Облыс орталығында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің бірлесе қолға алуымен «Ақсақ құлан» Кетбұқа би атындағы ІІ халықаралық күйшілер конкурсы өтті.
Үлкен дода алдында байқауға қатысушылармен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кетбұқа би мұрасын насихаттау және көне күйлерді жаңғырту мен жаңа есімдерді анықтау мақсатында өтіп отырған байқаудың бәсі жоғары екендігі сөзсіз. Еліміздің тарихында айқын із қалдырған тұлғаның күйшілік қыры бір төбе. Алты алашқа «Ақсақ құлан» күйімен аты жайылған баба есімін иеленген күйшілер сайысының жауапкершілігі де сондықтан тым жоғары. «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ төрағасы Төлеген Бүкіров байқауға еліміздің түпкір-түпкірінен ғана емес, алыс-жақын шетеледерден де келген қатысушыларға сәттілік тіледі. Шәміл Әбілтай, Секен Тұрысбеков, Жанғали Жүзбай сынды қазақ күй өнерінің бүгінгі көшін бастап жүрген танымал күйшілер осынай дүбірлі доданы көзбен көріп, қазылық жасауға арнайы келді. Олар Ұлытау даласының ұлт тарихындағы орнына тоқталып, төгілте күй шертіп берді.
Ұлытау даласын дүбірге бөлеген «Ақсақ құлан» Кетбұқа би атындағы ІІ халықаралық күйшілер конкурсында жұртшылық ән мен күйге, өлең-жырға қарық болды. Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театры сахнасында өткен күй тартысына еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған 20 күйші қатысты. Қытай елінен келген Тойбол Жемісұлы өзі өмір сүріп жатқан өлкеде де қазақилықты сақтап, домбыраны шертіп тұратындығын жеткізді. Ұлытау аспанын күймен тербеген өнерпаздардың өнеріне әділ баға беру де оңай болмағаны анық. Қазылар алқасының төрағасы Жанғали Жүзбайдың сөзімен айтқанда, қазақтың қобызымен де, сыбызғысымен де, домбырасымен де құлаққа жеткен тарихи күйлер, аңызы бар күйлер орындалған байқау өте күрделі байқау болды. Күйшілер тартысы екі бөлімнен тұрды. Түске дейін бірінші кезеңде іріктелген жүйріктердің жүйрігі екінші бөлімде анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйақылар берілді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.