Әй, болмайды-ау. Облыс болғанда ең құрығанда осы мәселе шешіліп қалар деп едік. Қайдағы. Қайта бұрынғысынан да сорақы болып бара ма дейсің. Жолдардың сиқы жылдағыдан нашарлап кеткен. Көктемде қырылған кейбір жолдар беті безеу-безеу, тілім-тілім болып әлі жатыр. Уақыт болса – тығыз. Жаздың соңғы айын да жеп қойдық (не желінбей жатыр тәйірі).
Күздің қандай болары бір Аллаға ғана аян. Шаруаға жайлы, қоңыр күз болса, біраз жұмыстың бетін қайтарып тастауға болар еді. Бірақ, дәл мынадай ырғақпен ештеңе өнбей ме деп қорқасың. Ал, күз жауынды, шашынды жылауық болса, бітті. «Біткенде», жұмыс бітеді, әрине. Біздікілер қар жауып тұрса да асфальт төсей береді. Оны талай көріп те жүрміз. Бірақ, көктемде сол асфальт қармен бірге еріп кетіп те жатыр. Оған да куә – мына халық.
Жә, ол өз алдына бөлек әңгіме. Мынаған кім жауап береді. Ана бір жылы Гагарин көшесіндегі құбырларды ауыстырып жатқанда «жолымыз да жөнделіп қалатын болды ғой» деп қуанып қалып едік. Онымыз бекер болды. Құбырды ауыстырып, плиталарын жапқан соң топырақты қалай болса солай үйіп кетті. Жол салушылар оны дұрыстап жазып, тегістеп, тиісті технологияны сақтамастан үстіне асфальт төсей салды. Содан бері астынан ғаламат дүмпу болғандай жол ойқы-шойқы. Жаз ортасында сол көшенің асфальт жамылғысын қырып тастап, көңілді бір өрепкітіп еді, алайда, жаз да аяқталып қалды, ал ол сол күйі жатыр…
Шұңқырлары жабылды деген жолдардың өзі босқа ақша шашқан дерсіз. Қалай-болса солай істелген жұмыс көзге ұрып тұр. Бұрын шұңқыр болса, енді ол дөңеске айналған. Мұның бәрін бақылайтын, жұмыста қадағалап, қабылдайтын біреу бар ма өзі?! Әлде…
«Биыл жөнделеді» деген Абай көшесі тілім-тілім, бетіне бүртігі шығып, бедірейіп әлі жатыр. Қысқасы, қаланың жолы еш сын көтермейді. Облыс орталығы болдық. Жан-жақтан келімді-кетімді кісілер бар. Ұят таза. Қала ішінде жүретін таксистер жол ақының қымбаттауын да осы жолдың сапасымен байланыстырады. «Жезқазғанның көшелерін бір айналып шыққанда көлігіңнің бір тетігі істен шығады. Оны жөндеу үшін ақша қажет. Ал, менің табысым осы таксиден түседі. Егер жолың жайлы болып жатса, біз де жолақыны мұнша көтермеген болар едік», – дейді.
Олары да рас. Қаланың қай көшесінің жолын қарасаңыз да оңып тұрғаны жоқ. Қайта мына іргеміздегі Сәтбаев қаласында жол бір сыдырғы тәуір дейді бізге қарағанда…
Қысқасы, қаладағы жолдың жыры қашан бітіп, қашан жобаға келеді. Жезқазғандықтардың жанайқайына жауап берер жан бар ма?!
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.