Облыс әкімдігінде «Ұлытау облысының ғылыми-өнеркәсіптік әлеуетін дамыту: өңірдің перспективалары мен бәсекелестік артықшылықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья бастаған ғалымдар мен түрлі сала мамандары қатысқан бұл ауқымды шараны Ұлттық ғылым академиясы және «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қоры облыс әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Онда аймақтың дамуына Ұлттық ғылым академиясы тарапынан кеңінен қолдау жасау жайы ортаға салынды.
Дөңгелек үстелдің ашылуы салтанатты сәтпен басталды. Республика күні мерекесінде биотехнология саласындағы көрнекті ғалым, жерлесіміз К. Д. Закарьяға Ұлытау облысының Құрметті азаматы атағы берілген болатын. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, туған жер төсіндегі іс-шараға бастамашы болып келген Күнсұлу Дальтонқызына мәртебелі атағын облыс әкімінің міндетін атқарушы Ұлантай Үсенов құрметпен тапсырды.
Бұдан кейін дөңгелек үстел басындағы жиынның тізгінін ұстаған ҚР Конституциялық соты төрағасының кеңесшісі, «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қорының құрылтайшысы Арман Қожахметов жаңадан шаңырақ көтерген Ұлытау облысының аяғына нық тұрып, дамуы жолындағы істерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей қолдау білдіріп, Үкіметке өңірді дамытудың Кешенді жоспарын жүзеге асыруды тапсырғанын атап өтті.
Кезегімен сөз алған ғалымдар да облысты дамыту жайын қаузады.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья аймақ мәселелерін шешуге академия қалай көмектесе алады деген тұрғыда әңгіме өрбітті. Ол сонымен қатар, өз сөзінде Қазақстан ғылымының бастауы осыдан 80 жыл бұрын геология-минерология ғылымдарының негізін салушы Қаныш Имантайұлының қолға алуымен осы Жезқазған жерінен қанат қаққанын еске алды.
– Сондықтан ежелгі өндіріс орталығы Жезқазған жерінде ғылымды қайта жаңғыртып, жаңа сатыға көтеруді біз басты борышымыз деп санаймыз. Сол бойынша сіздерге ұсынар біраз ойларымыз бар. Осы шараға әзірлік барысында Ұлытау облысын дамытудың Кешенді жоспарын қарастырдық. Кешенді жоспарда әлеуметтік-экономикалық салалардағы 9 бағытты қамтыған 126 іс-шара қамтылған. Енді осыны ойдағыдай жүзеге асыруда облыстың ғылыми әлеуетін арттыруымыз қажет. Мәселен, өндірісті дамытуды алайық. Өндірісті көтеру үшін ең әуелі білікті кадрлар керек. Оларды өзіміз даярлап өсірмесек, сырттан бұл жерге ешкім келмейді. Сондықтан сапалы білім мен ғылымды көтеру алға қойылуда. Бұл тұрғыда академия байланыстырушы буын ретінде көптеген жұмыстарды атқара алады. Қазақстанда ірі ғылыми орталықтар бар. Өңірлік ғалымдарды сол орталықтарға, академияға да тағылымдамаға жібере аламыз. Ғылымды дамыту үшін жергілікті жерде зертхана, конструкторлық бюро сияқты инфрақұрылымдар болса. Облыс басшылығы жақсы бағдарламалар жасап, Үкіметке ұсына білуі керек, – деді Ұлттық ғылым академиясының басшысы.
Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығының өзекті мәселелеріне тоқталып, ғылыми негізделген ұсыныстарын айтты. Ұлытауда инфляция деңгейінің басқа облыстардан жоғары екеніне назар аударып, бағаны тұрақтандыру үшін көтерме сауда орталығын осы жерде құру қажеттігін, азық-түліктің сенімді көздерін жасау жайын алға тартты.
– Ғалымдар дәнді дақылдардың жаңа сорттарын шығарып жатыр. Бірақ, ол өндіріске белсенді енгізілмей жатыр. Оның себебі тұқым шаруашылығы жолға қойылмаған. Ұлытау облысында да тұқым шаруашылығын құру арқылы көп мәселені шешуге болады. Суармалы жерлерді игеруге көңіл бөлінсе, облыста оның көлемін 4 мың гектарға жеткізу мүмкіндігі бар. Тамшылатып суару технологиясын қолданған жөн. Бізде жер астында да, үстінде де су көздері сондайлық тапшы емес. Жақында Дубайда болғанда байқағаным, оларда жерасты суы мүлдем жоқ. Теңіз суын миллиондаған қаржы жұмсап тұшытып алып отыр. Суармалы жер дұрыс пайдаланылса бақша шаруашылығы дамып, көкөніспен қамтамасыз ету шешімін табады. Сондай-ақ, бізде жылыжай бойынша Голландия ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеу барысында дайындаған жақсы технологиялар бар. Облыста 5 жылыжай салудың мүмкіндігін көріп отырмыз. Сонда тұрғындарды жылына 4 мың тонна көкөніспен қамтамасыз етуге болады, – деп атап көрсеткен А. Күрішбаев одан әрі мал шаруашылығын өркендету жайына тоқталды.
Облыстағы ауыл шаруашылығы алқаптарының 90 %-інен астамы – жайылымдық жерлер. Мал басын өсіруге мүмкіндіктер бар. Ғалым мал шаруашылығын дамыту үшін бірінші жемшөп базасын жасауға, екінші асыл тұқымды малды көбейтуге кеңес берді. Мәселен, облыс шаруашылығында «Сарыарқа» және Еділбай асыл тұқымды қойлары бар-тын. Ғылым академиясының ғалымдарымен бірлесіп оларды әрі қарай дамыту жөнінде ұсыныс жасалды. Мал өнімдерін тереңдетіп және кешенді өңдеу жайы да сөз болды. Сатылымға өңделген ет шығарылуы керек. Қазірде қой мен ешкі сүттері жоғары сұранысқа ие, осыны пайдаланып бұл өнімдерді нарыққа шығаруға болады. Сүт өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтар құру жайы да алға тартылды.
Осы тақырыптарды әрі қарай Академияның Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, PhD докторы Анар Мұхтарова, «Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы» ғылыми-зерттеу институтының сектор меңгерушісі Нұргүл Мелдебекова одан әрі жалғастырып, ауылшаруашылығын дамыту бағытындағы ғылыми жобалармен таныстырды. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «СУ-HUB» директоры, техника ғылымдарының докторы Анатолий Рябцев өңірдегі су ресурстарының проблемаларына тоқталды. Сонымен қатар Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің президент-ректоры Әбділмәлік Тәкішев, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты Төлеген Бүкіров, «Қазақмыс барлау» АҚ басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов, «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ғалымжан Әбдібеков атқарып жатқан жұмыстарын айта келіп, өңірді дамытуға қатысты өз ойларын ортаға салды. Т. Бүкіров өндіріс қалдықтарын қайта өңдеп, бағалы сирек металдар алу, шикізатпен шырмала бермей товарлы өнім шығаруға көшу мәселелерін көтерді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов академияның облысты дамытуға қолдау білдірген бастамаларына ризашылық танытып, ақсақалдар атынан алғысын білдірді.
Келелі басқосуды қорытындылаған Күнсұлу Дальтонқызы академиямен бірлесіп жергілікті жерде жұмыс тобын құрып, өңірді дамытудың негізгі бағыттарын жүзеге асыра бастау жөнінде ұсыныс білдірді. Ұлытау аймағының келешегі зор, соған орай Ғылым академиясы тарапынан тиісті қолдаулар жасалады деген пікірмен түйінделген дөңгелек үстелде облыстың ғылыми әлеуетін арттырудың 8 қадамнан тұратын жоспары бекітілді.
Амандық РАХҰЛЫ.