табысуы осы таныстықтан басталуы әбден мүмкін ғой.
Иә, таныстыққа Дәнекер керек. Махаббат жыршысы Бексұлтан Нұржекеұлының туындыларынан осы Дәнекер туралы оқып-білдік. Ерте заманда екі жасқа Дәнекер болуда жеңгелер айрықша белсенділік көрсеткен.
«– Қапаланба, қайным. Жас кезде көңіл шіркіннің ақыл, тақатқа көне бермейтінін білем. Қанша уақыт, қалай ойнап-күлетіндеріңді – оны өздерің біле жатарсыңдар. Жеңгелік жолым, жақындастыру менен болсын. Жақсылап тұрып оңаша жолықтырам, ендігі хабарды өзімнен күт! – деген». «Күтумен кешкен ғұмыр» романынан алынған шағын үзіндіден жеңгелердің қаншалықты Дәнекер болғанын аңғарамыз.
Жеңгелер тәрізді өмірде жақын адамдар да Дәнекер болып жатар еді. «Темір қақпан» повесінен: «Әзілден әріге кетіп, Ақаштың ойы шындап бұзыла бастағанын Қымбат та аңғарған секілді, соңғы бір отырыста: «Бізде басы бос екі-үш әйел істейді, солармен сізді таныстырайыншы», – деп тайсақтады. Онысын Ақаш дұшпан көзі қып жасаған айласы деп ұқты. «Өйтіп жеңгетайлық жасасаңыз, құдашалық міндеттен құтыласыз», – деп бірден ығына жығылды. «Сізге әрқайсысын бір-бірлеп таныстырам. Кездесетін жеріміз – тек ресторан», – деді Қымбат, өзінше мұны шошытарлық шарт қойып».
Бұл жерде Дәнекер болып жүрген құдаша – Қымбат.
Енді «Мұнтаздай Мұмтаз» әңгімесіндегі мына бір кездесуді еске түсірелік:
«… Қойлыбайдың қасындағы келіншекке көзі сонда түсті. Көйлегі де, өзі де өрт боп алаулап тұрғандай көрінеді. Қысылғанынан қызарып, келіншек бұрынғысынан бетер сұлулана түсті. Мұның ашқарақ көзінен қайда тығыларын, қайтіп құтыларын білмей сасып әрі ұялып, самай шашын сипай қойып еді, құлағының үстіне қыстырып қойған бір уыс қысқа шашы сырғып бет-аузын жауып кетті. Оны ысырып, қайта орнына қыстыра қоймақ еді, қобыраған шашы жиыс бермеді. Шашымен алысқан ақ құба келіншек айрықша нұрлы еді.
– Айналайын, неғып шашыңмен алысып кеттің? Бұрын бұл арадан көрмеген сияқтымын, атың кім, қай газетте істейсің, таныс-
тыршы өзіңді!
Әйел мырс ете жаздап, езуін жылдам жия қойды. Қос жанары бір сәт қадала қалып, лып етіп жалтарып кетті. Нұртаң өз кеудесінен бір бұлқыныс байқағандай болды. Дәме шіркін демде оянды.
– Мен мұнда істегелі жеті жыл болды, аға. Атым – Әсеней. Жоқ, олай емес, Әсиә. Әкем еркелетіп Әсеней дейтін, соған ел де, өзім де үйреніп кеткендікі ғой. «Қазақстан әйелдеріндемін».
– Солай ма? Мен әбден ит алғысыз боп қартайған екем, жаным. Жеті жыл бойы сені көрмей келген көзді ойып алып, Кәдірбектің итіне тастаса, сауап.
– Сізде кінә жоқ, аға. «Парасатқа» келгеніңізге бір-ақ жыл болды ғой. Тоғыз қабат үй толған жорналшы, қайсысын тани бересіз. Бірақ мені талай көргенсіз. Қарсы жолыққанда, тоқтай қалып ылғи жол берем. Бірақ бұрылмай өте шығасыз.
– Болды, жаным, ағаңды ұялтып, ары қарай қазбаламай-ақ қой! Қартайғанда да оңбай қартайған екем. Жасартатындай өзің бір ем жасамасаң, кетеуімнің кеткенін көзің көріп тұр ғой.
Сол әзіл, сол кездесу екеуіне дәнекер болды. Бұрын байқамай келген әйелі енді көзіне күнде түседі. Армандап, қиялдап, Нұртаң құдды бозбала күйде. Қызметке келе жатып та, үйге бара жатып та, ұйқының алдында да, оянған сәтінде де Әсенейді бір есіне алмай күн кешпейді. Ойдан басы еш босамайды. Біресе түңіледі, біресе үміттенеді, Әсенейдің қылығын, әйтеуір, анық түсіне алмай дал. Алғаш әзілдескенде-ақ: «Әй, кет әрі емес-ау!», – деп, Нұртаң Әсеней туралы кесіп ойлаған».
Міне, жазушы сипаттағандай, сол кездесу, сол әзіл Дәнекер болған екі адамның ғашықтық сезімін әсерленбей оқу мүмкін емес. Тәтті сезімдер сиқырына арбалған мөлдір махаббат дегенің осындай болмақ.
Әйелдер туралы төгілте жазатын жазушымыз Бексұлтан Нұржекеұлының бастан-аяқ тек диалогқа құрылған «Әйелдерді арбап алатын еркек» әңгімесін езу жимай отырып оқу мүмкін емес. Оны өзіңіз де бастан өткергеніңіз анық. Бұлайша нық сеніммен айтуымыз, бұл жазушының жазғандарын оқымаған адамды таба қоймаспыз. Қарабайыр сөзбен көркем туындының әрін кетірмей, санаторийде жүздескен ер мен әйелдің өзара тілдесуін оқығанымыз жөн болар:
«– Кешірерсіз, бір нәрсе сұрасам, берер ме екенсіз?
– Беруге мүмкін болса, берейін. Бәлкім, сізге бір нәрсені айту, түсіндіру керек шығар?
– Жоқ, беру керек.
– Сіз, немене, мені бір жеңілтек әйел санап тұрсыз ба, әлде әдейі мазақ қылып тұрсыз ба?
– Екеуі де емес.
– Ендеше неғып бірден: «Беру керек» – дейсіз?
– Енді солай болып тұрса, сөйдемегенде кәйтем?
– Ал онда айта қойыңыз, не берейін?
– Ине-жібіңіз болса…
– Түһ! Сөйдемейсіз бе, кісінің зәресін алмай. Келмей жатып киіміңізді жыртып үлгергенсіз бе?
– Сөйттік. Құдай қолапайсыз жаратса, амал бар ма, кигелі жатып спорт кәстөмімді жыртып алғаным.
– Соншама сұраншақтанып жүргенің со ғана ма? Әкеліңіз, кәзір-ақ тігіп бере салайын.
– Жо, сізге болмайды.
– Е, неге?
– Ұйат. Жыртылған жер, құдай ұрғанда, дәл ауым болып тұрғаны.
– Ах-ах-хах-а! Әй, сіз бір сайқымазақ адам екенсіз! Ауыңыз болса, ауыңызды-ақ тігіп берейін. Сонша тіпті тістеп алатын аузы жоқ шығар ауыңыздың?
– Әрине, жоқ. Бірақ ойыңызға әрнеме түсіп, әуре боп жүресіз бе дегенім ғой.
– Түсетін ой, түскісі келсе, онсыз-ақ түсе бермей ме, сіз де қайдағыны айтады екенсіз.
– Қайдан білейін, менікі, әйтеуір, сізді сақтандыру ғой.
– Қандай қамқор адамсыз, тегі!
– Сіздей әдемі әйелге әлдекімнің қамқор болып жүргені жарасып тұрмай ма?
– Қойыңызшы, қырық алтыға келген сары қарын әйелге жарасып тұратын ол не қылған қамқорлық?
– Тұп-тура жыйырма жас кіші екенсіз. Өзіңіз ойлаңызшы, мен секілді бір үлкен адам қамыңызды жеп, қадамыңызды бағыттап отырмаса, сіз секілді жас сұлу жазатайым бірдемеге ұшырап қалуы әбден мүмкін емес пе?
– Е, ол заман басымыздан байағыда өтіп кеткен жоқ па, ағасы. Қазір біз біреуді ұшыратпасақ, бізді бірдемеге кім ұшыратар дейсіз?
– Сіз де баланың сөзін айтады екенсіз. Қырық алтыдағы әйелде бәрі бар: өң де, тәжірибе де, қылық та, қулық та, наз да, қылымсу да, құдай-ау, тағы не еді, бәрі бар. Бәрі бар жерде бәле де бар емес пе? А-а?
– Сізге өзі ине-жіп керек пе, жоқ әлде ине-жіп дегеніңіз мені сөзге тартпақ айлаңыз ба?
– Ине-жіптің керегі де рас, сізді сөзге тартқым келгені де рас.
– Ендеше жүріңіз, ине-жібіңізді алыңыз.
– Е, сөйтіп жөнге көшіңізші.
– Сізге қандай жіп керек, ағы ма, қарасы ма?
– Қайдан білейін? Қайсысы дұрыс болатынын еркек менен гөрі әйел сіз білерсіз.
– Қызық екенсіз, сіздікі тұрған бір міндет қой. Спорт кәстөміңіздің түрі қандай еді?
– Ақшылдау ма, ақ ала ма, қара ала ғой деймін. Мені қыйнай бермей, өзіңіз көріп барып айтыңызшы қандай жіп керегін.
– Сіз, құдай біледі, мені бөлмеңізге алдап-сулап апарып алсам деп тұрсыз-ау?
– Қой, өйдемеңіз. Алдамай-ақ, суламай-ақ, ашықтан-ашық апарайын деп тұрғам жоқ па?
– Кәне, қай бөлмедесіз?
– Әне, анау шеткі.
– О, сіздің бөлмеңіз кең екен. Кәстөміңіз кәне?
– Мына жатқан.
– Бұған, әрине, ақ жіп керек. Қара жіп көрініп қалады.
– Онда ақ жібіңізді беріңіз.
– Сіз не, шынымен-ақ өзіңіз тігіп алмақсыз ба?
– Енді кәйтем? Басқа не амалым бар? Жыртық күйінде киіп шықсам, шипажайдағы көрген жұрт жата қалып күлмей ме?
– Мен-ақ тігіп берейін десем, кәстөміңізді көтеріп бара жатқанымды көрген жұрт жата қалып күле ме деп, мен де қорқып тұрмын.
– Оның жарасы жеңіл. Кәстөмді ары-бері көтеріп жүрмей-ақ, ине мен ақ жібіңізді осында әкеле салсаңыз, не әкеле жатқаныңызды ешкім де білмейді, білмеген соң, жата қалып та күлмейді. Бұл ақылым қалай?
– Ақылыңыз ақыл-ақ.
Оны ұқпаған – ақымақ.
– О, мұныңыз – әрі ақын, әрі ақылды адамның сөзі. Мұндай қарындастың ықыласына біз қарсылық жасай алмаймыз. Бірақ жақсылап дастарқан жасай аламыз.
– Ондай ағалық ықыласқа біз де қарсылық жасай алмаймыз.
– Е, бәсе. Атам қазақ мұндайды түсінісу дейді».
Міне, бұл жерде танысуға, тілдесуге Дәнекер болып тұрған ине-жіп. Сол үшін киімін ол әдейі жыртқан ба деп те ойлар едік. Қалай дегенде де танысуға, тілдесуге Дәнекер керек екен. Ендеше, айтты-айтпады, ер мен әйел арасындағы тәтті сезімге қозғау салатын таныстық Дәнекеріне тап болудың сәтін салғай, тәңірім.
Мұрат АПАҚАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).