Зымыран-ғарыш қызметi шоғырланған аймақта оның адам денсаулығына қаншалықты қауiптi екенi бесенеден белгiлi. Қанша жамап-жасқап, оның ғылымға, халық шаруашылығына тигiзетiн пайдасын алға тартып, жуып-шайғанмен шындықтан шалғай кете алмайсың. Мәселен, баллистикалық зымыран мен зымырантасығыш ұшырылғанда оның зардабы, нысан күрделiлiгiне қарай, көтерiлген алаңынан бастап 800-2500 шақырым қашықтыққа сезiледi екен немесе 1500-5000 шаршы шақырымда зиянды «дақ» қалатын көрiнедi.
1991 жылы Москвадағы «Бiлiм» баспасынан шыққан «Ғарыш және экология» мақалалар жинағында осы жөнiнде жан-жақты жазылған. Мәселен, Қазақстан аумағында РФ Қорғаныс министрлiгiнiң бес әскери полигоны бар. Соларды саусақпан санап, қысқаша қызметіне тоқталайық.
Бiрiншiсi, Астрахань облысының Ахтубинск қаласындағы В. Чкалов атындағы № 929 ұшу-сынақ орталығы. Оның Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында орналасқан әскери полигонында қару үлгісі жаздық сынақтан өткiзiледi, РФ Әскери-теңiз флоты әскери жаттығу жасайды. Екiншiсi, зымыранға қарсы және әуе шабуылынан қорғанатын қару мен әскери техниканы, сондай-ақ, стратегиялық мақсаттағы зымыран әскерi мен әскери-теңiз флотының баллистикалық зымыранын зерттеу мен сынақтан өткiзуге арналған, өзіміз «Сарышаған» атап кеткен, № 10 сынақ полигоны.
Үшiншiсi, Ресейдiң Астрахань (Капустин Яр) және Қазақстанның Батыс Қазақстан облыстарында орналасқан, қару үлгiлерiне жаздық сынақ жасалатын № 4 сынақ полигоны. Төртiншiсi, Ақтөбе облысы аумағындағы зымыранға қарсы және әуе шабуылынан қорғаныс әскерiнiң қаруларына ғылыми-зерттеу жұмысы жүргiзiліп, сынақ жасалатын № 11 сынақ полигоны (Ембi).
Бесiншiсi, баршаға белгілі «Байқоңыр» ғарыш айлағы немесе Қызылорда облысындағы № 5 сынақ полигоны. Зымырантасығыштың бастапқы сатыда бөлiнген тораптары Қазақстан, Түрiкменстан және Ресейдің әртүрлi аймағына құлайды. Әзiрге бұл – Ресейдiң ғарыштық бағдарламасын орындау және «Мир» үлгiсiндегi iрi орбиталық кешендi ұшыру үшiн қолданып отырған бiрден-бiр ғарыш айлағы. Ресей ғарышқа ұшырған әрбір он зымыранның жетеуi осы ғарыш айлағының үлесiне тиедi.
Ресейдiң экологиялық қауiпсiздiк жөнiндегi ведомоствоаралық комиссиясы дайындаған «Экологиялық қауiпсiздiкке ғарыштық қызметтiң әсерi туралы» деген материалда (1994 ж.) былай деп жазады: «Тәжiрибелiк және оқу зымырантасығышын ұшырғанда ол өзi өткен ауқымды аумақты ластайды. Одан бөлiнетiн тораптың конструкциялық бөлшегi де, отынның жанбай қалған компонентi де табиғатқа елеулi зиян келтiредi. Бөлiнген торап құлаған жердiң гидрометеорологиялық және географиялық ерекшелiгiне қарай бiр мәрте ластанған аймақтың ауқымы бiрнеше гектарға жетуi мүмкiн, оның сыртында зымыран сұйық отынының компонентi мен жанғанда пайда болған зиянды зат сумен араласып жүздеген шақырым қашықтыққа кетедi».
Әртүрлi баллистикалық зымыран мен зымырантасығыштың қоршаған орта мен адам денсаулығына аса қауіптісі – «Протон» үлгiсiндегiсі. Әлемдегi ең қуатты бұл зымырантасығыш адамға қатерлi отын – 1, 2-бисимметриялы диметилгидразинмен жұмыс iстейдi. Ал, ол дегенiңіз – халыққа ұғынықты жалпақ тiлмен айтқанда, естiген елдiң үрейiн ұшыратын гептил. «Протон» зымырантасығышы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылатыны белгiлi.
Төңiрекке тараған 0,01 мг/л гептил санаулы минуттан кейiн-ақ адам ағзасын айтарлықтай улайды. Ресейдiң экологиялық қауiпсiздiк жөнiндегi ведомоствоаралық комиссиясының материалында (1996 ж.) қарулы күштерде гептилдi ұзақ пайдалану салдарынан жеке құрамның денсаулығына қаншалықты керi әсер еткенi жөнiнде мәлiметтер келтiрiлген. Ал, «Новая газетада» 2000 жылы 27 қарашада жарияланған «Ресейлiк зымырандар қайда құлайды?» деген мақалада клиникалық-эпидемиологиялық зерттеу нәтижесiнде белгiлi болған бiрқатар ауру айтылады.
Ғарыштық зымыран отынының ағзаға зияны көп жағдайда сыртта жүретiн малшыға тиедi. Өкiнiшке орай, кейбiреу бейқамдық пен салғырттық салдарынан зымырантасығыштың далада шашылып жатқан сынығын ұстап көредi, тiптi тұрмыстық қажетiне жаратып жатады. Мұндайда сырқатқа шұғыл шалдығу мүмкiндiгi арта түседi. Ең қауiптiсi сол, гептил радиациялық сәуле таратады. Соның салдарынан дәрiгердiң сырқатқа қате диагноз қоюы да кездеседi. Бұл өз кезегiнде тиiмдi емдеуге кедергi келтiредi.
Ғарыштық қызметтiң экологиялық қаупiнiң негiзгi себептерiне әскери әпербақандықты, қоршаған ортаға зияны ескерiлмей жасалған зымыран-ғарыштық техника мен технологияны, экологиялық заңнама дәрменсiздiгiн, тәуелсiз экологиялық сараптама жүргiзiлмеуiн, жүргiзiлсе де қортындысына ешкiмнiң құлақ аспауын, ғарыштық қызметтiң құпиялығын, оған жұртшылық тарапынан байыпты бақылау жоқтығын жатқызуға болады. Мiне, осындай қалыптасқан жағдайда 1965 жылдан берi бастапқыда КСРО, кейiн РФ 300-дей «Протон» зымырантасығышын ұшырыпты. Олар Қазақстан аумағындағы ауаға және топыраққа шамамен 375 тонна гептил мен 750 тонна азот тетраоксидiн таратқан.
Бұл жерде апатқа ұшыраған зымырантасығыш есепке алынып отырған жоқ. Қазақстанда кейiнгi жиырма жылдың өзiнде он шақты зымырантасығыш аспанда апат құшқан. Осының жартысына жуық оқыс оқиғасы біздің өңірде орын алды. Өйткені, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшқан оның бiрiншi сатысында бөлiнген торабы әдетте Ұлытау ауданының аумағына түседi. Ол аймақта автокөлiк жолдары, электр байланысы желiлерi, Құмкөл мұнай көзiнiң вахталық поселкесi бар.
«Протон» зымырантасығышының қалған сатысында бөлiнетiн тораптар құлауы ықтимал аса қауiптi телімдер Қарағанды облысының Шет және Ұлытау облысының аттас ауданы аумағында. Олар Қызылорда – Павлодар және Екатеринбург – Алматы автокөлiк жолы, Павлодар – Шымкент және Атасу – Алашонькоу мұнай құбыры бойында. Бұл аймақтарда елдi мекендер бар. Әңгiменiң ашықтығы үшiн айта кетейiк, «Протон» зымырантасығышы траекториясы Қазақстан аумағымен ғана шектелмейдi, РФ-ның Алтай өлкесi, Хакасия, Тува, Саха республикасын, Қытай мен Монғолияны, қос Кореяны, Жапонияны қамтиды. Алайда, Қазақстаннан басқа жерде «Протон құлапты» дегендi естiмеппiз.
Әскери-өнеркәсiптiк кешенге қатаң бақылаудың болмауы салдарынан шетелдiк корпорациялар тапсырысы бойынша Ресей мен Украина ұшырған «Протон» және басқа зымырантасығыш ғарышқа шығарған жер серiктерiнiң (әсiресе, телекоммуникациялық) қалдығы Қазақстанды ғарыштық қызметтiң «қоқыс қоймасына» айналдырды. Бұл жөнiнде Қазақ мемлекеттiк ұлттық университетiнiң географиялық хабаршысы (2003 ж.) «Қарағанды облысының Жездi ауданындағы геоэкологиялық жағдай» деген мақалада байыпты баяндаған.
Ашық дерек көздерінен улы отынмен ұшатын зымырантасығыштың қоршаған орта мен адам денсаулығына келтiретiн зиянды әсерiн дәлелдейтiн талай мәлімет табуға болады. Ең қорқыныштысы сол, гептилмен уланған адам қатерлi iсiкке шалдығуға бейiм келедi немесе мүгедек болып қалады. Отын ыдысы (бак) құлаған кезде жанармайдың қалдығы ауаға тез тарайды, зымыранның бiрiншi және екiншi сатысындағы қозғалыс траекториясымен жерге шөгедi. Сөйтiп, зымыранның ұшқан бағытына қарай барлық жер бүлiнедi. Гептил төгiлген жер ондаған жыл бойы адам өмiрiне қауiптi орынға айналады. Ол соншалықты сiңгiштiгiмен ерекшеленедi, жерге төгiлген бетте құрғақ топыраққа үш метрге дейiнгi тереңдiкке кетедi, дымқылға жеткен соң сумен араласады.
Бiр ғажабы, жаңбыр жауған кезде жоғары қарай көтерiледi. Гептилдiң өзiндiк физика-химиялық қасиетi оны залалсыздандыруды қиындатады. Гептилдiң улылығын ескерген Ресейдегi ғарыш әскерiнiң басшылығы ғарышқа шағын нысандарды алып шығатын, улы отынмен жұмыс iстейтiн «Циклон-3», «Космос-3М», «Рокот» зымырантасығышына тапсырыс берудi тоқтату туралы 2006 жылы шешiм қабылдады. Алайда, қысқартылған бұл зымырантасығыштар негiзiнен Ресейдiң «Плесецк» және «Свободный» (бұл он жылдай бұрын жабылды) ғарыш айлағынан ұшырылады. Ал, қуатты «Протон» және «Днепр» зымырантасығышы жөнiнде әңгiме жоқ.
Демек, жоғарыдағы зымырантасығышты қысқартуға қатысты жасалған
қадам және барынша таза отын пайдаланатын зымырантасығыш шығару шарасын қарастырған, бiрақ сынақ сәтiнiң мерзiмi қайта-қайта жылжытылып отырған «Ангар» жобасы тек ресейлiктер көңiлiн аулау үшiн қажет демеске дәрмен жоқ. Әйтпесе, ол Қазақстандағы экологиялық қауiпсiздiк мәселесiне ешқандай әсер етпейдi.
Айтпақшы, қауiптi техникаға балама қазiрдiң өзiнде бар. Ол – «Союз» зымырантасығышының керосинмен ұшатын жаңа үлгiсi. Бiрақ, коммерциялық мүддесiн қорғаған ресейлiктер «Протон» мен «Днепр» зымырантасығышын одан әрi пайдалануға табан тiреп отыр.
Сiрә, Қазақстан осы мәселенi орайлы шешу жағын қарастырса, орынды болар едi. Яғни, гептил қолданатын зымырантасығышты пайдалануға үзiлдi-кесiлдi тыйым салу керек. Сонда бұл күрделi мәселе азды–көптi нәтижелi шешiмiн табады.
Әлiбек ӘБДIРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.