Сотталушы Виктордың жасы 35-те. Бұдан бұрын да істі болған. Дәлірек айтқанда, Жезқазған қалалық сотының үкімімен 2015 жылдың қазанында жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру әрекеті сәтінде абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қылмысына орай 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланған. Жезқазған қалалық сотының 2021 жылдың қыркүйек айындағы қаулысымен жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне, яғни Викторды бас бостандығын шектеу түріндегі 2 жыл 3 ай мерзімдік жазаға ауыстырады. Ол бұл жазасын өтемей жатып және қылмыс жасайды.
Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты анықтағандай, сотталушы Виктор 2022 жылғы қазан айының 16-сына қараған түнде бірігіп спирттік ішімдік ішу сәтінде бірге тұрып жатқан Еленаны ағаш кесіндісімен соққылап, қатыгездікпен өлтіреді. Ертеңіне мәйітті сол үйінің жертөлесіне апарып тығып қояды.
Сот істің мән-жайы мен материалдарын зерделей және сотталушының, жәбірленушінің, куәлердің жауаптарын саралай келіп, Виктордың қылмыс жасағаны анық екендігіне көз жеткізді.
Сотталушы Виктор сот отырысында өзіне тағылған кінәні толығымен мойындады. Ол өмірін қиған Еленаны 2015 жылдан білетіндігін айтты. Онда өзі анасымен бірге тұратын. Еленаны үйіне ертіп әкеліп, анасымен таныстырған. Сүйіктісі бірнеше күн ғана бірге тұрды. Содан бір күні ізім-қайым жоғалады.
Көп ұзамай Виктор істі болып, сотталып кетеді. Кейінірек жазасы толық өтелмей тұрып, бас бостандығын шектеуге ауыстырылғанда Виктор кезінде жоғалтып алған Еленамен кездесіп қалады. Олар тағы да қарым-қатынастарын жалғастырады.
2022 жылғы қазанның 15-і күні болатын. Сағат 21:00 шамасы еді. Өзінің атын айтып шақырған әйел даусын естіп, пәтерінің терезесінен қараса, сыртта Елена өзінің құрбысы Алинамен тұр екен. Елена Виктордан оның пәтерінде құрбысының қонып шығуын өтінді. Өйткені оның барар жері болмай тұрғанын айтты. Виктор рұқсатын берген еді.
Сосын әдеттегідей ішіс басталады. Үшеуі үйдегі барын әп-сәтте тауысып тастайды. Виктор Еленаға ақша беріп, 0,7 литрлік «Лоза» маркалы үш бөтелке шарап әкелуге дүкенге жұмсайды. Өзі пәтерден шыққан жоқ, полиция қызметкерлерінің бақылауында есепте тұрғандықтан оған шығуға болмайтын. Кейінірек және екі бөтелке шарапты Елена алып келеді. Сағат 23:00 шамасында Алина қонбай, кетіп қалады.
Екеуі ішісті одан әрі жалғастырған. Бір сәтте Виктор стаканына сіркесу құйып бергені үшін Еленаға қатты реніш білдірді. Ол оны арақ екен деп ішіп қойған еді.
Сол ашудың бетімен мастықтың салдарынан еденде жатып, ұйықтап қалған Еленаны оятуға тырысады. Бір сәтте көзін ашқан одан өзіне неге сіркесуын құйғанын сұраумен болады. Әбден мазасын алған соң реніштің бетімен: «Саған сол керек, сен шашалып өлсең екен», – деп салады.
Мұны естіген Виктор әбден ашуға мінгені сол, есік алдында жатқан ағаш кесіндісін алып келіп, әйелді соққылай бастайды. Әбден соққылап, өзі шаршаған соң барып, бір-ақ тоқтайды. Диванға отырған еді, сол сәтте ұйықтап кетіпті. Содан ертеңіне күндіз оянған. Аузы сіркесуынан уылып қалып, не іше, не жей алар емес. Елена болса, жатқан жерінен әлі тұрмапты. Байқап көрсе, дем алмайды. Денесін ұстап көрсе, суық. Сонда барып оның жан тапсырғанын ұққан.
Виктор түн болғанын күткен. Ешкімнің көзіне түспеуді ойлаған. Түнгі сағат 04:00 шамасында Еленаның жансыз денесін үйінің жертөлесіне апарып тастайды. Осылайша жауап берген Виктор кінәсін толық мойындайды. Әйткенмен Еленаны қасақана жазым ету ойында болмағанын, оны абайсызда өлтіріп алғанын тілге тиек етті.
Сот Виктордың бұл уәжін өзінің кінәсін жеңілдетуге әрекеттену деп санайды. Ол жәбірленушіні ұйықтап жатқан жерінде, нақтырақ айтқанда, жәбірленушінің дәрменсіз күйде екенін біле тұра аса қатыгездікпен ағаш кесіндісімен бірнеше дүркін соққылағандығын сот-медициналық сараптама айғақтайды. Сотталушы кеудесі мен іші тұсына бағыттаған ағаш соққыларынан пайда болар дене жарақаттары адамды ажал құштырарын біле тұра қылмыстық әрекетке барғаны анық. Сол дене жарақаттарынан Елена көз жұмады. Сотталушы және пәтерде өзінен басқа ешкімнің болмағанын нық сеніммен айтқан болатын.
Сот үкімімен Виктор Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2 және 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 17 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды және бұл жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 60-бабы 1-бөлігіне сәйкес үкімдердің жиынтығы бойынша, яғни егер сотталған адам үкім шығарылғаннан кейін, бірақ жазаны толық өтегенге дейін жаңадан құқық бұзушылық жасаса, сот соттың соңғы үкімі бойынша тағайындалған жазаға соттың алдыңғы үкімі бойынша жазаның өтелмеген бөлігін толық немесе ішінара қосуына орай Викторға 17 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза тағайындалды.
Нұргүл КЕНДИРБАЕВА,
судья.