«Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткені жайындағы ақжолтай хабар баршамыздың төбемізді көкке жеткізді. Ал жиырма миллионыншы тұрғынның жиырмасыншы өңірде, яғни Ұлытау облысында өмірге келуі біз үшін зор мақтаныш».
(Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының
«Фейсбук» парақшасындағы құттықтауынан).
Ақпараттар желісін желпінткен ақжолтай хабарға қарағанда 2023 жылдың 14 қарашасы күні дүниеге келген 5 сәби еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны болды. Солардың қатарында Ұлытау облысының тұрғыны Сұңғат Сейітжанның отбасында өмірге келген кішкентай ханшайым – Томирис те бар.
Осынау жүрекжарды қуанышқа орай облыс әкімінің міндетін атқарушы Ұлантай Үсенов Жезқазған қаласындағы перзентханаға арнайы барып, жас ана Әйгерім Молдашеваны құттықтады. Кішкентай Томиристің анасына Мемлекет басшысының, Ұлытау облысының және Жезқазған қаласы әкімдерінің атынан арнайы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, айтулы оқиғаның құрметіне орай жас отбасыға «Отбасы банк» АҚ-нан 2 млн теңге сомасында сертификат табыс етілді.
Мұндай қуаныштан өңіріміздегі іргелі компания – «Қазақмыс» корпорациясы да сырт қалған жоқ. Компания өкілі, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Мұрагер Шаяхметов перзентханада болып, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС атынан дайындаған сый-сияпаттарды тарту етті.
Орайы келгенде айта кетейік, кішкентай Томирис әкесі Сұңғат Сейітжан мен анасы Әйгерім Молдашованың тұңғыш перзенті екен. Қазіргі уақытта жас келіншектің жағдайы жақсы. Бүлдіршіннің салмағы 3 келі болса, бойы 49 см. Әйгерім Молдашева-
ның айтуынша, қыздың есімін атасы таңдаған.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.