Ұлытау облысы «Қоғамдық келісім» КММ және Жезқазған қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен облыстағы ҚХА жанынан құрылған Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл шара 25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күніне орай ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелге облыстық мәслихат депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі, облыстағы әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшелері, Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің мүшелері, Жезқазған қаласы прокурорының орынбасары, қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты. Іс-шараны ашқан қала әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев өз сөзінде тұрмыстағы кез-келген зорлық-зомбылықтың алдын алу қажеттігін атап айтты. Бұл бағытта атқарылып жатқан істерге қысқаша тоқталып өтті. Жиналғандар Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен қоғам болып күресу жөніндегі бейнеүндеуін тыңдады.
Зорлық-зомбылық өз алдына тек жәбірленушілердің құқықтарын ғана бұзып қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі болып табылады. Стастикалық көрсеткіштерге көз салар болсақ, отбасындағы зорлық-зомбылық көбінесе әйел адамдарға қатысты жасалады, егде адамдар мен балалардың да мұндай әрекеттерге тап болатын жағдайлары аз емес. Сондықтан да тұрмыстық зорлық-зомбылық біртіндеп маңызды әлеуметтік проблемаға айналып отыр. Осы жағымсыз әрекеттің алдын алып, онымен түбегейлі күрес жүргізуде қоғамның көзқарасын өзгерту керек. Дөңгелек үстелде сөз алып, ой-пікірлерін білдірген Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ұлытау облысы бойынша өкілі Алмас Нұр, облыс бойынша балалар құқығын қорғау уәкілі Гүлмира Жаппасова, қала прокурорының орынбасары Марат Ақшалов, қалалық мәслихат хатшысы Раушан Қапарова, қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Сабыржан Сейтжанов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков осы жайларға кеңінен тоқталды. Мәселен, Ұлытау облысы құқық бұзушылық бойынша 6-орында тұр. Республикада Ішкі істер органдарына отбасы жағдайларына қатысты құқық бұзушылықты хабарлаған 120 мың қоңырау түссе, Ұлытау облысында полицияға 505 қоңырау шалу арқылы жүгіну фактісі тіркелген. Сонымен қатар қоғамымызда белең алып отырған осы келеңсіздіктің себеп-салдарлары туралы ой қозғаған «Әкелер одағы» РҚБ-нің облыстағы филиалының жетекшісі Еркебұлан Бодықов, қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Түркен Оспанова және басқалар отбасының шырқын алатын құқық бұзушылықтың алдын алуға қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Қазірде әсіресе, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық адам құқықтарын бұзудың ең көп тараған түріне айналуда. Қоғамда тұрмыстық құқық бұзушылықтың қандай түріне болмасын төзбеушілік ахуалын қалыптастыру қажеттігі айрықша айтылды. Дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шаралары туралы заң актісін қабылдау қажет деген ұйғарымға тоқталды.
Өз тілшіміз.