Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде Жезқазған қаласы әкімі Қайрат Шайжанов халықпен кездесу өткізді. Кездесуге 150-ге жуық тұрғын қатысты.
Қазіргі уақытта қала тұрғындарын ыстық су мәселесі, жолдардың жай-күйі және жылыту маусымына дайындық жұмыстары алаңдатуда. Ең алдымен қала әкімі ол осы мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпар берді. Магистральдық және орамішілік желілердің тозуына байланысты құбырларды ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта орамішілік желілерді жөндеу жұмыстары аяқталды. Өңір басшысының тапсырмасы бойынша алдағы жылыту маусымында 4 қазандық агрегаты жұмыс істеуі тиіс: бұл – бесінші, алтыншы, жетінші және он бірінші қазандықтар. Сонымен қатар, 30 қыркүйекте күрделі жөндеуден өтетін төртінші қазандықты қосу туралы ұсыныс енгізілді. Жалпы, 9-шы қазандық қондырғысында 60 адам жұмыс істейді. Ол 15 қарашаға дейін қосылады деп күтілуде.
– Өздеріңізге мәлім, өткен жылу беру маусымы қалада күрделі жағдайда өтті. Екі-үш рет жылу беру тоқтап та қалды. Мұның бәрі жылу желілерінің тозғандығының салдары. Сондықтан біз желілерді жылдағыдай там-тұмдап емес, молынан айырбастауды жөн деп шештік. Бұл бағытта облыс әкімінің де нақтылы тапсырмасы болды. Сөйтіп, қалада маусым айынан бастап ыстық су тоқтатылды. Алашахан даңғылынан Анарқұлов көшесіне дейінгі және Анарқұлов көшесінен Байқоңыров көшесіне дейінгі аумақтардың жылу құбырлары ауыстырылып жатыр, – деді әкім өз сөзінде.
Қала әкімінің баяндамасынан кейін қала тұрғындары жеке тұрғын үйлер мен жол мәселесі бойынша сұрақтарын қойды. Сейфуллин мекенжайындағы №59 үйдің тұрғыны жылудың жоқтығына және ыстық судың әлсіз қысымына шағымданды. Кездесуге қатысушының өтінішін тыңдап, қала басшысы жауапты тұлғаларға осы мәселені шешу жолдарын табуды тапсырды.
Кездесудің тағы бір қатысушысы – Бекболатсай шағынауданының тұрғыны бірнеше сұрақпен жүгінді. Шағынауданда 20-ға жуық көше бар, бірақ олардың тек үшеуінде ғана қатты асфальт жабыны бар, сонымен қатар көптеген телімдерде ойын алаңдары жоқ және кәріз құбырлары тартылмаған.
Қала басшысы бұл мәселелер бойынша да байыпты жауап қайтарды.
– Биыл қала көшелеріне техникалық сараптамалар жасалатын болады. Соған сәйкес, келер жылы кейбір аймақтарда жөндеу жұмыстары қолға алынады. Өздеріңіз көріп отырғандай, балалар мен егде кісілердің батпақтамай жүріп-тұруы үшін құм мен қиыршық тас араластырып уақытша жол салып қойдық. Ал, оларды асфальттау кәріз желілерін тарту жұмыстары аяқталған соң ғана қолға алынады. Мұның сыртында шағынауданға газ тарту жұмыстары аяқталды, – деді Қайрат Шайжанов көтерілген мәселеге орай.
Кездесуде тұрғындар жол жөндеудегі олқылықтарды да кеңінен сөз етті. Осы орайда қала әкімінің жол құрылысына жауапты кейбір мердігерлерді кездесуге келіп, ел алдында түсінік беруге шақырғанын да айта кеткен ләзім. Мәселен, қала әкімінің жол жөндеу бойынша тендерге қатысып, оны ұтып алған Берік Жағыпаровқа жолдаған бейнежазбасы әлеуметтік желілерде қызу талқыланды да.
Алқалы жиында тозығы жеткен тұрғын үй мен сарсаң еткен су мәселесі, балалар алаңдары мен қоқыс контейнерлеріне де қатысты әңгімелер қозғалды. Қала әкімі 3 сағат бойы тұрғындардың шағымдарын тыңдап, айтылған сын-ескертпелерді назарға алды. Әрине, көтерілген мәселелерге қатысты сала басшылары мен мамандарына да қадау-қадау міндеттер жүктеді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ,
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.