12 тамыз – Жастар күніне орай Алғашқы құрылысшылар алаңында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен кеш өтті. Қаламызда бірінші рет ерекше форматта ұйымдастырылып отырған жастар кешінде түрлі ойындар ойнатылып, арнайы сыйлықтар таратылды.
«Open Air» – кешкі ашық аспан астындағы кеш бишілердің әсем биімен басталды. Алаңға жиылған жұрт қала жастарының өнерін тамашалап, ойындарға қатысты. Жастар үшін алғаш рет ұйымдастырылып отырған кешке Қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Мұқан арнайы келіп, жастарды мерекемен құттықтады. Ұлытау облысының жастар ресурстық орталығының директоры Ақансері Сүлейменовтің айтуынша, жастар бір апта бойы экосенбіліктер өткізген, Жошыхан кесенесіне барған және түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырған.
Іс-шара аясында полиция басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу шараларын ескертіп, тұрғындарға жадынамалар таратты. Сонымен қатар, жастар-ресурстық орталығының еріктілері зияткерлік сұрақ-жауап, би байқауы мен спорттық жарыстар ұйымдастырды.
Биыл Халықаралық Жастар күні үлкен көлемде атап өтілуде. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы жастар санатына осы жылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жатқызылған. Тиісінше, елдің жас тұрғындарының саны алты миллионға көтерілді, бұл республика халқының үштен біріне жуығы.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.