«Облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен облыс аудандары мен қалалары көркемөнерпаздары ұжымдарының шығармашылығына арналған «Ұлы дала өнері» атты фестиваль-байқау өткізілген еді. Бір айға созылған осы өнер бәйгесінің жақында қорытындысы шығарылып, облыс орталығындағы
Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде жеңімпаздарды марапаттау шарасы болды. Салтанатты шара байқау барысында айрықша көзге түскен көркемөнерпаздар ұжымдары мен жеке орындаушылардың қатысуымен өткен Гала концертке ұласты.
Фестиваль қорытындысына арналған салтанатты шарада Халықтар достығы үйінің фоэсінде қолөнер шеберлерінің көрмесі де өткізілді. Оған облыс аумағындағы суретшілер, сәндік қолданбалы өнер шеберлері, зергерлер, өрімшілер мен ұсталар қатысып, өз қолдарынан шыққан туындылары мен бұйымдарын көрсетті.
«Ұлы дала өнері» фестиваль-байқауы көркемөнерпаздар ұжымдары мен халық шығармашылығын одан әрі дамыту, Қазақстан халқының мәдени мұраларын насихаттау, ел ішіндегі жаңа таланттарды анықтап, өнерпаздардың орындаушылық шеберлігін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, фестиваль аясында клубтық үлгідегі мәдени-демалыстық мекемелерін одан әрі жаңғыртып, әлеуметтік жағдайын жақсарту және клуб қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, олардың арасындағы үздіктерін анықтап, ынталандыру мақсатымен «Өнер патшалығы» байқауы да қоса өткізілді. Осыған орай, қазылар алқасы үстіміздегі жылғы қыркүйек айының 8-і мен 29-ы аралығында облыстың аудан-қалаларына арнайы барып, көркемөнерпаздар ұжымдарының шығармашылығын және мәдениет мекемелерінің жұмыстарын барынша саралап, байқау қорытындысын шығарған болатын. Бір айтарлық жай, байқау барысында өнерпаздардың репертуары мен сахна костюмдерінің жаңарғаны да концерт кезінде анық байқалып тұрды.
Гала концерт шымылдығын алғашқы болып Жаңаарқа ауданының өнерпаздары ашты. Көрермен қауым «Назқоңыр» ансамблінің, «Балдәурен» үлгілі би ұжымының және Балтабай Қызыров, Жалын Сыздықов, Бейімбет Сарымсақов, Жалын Көпбосынов сынды дәстүрлі ән орындаушыларының өнерін тамашалап, ризашылықпен қол соқты. Одан әрі концерт бағдарламасы Ұлытау ауданы, Сәтбаев пен Жезқазған қалалары көркемөнерпаздарының өнерімен жалғасын тапты.
Фестиваль-байқауды өткізу ережесіне сәйкес жеңімпаз ұжымдар ақшалай сыйлықпен және дипломмен марапатталды. Бас жүлдеге лайықты деп танылған Жаңаарқа ауданы мәдени-сауық орталығының көркемөнерпаздар ұжымына 1 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды. Бірінші орын екеу – әрқайсысы 800 мың теңгелік жүлдесі бар оған Жәйрем кенті мәдени-сауық орталығы мен Ұлытау ауданының Мәдениет үйінің көркемөнерпаздар ұжымы ие болды. Сәтбаев қаласындағы Ш. Ділдебаев атындағы кеншілер сарайы көркемөнерпаздар ұжымына екінші орын (600 мың теңге), Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығына үшінші орын (400 мың теңге) берілді. Сонымен қатар, өнерімен ерекшеленген жеке орындаушылар мен өнер ұжымдарына ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.
«Өнер патшалығы» байқауына қатысқан мәдениет мекемелері де номинациялар бойынша ақшалай сыйлыққа ие болды. «Ең үздік мәдениет үйі» номинациясына Ұлытау ауданының Мәдениет үйі, «Ең үздік мәдени-демалыс орталығы» номинациясына Жәйрем кентінің мәдени-демалыс орталығы лайық деп танылып, әрқайсысы 1 млн. теңгеден ақшалай жүлдені еншіледі. «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі» номинациясы бойынша Жаңаарқа ауданының Түгіскен және М. Жұмажанов ауылдарынының Мәдениет үйлері, «Ең үздік ауылдық клуб» номинациясында Ұлытау ауданының Сарысу және Шеңбер ауылдарының клубтары жеңімпаз аталды. Бұлардың барлығына 500 мың теңгеден сыйлық берілді. Ынталандыру сыйлықтары да болды. Сонымен қатар, көрмеге қатысқан қолөнер шеберлеріне де марапаттар жасалды.
«Ұлы дала өнері» фестивалінде Гран-При номинациясына ие болған Жаңаарқа ауданы мәдени-сауық орталығының көркемөнерпаздар ұжымы үздіктер ретінде облыстың қалалары мен аудандарында өнер көрсетуге жолдама алды.
Амандық РАХҰЛЫ.