Еліміз үшін 2022 жыл жайсыз оқиғалармен басталды. Жаңаөзенде 2 қаңтар күні ереуілге шыққандар бұрын 60-70 теңге болған сұйытылған газ бағасының 120 теңгеге көтеріліп кетуіне байланысты наразылықтарын білдіріп, қойған талаптары орындалмайынша тарқамайтындарын айтып бірнеше күн-түн алаңда тұрды. Бұлардан соң Ақтауда да митинг акциясын қоштаған мұнайшылар бар топ алаңға шығып, олар да өз талаптарын қоя бастады. Жаппай қымбатшылықтың етек алуын ауыздықтай алмаған Үкіметтің биліктен кетуі жөнінде мәселе көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаның ертеңінде Үкіметке арнайы комиссия құрып, жағдайды жедел талдау және ереуілшілермен келісімге келу жөнінде тапсырма берді. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов төрағасы болған үкіметтік комиссия 4 қаңтарда Маңғыстау облысына келіп, бейбіт акцияға қатысушылардың жетекшілерімен кездесті. Өзара келісім барысында Үкімет шеруге шығушылардың талабын орындады. Сұйытылған газдың бағасы 50 теңгеге дейін түсті. Акцияға қатысушылар жауапкершілікке тартылмайтын болды, вахтаға баратындар үшін Ақтауға жеткізетін көлік берілді. Алайда, жаңаөзендіктерді қолдаушылар шеруі басқа да өңірлерде жалғасып, айтарлықтай ел толқуын тудырған ереуілдерге ұласты.
Жаңаөзендіктерді қолдау – жаппай толқу
Айналдырған бір-екі күннің ішінде «Жаңаөзендіктерді қолдаймыз!» деп топталып шыққан шерушілер еліміздің барлық өңірлерінде бой көрсете бастады. Олар негізінен «Тек қана батыс емес, әр өңірде газ бағасы төмендетілсін, ел бойынша азық-түлік бағасы арзандатылсын, еңбекақы көтерілсін» деген талаптарын алға тартты. Әуелде газдан басталған шеру бірте-бірте саяси талаптар қойған ереуілдерге ұласты. Жиналған жұрт тәулік бойы тарқамады. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың нашарлауына қатысты пікірлермен қатар, ресми билік шынайы саяси реформалар мен саяси жаңару қадамдарына бармады деп айып тағушылар да болды. Алғашқы сәттерде бейбіт акция ретінде ереуілдеушілердің мәселе көтеруіне көпшілік жұрт түсіністікпен қарады. Өйткені, күн санап шарықтаған баға, өріс алған инфляция қарапайым халықтың қабырғасына әбден бата бастағаны анық. Тәуелсіздік жылдарынан бері орнығып алған жемқорлық пен аз ғана топтың шексіз байлыққа ие болуы, саяси бәсекелестікке жол берілмеуі, әділ сайлаудың өтпеуі қоғамдағы наразылықты әбден шегіне жеткізгені де жасырын емес еді. Дегенмен, ізгі ниетті жандар «жастар ойнақтап жүріп от басып қалмасын, тәртіпсіздікке ұрынбай, жақсылықпен тарқаса екен» деген сыңайда сақтық ескертулерін де білдіріп отырды.
Қарағанды облысында Жаңаөзенді қолдаған шерушілер ең бірінші Осакаровка ауданында бой көрсетті. Одан соң толқу шаралары облыс орталығымен қатар Жаңаарқа ауданы мен Жезқазған қалаларын да шарпыды. Жезқазғандағы құю-механикалық зауытының бір топ еңбеккері цех ішінде топталып жиылып еңбек ақыларының төмендігіне шағымданды, оны 100% көбейту туралы талаптарын жеткізді. Мыс қорыту зауытында металлургтер жалақы, еңбекке жарамсыздық листогін толық төлеу туралы мәселе көтерді. Жезқазған қаласы әкімдігінің алдына жиналған шерушілер арасында Сәтбаев аумағындағы №57 шахтаның кеншілері болды. Екі күн қатарынан шерулеткен олар шахтерлардың зейнетке шығу жасын қысқарту, шарықтаған бағаны төмендету, наразылыққа қатысушылардың еркіндігіне кепілдік беру жөніндегі талаптарын қойды. Олардың алдына шығып сөйлескен қала әкімі Қайрат Әбсаттаров қойылған талаптарын облысқа жеткізетін болды. Шеру бейбіт жағдайда өтті.
Маңғыстау өңірінен басталған бас көтеру шындығында бір ғана газға тіреліп тұрмағаны анық еді. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың нашарлауы оларды осындай шараға әкеліп отыр. Жоғарыдан басталған жемқорлық, жұмысқа алудағы әділетсіздік, жұмыссыздық халықты ашындыра түсуде. Осы жағдай еліміздің барлық өңірлеріне тән болғандықтан халық жаппай Жаңаөзендегі митингіге шығушыларды қолдады. Бірақ, кейбір жерлерде ереуілшілер арасында шеп құрып, тәртіп сақталуын қадағалап тұрған полицияларға барып соқтығып, шиеленіс тудырғысы келгендер де байқалып қалды. Ең бастысы, күштік құрылым қызметкерлері тарапынан ереуілшілерге қарсы қысым жасау мен ешқандай күш қолдану болмағанын атап айтқан жөн.
Араға арандатушылар кіріп кетті
Қалыптасқан ахуалдың ушықпауын назарға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтарда еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізіп, Премьер-министр Асқар Маминді қызметінен босатты. Инфляцияға жол бермеу атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі екені, бірақ оның орындалмағаны атап айтылды. ҚР Конституциясына сәйкес Премьердің қызметтен босатылуы бүкіл Үкіметтің өкілеттігін тоқтатқанын білдіреді. Жаңа құрам жасақталғанша Премьер-министрдің міндетін атқару бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа жүктеліп, Президент әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Онда негізінен халық наразылығын білдіріп жатқан мәселелер қамтылды. Атап айтқанда, мұнай өнімдерінің (бензин, дизель отыны, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге дейін енгізу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу, коммуналдық тарифтерді көтеруге 6 ай бойы мораторий жариялау, халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялауды қарастыру және басқа да әлеуметтік міндеттер белгіленді.
Бірақ, бұл кезде Алматы, Шымкент, Қызылорда және басқа да біраз үлкен қалаларда қарасы қалың ереуілшілер Президенттің жағдайды оңалту жөніндегі оң шараларына құлақ асып, назар аударудан алыс кеткен еді. Наразылықтың бейбіт тәртібі сақталмады. Жағдайды қасақана ушықтырудың ақыры тәртіпсіздік пен бұзақылыққа ұласты. Араға арандатушылар кіріп кеткені кейін белгілі болды. Әсіресе, Алматы мегаполисіндегі ахуал ушығып, агрессиялық іс-әрекеттер орын алғаннан соң күштік құрылымдар көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болды. Ойында тек қирату, бүлдіру болған бүлікшілер бұған тоқтамады. Содырлар мен лаңкестер араласқан сойқандар Алматы қаласының әкімдігін басып алды. Президенттің резиденциясын бүлдірді, теле-радио корпорация ғимаратына кіріп талқандады, ірі супермаркеттер мен банкілерді қиратып, тонаушылыққа жол ашты. Полиция департаментіне шабуыл жасады, ішкі істер органының автокөліктерін өртеді, терминалдарды, басқа да көптеген игіліктерді қиратты. Қызылордада әкімдік пен Nur Otan ғимараты отқа оранды, Ақтөбеде обләкімдікті басып алуға тырысты. Олардың тарапынан жасалған қарулы қақтығыстар салдарынан тәртіп сақшылары мен күштік құрылымдары қызметкерлері зардап шекті. Қаңтардың 9 күнгі айтылған деректер бойынша Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның және полицияның 1300-дей қызметкері жарақат алып, 16 адам қаза тапқан. Осының барлығы ереуілшілер арасына арандатушылар мен лаңкестер тобының кіріп кеткеніне көз жеткізді. Содырлар басып алған Алматы әуежайын, Талдықорған әкімдігін босату үшін күштік құрылымдар ұрыс операцияларын жүргізуге мәжбүр болды. Әскерилер мен арнайы жасақ қызметкерлерінен де оққа ұшқандар бар.
Қатарға жастарды тартып, қару берген қаскөйлердің әрекеті елді бүлдіруге, мемлекеттің іргесін шайқалтуға бағытталғаны анықталып жатыр. Белең алған бандылық іс-әрекеттерден қарапайым халық, әсіресе кәсіпкерлер айтарлықтай зиян шекті. Көптеген бағыттар бойынша жолаушылар және жүк пойыздары жүрмей қалды, Алматы, Ақтау әуежайлары, екінші деңгейдегі банкілер мен қор биржалары жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Мемлекет басшысының шешімімен 6 – 19 қаңтар аралығында Қазақстанның барлық аймағы бойынша төтенше жағдай режимі жарияланып, 23.00 – 7.00 сағат аралығына коменданттық сағат енгізілді. Жағдайды тұрақтандыру шараларының бірі ретінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдердің бітімгерлік күштері келді. Олар маңызды мемлекеттік және әскери нысандарды қорғауда. Осының өзі елімізде орын алған жағдайдың қаншалықты күрделі әрі қауіпті болғанын аңғартса керек. Көпшілікке белгілі ереуіл оқиғаларының желісін тізбектеп отырғанымыз назар аударған жандар еліміздің басына туған сын сағатты тағы да бір санаға салып, салмақтап көрсін деген ниет еді. Қазір комиссия келтірілген залал көлемін анықтау үстінде. Өткен апта соңындағы дерек бойынша келтірілген шығын көлемі 92 млрд. теңгеден асыпты.
Мәселе тек ереуілмен шешілмейді
Рас, қоғамға жаңа саяси және экономикалық реформалар қажет. Жүйедегі өзін келеңсіз жағынан көрсеткен жайттардан арылуды, демократиялық жаңаруды көксейді көпшілік. Болашақ үшін, ұрпағы үшін алаңдайды жұрт. «Көңіл сабасына түспей, өмір сабасына түспейді» деген сөз бар халқымызда. Әр салада, әр адамда қиыншылықтар бар. Дегенмен, әлеуметтік ахуалдағы жалпы жағдай бәрінен түңіліп, қара аспанды төндіретіндей деуге келмейді. Қиындықтан жол тауып шығатын мүмкіндіктер бар. Ол енді адамның өзіне, еңбектенуіне, қабілет-қарымына да байланысты.
Қарап отырсаңыз, қазіргі адамдар арасында «барға – тәуба, жоққа – сабыр, болашаққа – сенім» деген ежелден қалыптасқан ұлттық ұғымдар жоғалған сияқты. Болған үстіне бола берсін деген ашкөздік пиғыл басым. Рухани құндылықтардың құны қалмай барады. Ұлттық идеологиямыз әлсіз. Ел ертеңі – жастар дейміз. Олардың көбісінің елге деген жанашырлық сезімі мен рухани түсінігі төмен. Бір кездегі газ тұрмақ, электр шамының жарығына зар болып, көп қабатты үйлердің алдын көк түтінге орап, тамақты отқа істеген кезді көрген жоқ бұл жастар. Кеңес одағы құлдыраған тұста дүкеннен ақшаға азық-түлік таба алмай, кейбір тамақ түрлерін талонмен ғана берген кезде де ел қиындықты қайыспай көтеріп, аман-есен өткен еді. Дәл қазір қолға келтек алып, билікке қарсы тұрып, ел іргесін шайқап төңкеріс жасайтындай не көрінді бұларға? Осыны лаңкестік пиғылдағы сыртқы күштер өз мүдделеріне пайдаланып кетіп отыр. Қоғамның, мемлекеттің тыныштығына, ел бірлігіне сына қағуға итермелеген жат пиғылды арандатушы топтың жетегіне жастарымыз неге еріп кетті? Жоқшылықты желеу етіп, олар тоқшылықты көтере алмай жүргеннен сау ма?! Осындай сан сұрақ дәл қазір әркімнің ой-санасын қамшылауда.
Бір нәрсе анық – мәселе тек ереуілмен шешілмейді. Оның үстіне біздің халықта әлі митингіге шығу мәдениетінің жоқ екені көрінді. Саяси сауаттылық жағдайында талап-тілектерін жеткізу орнына ұрыс-керіс пен тәртіпсіздікке бейім тұру байқалады. Негізі, қордаланған талап-тілектердің барлығын наразылық шеруіне шығып айту жақсы жол емес. Демократиялық жаңару жолына түсеміз десек, бұл мәселелер ел ішіндегі саяси партиялар арқылы жоғары жаққа жеткізілуі керек. Жасыратыны жоқ, біз көп жылдардан бері билік партиясын нығайтамыз деп оппозициялық партиялар мен қозғалыстардың жолын кесіп тастадық. Ендігі жерде осы түйінді дұрыс шеше білуді ойластырған жөн.
Мемлекет басшысының қолға алуымен жаңаруға бағытталған түбегейлі шаралар белгіленуде. Келешегімізге жарқын үмітпен қарайық. Барлық ізгі ниетті адамдар арандатушылардың сойқан қылықтарын айыптап, ел бірлігін сақтауға шақыруда. «Өздеріңе де сол керек» деген арамызда мысықтілеулі жандар да жоқ емес. Біле білсек, билікке кінә артып, елге шабуыл жасау – нағыз сатқындық. Заман көшімен билік келеді, кетеді. Ал, мемлекет орнында қалады. Ғасырлар бойы аңсап, қол жеткізген Тәуелсіздігіміз – бәрінен қымбат. Олай болса бауырлар, елімізді, мемлекетімізді сақтай білейік!
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.