Ата-баба аңсаған азаттық таңы атқан Тәуелсіз елдің өрені ретінде мен ел тарихындағы атаулы күндердің маңыздылығын жақсы бағамдаймын. Ұланғайыр даламыздың ұлтарақтай жерін де жау қолына бермей, бүгінгі күнге аманаттаған сол батыр бабаларымыздың жерінде бақытты ғұмыр кешудеміз. Бұған 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «ҚазССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясының қабылдануы түрткі болды.
Арада жеті жыл өткенде, яғни, 1997 жылдың 25 қазанында мен өмір есігін ашыппын. Еліміз енді егемендігін алып, еңсесін тіктеп жатқан тұста жаңа дәуірдің перзенті ретінде білім алып, қоғамның дамуына адал еңбегіммен үлес қосуды парызым деп білдім. Тәуелсіздік дейтін ұлы ұғымның қасиетін түсіндірген 25 қазан – Республика күнінің мен үшін орны айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы арада бір мүшелге таяу мерзімде қайта жаңғыртқан мереке Тәуелсіздік тарихындағы таңдаулы күн ретінде мәңгіге таңбаланып қалатыны сөзсіз.
Егеменді елімнің дамуына бүгінде Жезқазған мыс қорыту зауытында еңбек етіп келемін. Өзімнің қажыр-қайратымды Қазақстаным үшін бағыттай білсем мен үшін зор мәртебе.
Мадияр Құрманғалиев,
Жезқазған мыс қорыту зауыты іске қосу және жөндеу бөлімінің электрмонтері.