Бүгінгі қоғамның асқынған дерті аз емес. Ата-баба ұстанған жолдан тайқып, өзгенің шылауында жүрген, діни ұстанымы теріс жастардың әрекеттері біздің зайырлы мемлекетімізге қауіп төндіріп тұр.
Сан ғасырлық ата-баба жолын масхабы бөлек, адасқан деп санап, ата-анасының берген асын «намаз оқымайсыңдар» деп ішпей кеткенді де көріп, естідік бұл күні. Әрине, бұл ұлттық идеологияның оң бағытта жүзеге аспағандығының, жат ағымдарға дер кезінде тосқауыл қоя алмағанның нәтижесі. Тарихымызды парақтап көрсек, қашан қыз баласы қара жамылып, кәмілетке жетпеген бойжеткен қызымыз орамал тағып еді?
Ата жолын жоққа шығарып, өмірінде көзімен көріп, тілдеспеген арабтардан онлайн дәріс алып, өздерінше пәтуа шығарып жүргендердің іс-әрекеті кейінгі буынның болашағына зияны тимеуі басты нысанаға алынуы керек. Сонау тоқсанышы жылдардың соңында таман жан-жақтан ағылған діни топтар енді ер жетіп, бой түзеп келе жатқан қаншама жастың санасына сызат түсіріп, ақылын арбады. Елін, жерін қорғайтын қаншама жігіттер жат ағымның кесірінен шекара асып, жат жерде ажал құшты. Бұл қоғам үшін қасырет емей не нәрсе?
ХХІ ғасырда қазаққа дерт болып жабысқан бұл жат ағым ұлтымызды бірлікке емес, бүлікке бастайтынын ұмытпайық!
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.