Кеше ел болып Қазақ руханиятының көгіндегі Күн – хакім Абай күнін атап өттік. Бұл күн әрбір қазақ үшін Абайдың жүрегіне бойлайтын – ұлттық болмысымыз бен рухымызды шама-шарқымызша барынша зерделеуге тырысатын күн.
Немістер Гетесімен, орыстар Пушкинімен мақтанады. Ал біз халқымызды өркениеттің өріне қарай жетелеген қалың елдің Абайымен мақтана аламыз. Абай – адамзаттың Абайы. Оның терең пәлсапасы, мазмұнды һәм мағыналы қара сөздері, надан болмай, адам болуға шақыратын мәңгілік шығармалары, рухани мол мұрасы, классикалық әндері күллі адамзатқа ортақ.
Абай ешкімге ұқсамайтын болмысымен, асқан дарынымен әлемдік дәрежедегі дара тұлға болып қала бермек. Ол қазақтың қасиетті топырағы тудырған әлемнің перзенті. Өйткені, ақынның дүниетанымы, озық ойлары, салмақты сөздері, өзектілігін жоймайтын пәлсапасы қай жерде, қай ортада, қай елде болмасын өтімді әрі маңызды. Оның адамзатқа ауадай қажет туындылары ешқашан өлмейді. Керісінше, зерделеніп, зерттеле береді.
Мына қызылды-жасылды дүние есігін ашып, рухани құндылыққа ұмтылғысы келген әрбір адам Абайдың шығармаларымен етене танысу керек. Өйткені, Абайды оқыған сайын жаңарып, тазара бересің. Тереңіне бойлаған сайын ойлана түсесің. Абайдың ойы, ақынның толғанысы, данышпанның қайғысы – бүтіндей тіршіліктің үні, тұтас қоғамның сөзі.
«Абай – надандықтың құлпы, адамдықтың кілті», дейді ел зиялылары. Риясыз айтылған сөз. Абай мектебі – руханияттың кәусар бұлағы! Оның тағлымын таныған кісі кемел келешекке бет бұратыны ақиқат.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.