2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Президент әлеуметтік-экономикалық бағыттарды қамтыған бірнеше өзекті мәселелерді шешу қажеттігін баса айтты. Ұлытау облысының белді де белсенді азаматтары Жолдауға қатысты өз пікірлерін ортаға салған болатын.
Тіршілік нәріне баса мән бергені орынды
Бүгінде әлемдік деңгейде өзекті болып отырған су тапшылығы елімізді де айналып өткен жоқ. Өзіміз мекен етіп жатқан Ұлытау облысы төңірегінде де бұл жағдай алаңдатушылық тудыруда. Жалпы, елімізде су көздерін реттеп, халықты сапалы ауызсумен қамтудың бірнеше бағдарламалары қолға алынғанымен нәтижесі аз болды. Осыны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында су мәселесін көтере отырып, осы жағдайды реттеуші жаңа министрлікті құруы құптарлық іс болды.
Су ресурстары және ирригация министрлігін құра отырып, ел аумағында түйткілді мәселелерді шешуге аталмыш ведомостваның алдына бірнеше міндеттер жүктеді. «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған», – деді Президент.
Мемлекет басшысы су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс екендігіне айрықша назар аудартты. «Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа минстрлікке жүктеген бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар атқарылса, келешекте елімізде тіршілік нәрінің көздері ашылып, халықты сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік туар еді. Мұндай игілікті Ұлытау облысының халқы да көрері хақ. Тек сол бағытта жүзеге асатын жұмыстардың тетігі мықтап қалыптасса болғаны.
Төлеген БҮКІРОВ,
Қазақстанның Құрметті металлургі.
Тау-кен өндірісіндегі өзекті мәселелер
шет қалмады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында тау-кен саласына қатысты кейбір жайттарға көңіл бөлгені көптің көңілінен шықты деп ойлаймын.
Жолдауда Президент тау-кен саласын түбегейлі жаңғырту қажеттігіне тоқталды. «Тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту қажет. Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі.
Ол үшін салық және реттеу шарттары өзгеріске икемді болуы керек. Өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізген инвестордың жер қойнауын пайдалану кезінде басым құқыққа ие болуын қамтамасыз еткен жөн. Жобаларды келісуге қажетті рәсімдер мен оның мерзімін кешенді мемлекеттік сараптама жасау және толық цифрландыру тәсілін енгізу арқылы екі есе азайту керек. Қазір еліміздің 1,5 миллион шаршы шақырым аумағына геологиялық және геофизикалық барлау жасалған. Үкіметтің міндеті – 2026 жылға қарай оның көлемін кемінде 2 миллион 200 мыңға жеткізу», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Жолдауда өндіріс нысандарының қоршаған ортаға зиянды әсері тиіп жатқандығын, өндірісте жарақат алудың азаймай отырғандығын, кейбір фактілердің адам өміріне қауіп-қатерінің барын баса айтты. Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаңызға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Болашақта да солай болуға тиіс. Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда. Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс.
Президент геологиялық барлау жұмыстарын да одан әрі жандандыруды тапсырды. «Геологиялық барлау ісі айрықша назар аударуды қажет етеді. Еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін 2018 жылы тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірақ заң талаптары толық орындалмай жатыр. Соның салдарынан табиғи ресурсқа қанша бай болсақ та, көптен бері ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Ахуалды дереу өзгерту керек»,– деді.
Өндіріске қатысты өзекті мәселелердің ұшын шығарған Президент жауапты құрылымдарға саладағы кемшіліктерді жойып, адам өмірін бәрінен биік қоюы керектігін меңзеді. Бұл, әрине, ауыр өндіріс жағдайында еңбек ететін жұмысшылардың жағдайының жақсаруына оң ықпал етеді деп санаймын. Осы ретте тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы да ауқымды шаралар жүргізуге ниетті.
Уәлихан НҰРЖАНОВ,
«КәсіпҚорған» кәсіподағының
төрағасы.
Көлік логистикасы – ел дамуының негізі
«Жол азабын жүрген білер» демекші, республика көлемінде соңғы жылдары жиі көтерілетін мәселенің бірі – жолдың жағдайы. Ел экономикасының негізі саналатын көлік логистикасын дамытуды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда да атап өтті.
«Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануымыз керек» дей отырып Мемлекет басшысы бұл бағытта атқарылатын бірнеше шаруаның ұшын шығарды. «Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар.
Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс», – деді Президент. Сондай-ақ, автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек.
2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет.
Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет.
Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады», – деп атап өтті Жолдауында Президент.
Ел арасында көптен бері дау тудырып жүрген «Қазақстан теміржолы» компаниясын да түбегейлі өзгерту қажеттігіне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев келешекте бұл салалар арқылы Қазақстанның алыс, жақын шетелдермен байланысын одан әрі нығайтуға қол жеткіземіз деді. Көлік, жол, теміржол сынды бағыттардағы түйткілдер осы кезге дейін қордаланып келіп, бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр. Осыны бағамдаған Президент Жолдауда жаңадан құрылған министрлігіне нақты тапсырмалар берді. Ендігі міндет көлік инфрақұрылымын жақсартуға бар күш-жігерді бағыттай білу керек.
Асқар НҰРЖАНОВ,
«Amanat» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы
Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы.