«Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік». Үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың осы бір өміршең өсиеті бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Өйткені заман талабы сол – біліммен ғана күш сынасып, бәсекеге түсетін кезең бұл. Сондықтан әлемде болып жатқан қиындықтарға қарамастан, білім беру саласы өз жұмысын жүйелі түрде жалғастырып, керісінше, дамудың жаңа сатысына көтерілгендей. Міне, осы бағытта өңіріміздегі білім беру саласы қандай биіктерді бағындырып, алға қандай мақсаттар қойды. Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Сапура Төлековамен арадағы әңгіме осы тақырып төңірегінде өрбіді.
– Сапура Сейдуалиқызы, жаңа оқу жылының басталуымен және биыл тұңғыш рет ресми түрде бекітілген Ұстаз күнімен «Мысты өңір» газетінің қалың оқырмандары атынан құттықтап қойсақ.
– Рахмет! Иә, игі тілектің ерте-кеші жоқ. Оның үстіне Ұстаз күні биыл ресми түрде 5 қазан күні болып бекітілді. Күні кеше ғана еліміздегі күллі ұстаздар қауымы өздерінің төл мерекелерін атап өтті.
– Әңгімемізді өткен оқу жылының қорытындысымен бастасақ. «Балапанды күзде сана» деген тәмсілге сүйенсек, қанша түлек жоғары, қанша бала арнаулы орта білім беру орындарына түсті. Қанша түлек грантқа ие болды?
– Өткен оқу жылында облыс бойынша жалпы 11-сыныптарды 1597 оқушы, 9-сыныптарды 3440 оқушы тәмамдап, қолдарына мемлекеттік аттестат алды. Негізгі мектепті тәмамдағандардың 224-і «Үздік аттестат» иегері атанса, 65 түлекке «Алтын белгі» аттестаты тапсырылды. 1114 түлек жоғары оқу орындарына түсті, оның 65,5 %-ы грант арқылы білім алуда.
Биыл жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, 90 орынға Ұлытау облысы әкімінің гранты тағайындалды. Өкінішке орай, тек 12 талапкер ғана грант иегері атанды. Оның ішінде 11 талапкер жергілікті Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне, 1 талапкер Алматы логистика және көлік академиясына оқуға қабылданды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен тамыз айында Ұлытау техникалық университеті құрылды. Бұл университет – еліміз бойынша тәуелсіздік жылдарында ашылып отырған тұңғыш мемлекеттік университет. Қазіргі уақытта, университетті мемлекеттік тіркеу, бағдарламалар әзірлеу, лицензиялау жұмыстары қолға алынды. Келесі оқу жылынан бастап студенттер қабылдайды. Бұл университет біздің жастар үшін жақсы мүмкіндіктерге жол ашады.
Техникалық және кәсіптік білім беру үшін 2050 орынға (республикалық бюджеттен – 500, жергілікті бюджеттен – 1550) мемлекеттік тапсырыс берілді. Оның ішінде, техникалық бағытта – 1354, медициналық бағытта – 250, қызмет көрсету саласы бойынша – 187, педагогикалық бағытта – 179, өнер бағытта – 48, экономика саласында 32 орынға грант қарастырылды. Бұл жоспар 84 % орындалды, яғни техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына жаңа оқу жылында 1720 оқушы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім алатын болады.
– Жаңа оқу жылында «мынау» деп атап көрсететіндей тың жаңалық бар ма?
– Бар. Мәселен, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының жалпы білім беретін мектептерінің 10-сынып оқушыларына жұмысшы біліктілігі бойынша білім беру бағдарламаларын оқыту бағытында эксперименттік жоба енгізіліп, 60 оқушы мектептегі біліммен қатар жұмысшы мамандықтарын игеруге мүмкіндік алды.
Жезқазған технология және сервис колледжінде № 13 мектептің 30 оқушысы «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету» мамандықтары бойынша, Сәтбаев индустриалдық колледжінде Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейдің, Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның, Абай атындағы № 4 мектеп-лицейдің, Әлкей Марғұлан атындағы, Қ. Сәтбаев атындағы және №№ 3, 5, 7, 14, 25, 27 жалпы білім беретін мектептердің 30 оқушысы «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша сабақтан тыс уақытта білім алуда.
Биылғы оқу жылында облыс бойынша 2 колледжде 3 жаңа мамандық ашылды. Жаңадан ашылған «Негізгі мектептегі шетел тілі», «Ветеринария», «Экология және табиғатты қорғау қызметі» мамандықтары бойынша 59 студент қабылданды.
Сәтбаев қаласының білім бөлімінің білім беретін мектептері мен Жезқазған қаласы білім бөлімінің № 13 жалпы білім беретін мектебі және колледждер (Сәтбаев индустриалды колледжі, Жезқазған технология және сервис колледжі) жұмысшы мамандықтары бойынша жалпы 60 оқушы қабылдады.
– Қазір жыл сайын бала саны артып келеді. Өңір мектептерінің оқушы саны, ұстаздарының білім деңгейі туралы айтып өтсеңіз.
– Ұлытау облысы құрылғаннан бері халық саны, тиісінше бала саны да артты деуге болады. Өткен оқу жылында облыстағы орта білім беру ұйымдарында 39 518 оқушы болса, жаңа оқу жылын 40 646 оқушымен бастадық. Әсіресе, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында оқушы саны өткен жылмен салыстырғанда мыңнан астам балаға көбейген.
Қазіргі күні облыста 88 (бастауыш мектеп – 4, негізгі мектеп – 12, орта мектеп – 72) мектеп болса, оның 49-ы қалаларда орналасқан. 2 мамандандырылған мектеп, 1 жекеменшік мектеп, 35 шағын жинақы мектеп бар.
Облысымыздың білім саласында 6 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Cоның ішінде 90-ға жуық зейнеткер білім беру саласында әлі де талмай қызмет етіп жүр. Білім беру ұйымдарындағы педагогтардың 10 %-ы шебер және зерттеуші, 21 %-ы сарапшы біліктілік санаты бар педагогтар.
– Мұғалімдер өздерінің білімі мен біліктіліктерін жетілдіруі үшін өңірімізде қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
– Жаһандық өзгерістер мен технологиялық серпіліс кезеңінде адам қалыптастыру үшін педагогтар «өмір бойы білім алу», «үздіксіз даму» қағидатын ұстануда. Педагогтардың кәсіби дамуына қолдау көрсету үшін Ұлытау облысының әдістемелік орталығы құрылды. Сонымен қатар, «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының өкілдігі, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББ Педагогикалық шеберлік орталығының өкілдігі ашылды.
Сондай-ақ, «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қоры» ҚҚ «Ustaz-Ulytau» жобасы Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының педагогтарын және оқушыларын дамыту бағытында айтарлықтай қолдау көрсетуде.
Педагогтардың кәсіби дамуына оң ықпал ететін тәсілдің бірі – кәсіби серіктестік. Мектептер өзара ортақ мәселелерді шешуде, жаңа идеяларды енгізуде серіктес, сыншы дос, команда болып жұмыс істеуі тиімді. Облыстық әдістемелік орталық пен білім бөлімдері осы жұмысты негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгілеп отыр.
Педагогтардың республикалық, халықаралық деңгейдегі озық мектептердің тәжірибесімен танысуына көңіл бөлінуде.
– Мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер мамандармен толық қамтамасыз етілген бе? Қандай мамандықтар жетіспейді?
– Жаңа оқу жылында 345 педагог жұмысқа қабылданды, оның ішінде 155 педагог жоғары немесе кәсіптік-техникалық оқу орындарын биыл тәмамдаған жастар. Білім беру ұйымдарында әлі де 300-ден астам маманға қажеттілік бар.
Ұлытау облысының білім басқармасы мен білім бөлімдерінің қызметкерлері 2023 жылдың сәуір-мамыр айларында еліміздің 6 ЖОО (Қазақ ұлттық қыздар университеті, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институты, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті) педагогикалық мамандықтар бойынша түлектермен кездесіп, Ұлытау облысындағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат берді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мүмкіндіктері, әлеуметтік жеңілдіктер туралы түсіндірілді. Ақпараттық кездесулерге 1398 түлек қатысты.
Сонымен қатар, маусым айында «Педагог GO!» бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған шарада балабақша, мектеп, колледж, қосымша білім беру, арнайы білім беру ұйымдарының басшылары үміткерлерге білім беру ұйымдарындағы вакансия бойынша біліктілік талаптары, лауазымдық міндеттер, еңбек жағдайы, (тұрақты, уақытша, толық емес, т.б), еңбекақысының мөлшері, педагогикалық жүктеме, конкурс өтетін мерзім, конкурс талаптары туралы толық ақпарат берілді.
Жәрмеңкеге педагогикалық колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерімен қоса педагогикалық білімі бар жұмыссыз 105 адамдар келіп қатысты.
– Осы орайда мынадай да бір сұрақ туындайды. Өңіріміздегі мұғалімдер даярлайтын жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген түлектер диплом алған соң жұмысқа орналаса алып жүр ме?
– Жоғарыда аталғандай, жас мамандарды ауылдық жерге жұмысқа ынталандырудың бір тетігі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. Ауыл мектептеріндегі бос жұмыс орындарына шақырылған педагогтар бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалануда. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктер мамандарды тұрғын үймен қамтуға жақсы қолдау көрсетіп жатыр. Кейбір ауылдардағы уақытша бос жұмыс орындарына (бала күтіміне байланысты демалыстағылардың орнына) орналастырылған педагогтарға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы ұсынып отырған мүмкіндіктер қарастырылмайды.
Биыл облыстағы колледждерді 1794 студент аяқтаса, оның ішінде 182 студент педагогикалық мамандық бойынша диплом алды. Техникалық және кәсіптік білім бойынша диплом алғандардың ішінде 65 түлек өздерінің мамандықтары бойынша жоғары оқу орнына түсіп, 62 түлек облыстың білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылданды.
– Мұғалім беделі туралы заң өз нәтижесін бере алды ма? «Ұстаз. Оқушы. Ата-ана» үштағанының арасындағы байланыстың қазіргі деңгейі қандай?
Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес педагогтың ерекше мәртебесі айқындалған және де бұл оның кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайды қамтамасыз етеді. Педагогтардың балаларына балабақша бірінші кезекпен берілетін болды, 2020 жылдан бастап педагогтардың еңбекақысы 2 есеге дейін өсті, бірқатар үстемақылар қарастырылды (магистрлік дәреже үшін, спорттық секциялар өткізгені үшін, сынып жетекшілік үшін, кәсіби біліктілік үшін).
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтарға бір реттік ақшалай сыйақысы қарастырылған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы беріле бастады. Республика бойынша аталған мемлекеттік награда иегерлері санаулы ғана, соның ішінде біздің облысымыздың осы дәрежеге жеткен бір педагогтың болуы – біз үшін мақтаныш. Жаңаарқа ауданының Ақтау ЖББМ директоры Мақсат Әнуарұлы Арунов өзінің ұжымымен пандемия кезінде интернеті жоқ ауылда онлайн оқытудың оңтайлы шешімін қолданып, білім беру үрдісін тоқтатпағаны үшін осындай жоғары марапатқа ие болған.
Биыл 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтарының жалақысы 30 пайызға көтеріліп отыр. Бұл өз кезегінде облыстағы 1 мыңнан астам мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтарын қамтиды.
Өткен жылы облыстың 2 педагогы – Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Динара Қапарова, Сәтбаев қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-лицейдің математика пәнінің мұғалімі Бақыткүл Қалмекеева «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы атанса, 4 педагог, атап айтқанда Сәтбаев қаласындағы Абай атындағы № 4 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлсім Баяхметова, Жаңаарқа ауданының Е. Шаханов атындағы Тірек мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қылыш Жукенов, Сәтбаев қаласындағы С. Сейфуллин атындағы гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Виктория Ульянова, Сәтбаев қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Света Кенжегозина облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып, бір реттік ақшалай сыйақы алды.
«Ұстаз. Оқушы. Ата-ана» үштағанының арасындағы байланыстың дұрыс құрылуы – ұрпақ тәрбиесіндегі ең тиімді серіктестік. Бұл міндетке білім саласы бұрыннан да басымдық беріп келеді. Биыл құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қабылданды. Бұл бағдарлама барлық мемлекеттік құрылымның ұрпақ тәрбиесіне бағытталған бірлескен іс-қимылын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, барлық білім беру ұйымдарында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары» жұмысын бастады. Аталған орталықтарда балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ата-аналар үшін ағарту жұмыстары жоспарланған.
– Өткен жылы мектеп директорлары ауыстырылды. Бұған не себеп болды. Бұрынғы директорлардан кеткендері, орнына жаңадан келгендер болды ма? Әлде бірінің орнын бірі алмастырап қана қойды ма?
– Министрлік бекіткен қағидаға сәйкес білім беру ұйымдарының басшылары 7 жылда ротацияланады. Өткен оқу жылында облыс бойынша 3 басшы ротацияланды.
Ротация білім беру басшысының басқару құзыреттілігін жетілдіруге, мектеп тәжірибесін жақсартуға тиімді шешім.
Сонымен қатар, өткен оқу жылында 3 директор зейнеткерлік демалысқа шықты, 1 директор өзінің өтінішімен сабақ беруге ауысты, конкурс арқылы 10 директор жаңадан тағайындалды. Қазіргі уақытта облыс бойынша 17 білім беру ұйымының (бөбекжай, мектеп, өнер мектебі, жасөспірімдер-шығармашылық орталығы, түзету кабинеті) басшысы лауазымы вакансияда тұр.
– Әңгімемізді әріптестеріңізге айтар жылы лебізіңізбен түйіндесек.
– Мұғалімдік – мамандық, ұстаздық – мұғалімдік мамандықтың биік шыңы. Әрбір мұғалімнің ұстаздық мәртебеге жетуіне тілекшімін. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мына бір ойын әріптестерім жүрек түбіндегі ұстаным етіп алса екен деймін: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім».
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.