Қарсақбай зауытының құрылысы ағылшын іскерлерінің қолға алуымен 1913 жылы басталғаны белгілі. Алайда, бірінші дүниежүзілік және азаматтық соғыстардың салдарынан олардың мақсаты толық жүзеге аспай, өндірістің жұмысы тоқтап қалған-тын. Содан кейінгі кезеңде зауыт кеңестік мамандардың күшімен 1928 жылы іске қосылып, қазан айында қазақстандық алғашқы мыс алынды. Сөйтіп, Қарсақбай Қазақстан өнеркәсібінің тарихына түсті металлургияның негізін қалаушы кәсіпорын ретінде енді. Осында еңбек жолын бастап, шыңдалған жұмысшы өкілдерінің ұрпақтары байырғы өндірісті қасиетті қарашаңыраққа балайды. Олары орынды да. Қарашаңырақтағы зауытта алғашқы мыс балқымасының алынғанына биылғы 19 қазанда 95 жыл толады. Тоқсан бес жыл – ғасырға жуық кезең. Содан бергі уақытта Қарсақбай өсіп-өркендеумен қатар, талай шырғалаң жағдайды да бастан өткеріп, тоқыраудың толқындарына төтеп беріп келеді.
Жезқазған кеніштерінде өндірілген кен 45 жылдай Қарсақбайда өңделіп, мысқа айналған айтулы кезең ел есінде. Ұлы Отан соғысы жылдарында зауытта әскери құралдар шығаратын қосымша цех та ашылды. Майданға жөнелтілген әрбір он оқтың төртеуі осында балқытылған мыстан жасалған деген де дерек бар. Жемісті еңбек пен жеңіске толы даңқты кезеңдер еді ол. Мысты өңірдің тарам-тарам тарихына үңілер болсақ, өткен ғасырлар қойнауына қарай жетелей береді. Өңірдегі алғашқы өндірістік мыс кәсіпшілігін 1847 жылы орыс көпесі Н. Ушаков ашқан еді. Кейін орыс көпестері бай кен орындарын иеліктеріне алғанымен жиырмасыншы ғасырдың басына дейін өңірде мыс өндіру дамымады. Ағылшын геологы Х. Болл Жезқазған қойнауындағы қазба байлықтарына зерттеу жүргізіп, мыс қорының мол екеніне көз жеткізсе керек. Содан бастап ағылшын миссионерлері де осы өңірдің кен байлығына қызыға қарағаны белгілі. Лондонда 1904 жылы ағылшын-француз іскерлерінің ынта білдіруімен құрылған «Атбасар мыс кентасы» акционерлік қоғамының қолына көшкеннен кейін ғана Жезқазған қазба байлықтарын игерудің алғашқы қадамы басталды. Қарсақбайдың іргесі 1911 жылы қалана бастады. «Спасск мыс кені» АҚ-ның 1912 жылғы желтоқсан айындағы жалпы жиналысы Жезқазған кені негізінде мыс қорыту зауытының және байыту фабрикасының құрылысын бастау жөнінде қаулы қабылдайды. Ағылшындар 1907 жылдан бастап алғашқы шахталарды қазып, одан соң 1913 жылы Қарсақбай зауытын салуға кіріседі. Олардың балқытуға дайындаған мыс кенінің көлемі сол уақытта 37 500 тонна болған екен. Алайда, олар кен көзінің тереңіне бойламай, жер бетіне жақын мысы мол жерлерді ғана игерген. Жезқазғанның мол байлығын тереңдеп зерттеп, болашағын толық көрсете білу Қаныш Сәтбаев пен оның шәкірттерінің үлесіне тигені белгілі.
Қазан төңкерісінен кейін істен шығып қалған бұл өндіріс орнын қалпына келтіруді кеңес өкіметі 1926 жылға қарай кеңінен қолға алды. Сол кездері Томск технологиялық институтын бітіріп келіп, «Атбасартүстіметалл» тресінде инженер-геолог, бас геолог және Қарсақбай комбинаты жанынан құрылған геологиялық барлау бөлімінің бастығы болған кездің өзінде-ақ өрімдей жас Қаныш Жезқазғанның таңғажайып зор болашағын дәл болжап, батыл да байсалды ғылыми шешімдер жасайды. «Қарсақбай — Үлкен Жезқазғанға апаратын сара жолдың алғашқы баспалдағы ғана, ал Жезқазған-Ұлытау өңірі кешікпей-ақ Сарыарқа төсіндегі белді индустриялы өлкеге айналады», – деген еді сонда көреген ғалым. Айтса айтқандайын, Жезқазған кенін игерудің және қанат жаюының бұдан былайғы өсу баспалдақтары тікелей Сәтбаев есімімен тығыз байланысты болды. Ол кезеңде бұл жердің болашағына сеніммен қарайтындар аз, күдікпен қарайтындар көп еді. Алайда, данышпан ғалым көптеген құнды зерттеулер жүргізіп, өз тұжырымдарын Одақ ғалымдары алдында дәйектілікпен дәлелдей білді.
Қ. Сәтбаев 1934 жылы Ауыр өнеркәсіп халық комиссары С. Орджоникидзенің қабылдауында болған соң тоң жібігендей болып, Үлкен Жезқазғанға деген көзқарас өзгере бастайды. Бірақ, әртүрлі ведомстволық кедергілер салдарынан іс барысы созбақталып, Жезқазған комбинатын салу туралы қаулы 1936 жылғы 25 наурызда қабылданады. Байыту фабрикасы, жылу-электр орталығы салынатын болды. Үкіметтің қаулысына сәйкес Нілді-Жезқазған теміржолының құрылысы 1936 жылы басталды. КСРО Түсті металлургия министрлігінің бұйрығымен 1943 жылы Жезқазған мыс комбинаты құрылғанда оның құрамында Қарсақбай мыс зауыты мен Байқоңыр көмір ошағы және 17 шахта мен 3 карьер болды. Үлкен Жезқазған кенті 1954 жылы қалаға айналып, 1966 жылы жаңа мыс зауытының құрылысы осында басталды. Қарсақбайдан бастау алған мысты өңірдің құлашы осылайша кеңейе түскен болатын.
Қарсақбай мен Жезқазған — бұл екеуі егіз ұғым. От ойнатып, мыс балқытқан металлургтер әулетінің барлығы қарашаңырақ Қарсақбайдан шыққандар мен солардың ізбасарлары. Қазіргі мыс өндірісінде солардың ұрпақтары еңбек етуде. Жезқазған мыс қорыту зауытының бірінші кезегі 1971 жылы іске қосылып, 23 ақпанда тұңғыш мыс балқымасы алынды. Ал, осыдан тура екі жылдан кейін 1973 жылы 21 ақпанда электр пеші іске қосылып, бірінші штейн конверторға құйылды. Негізінде, Жезқазған мыс қорыту зауыты Қазақстан түсті металлургиясы алыптарының қатарында саналатын. Құрамында штейнге бай кремнийлі мыс концентратын электр қуатымен балқытуға негізделген зауыттың технологиясын кезінде «Гипротүстімет» ғылыми-зерттеу институты жобалап, оның құрылысына Кеңес одағының түсті металға қатысты көптеген ғылыми ұйымдары мен кәсіпорындары атсалысқан болатын. «Қарсақбайдан келгендер осы күрделі мыс балқыту үдерісін алып кете алар ма екен» деген күдік білдірушілер де болыпты сол кезде. Қарсақбай зауытында Мұзафар Жүсіпов, Қозыкен Жанпейісов, Еркөз Елеукенов сынды атақты металлургтер болған. Солардың мектебінен тәлім алған балқытушылар жаңа технологияны да жатсынбады. Оразалы Мейрамов, Қойшыбек Доспанов, Смағзұм мен Тағанбай Салқауовтар және басқа да мыс өндірісінің өрендері Қарсақбайда қалыптасып, жаңа зауытқа ауысқанда Жезқазғанның даңқын арттырды. Сонымен қоса, жергілікті кадрлардың көпшілігі күрделі технологияны игеру үшін Норильск, Алмалық, «Печенганикель» кен-металлургия комбинаты, Пышма мыс-электролит зауыты сияқты КСРО түсті металлургиясының салалас кәсіпорындарына барып оқып үйреніп, іс-тәжірибе жинақтап келген еді. Қарсақбайдан бастау алған металлургтер мектебінің жақсы дәстүрлері бүгінге дейін жарасымды жалғасын тауып келеді.
Қарсақбай десе, еске Қадыр Мәткенов ағамыз түседі. Сонау Көкше жерінен өрімдей жас кезінде келіп, түсті металлургияның қарашаңырағында жарты ғасырға жуық еңбек етсе, соның 33 жылында басшылық қызметте болды. Нарық заманы келген қым-қуыт кезде металлургия зауытын тоқтатып, көне өндірісті біржола жауып тастау мәселесі көлденеңдегенде жоғары жаққа барып жүріп сақтап қалған Қарсақбайдың кейінгі иесі де, киесі де осы Қадыр марқұм болатын. «Ат тұяғын тай басар» демекші, зауыттың қазіргі директоры Қадекеңнің баласы Мұрат Мәткенов әке жолын абыроймен жалғастыруда. Қарашаңырақтан бастау алған осындай өнеге тұтар үрдіс көп мұнда. Сол қатардағылардың есімдерін атайтын болсақ, Төлеген Әбдірахманов, Игнатий Ли, Қуанышбек Бексұлтанов, Шахмардан Әубәкіров, Сұлтанбек Елемесов деп әрі қарай жалғастыра беруге болады.
Қарсақбай мыс қорыту зауыты 1975 жылы негізгі өндірісін тоқтатып, мыс балқыту эстафетасын жаңадан бой көтерген Жезқазған зауытына бергенмен, ондағы еңбек тынысы толастаған жоқ. Алайда, тығырыққа тірелген жағдайлар да жоқ емес. Тәуелсіздік жылдарының өзінде Қарсақбай зауытын жабу жөнінде бірнеше рет ұйғарым жасалып, әйтеуір, халықтың жанайқайына құлақ асқан жанашыр жандардың қамқорлығымен аман қалып келеді. Қазірде мұндағы өндірісте 150-дей адам еңбек етуде. Шойын құю цехы жұмыс істейді. «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің кәсіпорындарының тапсырыстары бойынша кен-металлургия жабдықтарына қажетті қосалқы бөлшектер құйылады, механикалық бөлімде түрлі темір бөлшектер жасалады. Сонымен қатар, Қарсақбай зауыты шағын кенттің барлық инфрақұрылымын ұстап отыр. Әлеуметтік мәселердің оңтайлы шешілуіне де атсалысып отырады. Тұрғындарды шаруашылық-ауызсумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуде. Оның бұдан әрі де қалыпты жұмыс істеуі «Қазақмыс» корпорациясының көңіл бөлуіне тікелей байланысты. Зауыт еңбеккерлері мен кент тұрғындары ежелгі өндіріске корпорация тарапынан ойдағыдай қолдау жасалып отырғанына ризашылықтарын білдіруде. Қарашаңырақтың қасиетін осылайша бағалай білген де дұрыс-ау.
Амандық РАХҰЛЫ.