Бүгін – Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылған күні. Еліміздің басты арнаулы қызметі осыдан 31 жыл бұрын жұмысын бастаған еді. Біз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевпен сұхбаттасып, кейінгі бірер жылда аталған салада қандай өзгерістер жасалғаны жөнінде, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің даму барысы туралы сұрап білдік.
– Ұлттық қауіпсіздік комитеті секілді арнайы мемлекеттік органдарда қызмет атқару әу бастан-ақ кез келген күтпеген оқиғаға үнемі дайын болуды және тез арада тиісті әрекет ету қабілетін талап етеді. Иә, бұл қызметке мен күрделі сәтте келдім. Ел үшін қиын кезеңде Мемлекет басшысының комитет алдына қойған маңызды міндеттерін шұғыл шешуге тура келді. Бұл үшін, ең алдымен, қоғамдық жағдайды тұрақтандыру және конституциялық құрылысты қорғап қалу шараларын кешеуілдетпей қабылдау керек болды. Ел халқы мен Президент алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіндім.
Сол күндері ел азаматтарының ұлттық қауіпсіздік органдарына сенімі едәуір төмендегені белгілі. Өйткені кейбір бұрынғы қызметкерлеріміз заң мен қоғамдық моральды аяққа таптап, лауазымын асыра пайдаланып, құқыққа қайшы әрекет жасағанын білеміз. Мұндай келеңсіз фактілерге қатысты процедуралық баға беріліп, олардың қайталанбауы үшін шаралар қабылданғанын айта кеткім келеді. Біз сол өткен жылдың қаңтар айында жеке құрамды жинап, оны жедел-жауынгерлік міндеттерді орындауға жұмылдыру, жауынгерлік рухты көтеруге тиіс мүмкіндікті қалт жібермедік. Нәтижесінде, бүкіл күштік блоктың бірлескен қимылы арқасында елдегі жағдайды реттеп, тұрақтандыруға қол жеткіздік.
– Өткен жылы 17 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұдан кейін ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметіне қандай өзгерістер енгізілді?
– Біз әлемде және елімізде орын алып жатқан ауқымды саяси өзгерістердің куәсі болып отырмыз. Жаңа сын-қатерлер туындап жатыр. Оның ауқымы мен сипатына қарай Ұлттық қауіпсіздік қызметі шешетін міндеттерге де өзгерістер енгізіледі. Бұл өз кезегінде комитет құрылымын реформалауды қажет етеді. Сондықтан ҰҚК қызметі де жедел жағдай мен жаңа уақыт талаптарына сай жетілдіріліп келеді. Атап айтқанда, жұмыстың басым бағыттарын назарға алу үшін бұрынғы бөлімдер қайта топтастырылды. Халықаралық терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бөлімшелері күшейтілді. «А» арнаулы мақсаттағы қызмет бағыттары қайта қаралды. ҰҚК-нің арнаулы күштері ең алдымен жауынгерлік міндеттерді шешуге және террористік тұрғыдан осал объектілерді қорғауға бағытталды.
– Халықаралық есірткі саудасына қарудың заңсыз айналымына және трансұлттық қылмыстық топтарға қарсы күресте жеткен табыстарыңыз баршылық. Ал басқа салаларда, мысалы, қарсы барлау қызметі, терроризмге, экономикалық және киберқылмыстарға қарсы күресте нәтиже бар ма?
– Бұл бағыттарда да тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Олар негізінен алдын алу сипатында жүреді және құпия санатына жатады. Сондықтан көбіне жұмыс нәтижелері көріне бермейді. Өйткені Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің өзі құпия негізде жүзеге асырылатындықтан, халыққа тұрақты түрде әрі толыққанды ақпарат беру мүмкін емес. Комитет өткен жылдан бері бірқатар күрделі қарсы барлау операциясын сәтті жүзеге асырды. Соның ішінде құпияларды қорғау бағытында мемлекеттік органдарда 334 тексеру жүргізіліп, 3 мыңнан аса заң бұзушылықты анықтадық. Нәтижесінде, 9 адам қылмыстық, 320 адам әкімшілік және 372 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен бірге кейінгі 5 жыл ішінде халық көп жиналатын жерлерде және билік органдарына қарсы дайындалған 18 террористік актінің жолы кесілді. ҰҚК уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп шетелдік экстремистердің арбауына тап болған адамдарды райынан қайтаруға, яғни дерадикализациялау жұмыстарына белсенді түрде атсалысып келеді. Жалпы, терроризмге қарсы күрес бағытындағы жұмыстарды үйлестіру Терроризмге қарсы орталық арқылы іске асырылады, ал оның жұмыс органы, яғни штабы ҰҚК құрамында. Өңірлерде радикалды идеялардың таралуына ықпал ететін факторларды анықтаумен және жоюмен айналысатын 205 терроризмге қарсы комиссия қызмет етеді.
Экономикалық қауіпсіздік бағытында ҰҚК қабылдаған шаралар нәтижесінде 1,4 трлн теңге мемлекетке қайтарылды. Атап айтқанда, оның ішінде 890 млрд теңге көлемінде мемлекетке келтірілетін залалдың алдын алса, бюджетке 493 млрд теңге қайтарылды.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ҰҚК жұмысының басым бағыттарының бірі. Еркін айналымдағы ақпараттың ел қауіпсіздігіне, оның саяси, экономикалық, қорғаныс және басқа да салаларына ықпалының артуына байланысты бұл бағыттағы жұмыстар уақыт өткен сайын өзекті бола түсті. Автоматтандыру үдерістерінің қарқынды дамуы, ақпараттық технологиялардың қазіргі өмірдің барлық саласына енуі ресурстар мен деректерге рұқсатсыз қол жеткізудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Әсіресе хакерлер мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстарына ерекше «қызығушылық» танытады. Тек осы жылдың басынан бері қарай 95,4 миллионнан астам кибершабуыл мен 3000 DDoS-шабуылдың беті қайтарылғанын айтсам жеткілікті шығар. Олар интернет желісінің отандық сегментіндегі қорғалған мемлекеттік және өзге де ресурстарға заңсыз қол сұғуды көздеген болатын.
Осы орайда ҰҚК мен басқа да мемлекеттік органдар іске асырған «Қазақстанның киберқалқаны» бағдарламасы елдің ақпараттық кеңістігін кешенді қорғауға бағытталып отыр. Ол ұйымдастырушылық және техникалық шаралармен қамтамасыз етілген. Тәулік бойы Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы қауіп-қатерлерді анықтайды және тиісінше әрекет етеді. Сонымен қатар интернет желісінде атақты адамдар мен шенеуніктер атынан жасалған «үндеулері» бар жалған бейнелер тараған кезде «Deep Fake» технологиясы көмегін тигізіп жатыр.
Жалпы, осы аталған шаралардың бәрі жолға қойылған халықаралық әріптестіктің арқасында іске асырылғанын айтуымыз керек. Біз халықаралық ынтымақтастыққа көп көңіл бөлеміз. Өйткені алдыңғы қатарлы дамыған елдерден үйренеріміз көп. Хакерлік шабуылдарға, интернеттегі алаяқтық қылмыстарына қарсы өзара іс-қимылдар жасап, тәжірибе алмасып отырамыз.
– Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Мемлекет басшысы елдегі ұлтаралық бірлік пен келісімге нұқсан келтіруге бағытталған кез келген арандатушылықтың жолын кесу қажетіне ерекше назар аударды. Комитет осы бағытта қандай жұмыс жүргізіп жатыр?
– Шынында да, қазіргі күні елімізде ұлтаралық қатынастар тұрақты болғанымен, әлемде, айналамызда болып жатқан шиеленісті жағдайлар бізден бұл мәселеге мұқият назар аударуды талап етеді. Тәуелсіздік алған кезден бері біз мемлекетіміздің ең басты құндылығы – көпэтносты Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағына көздің қарашығындай қарап, саф қалпында сақтай алдық. Ендігі кезекте діни, этностық және әлеуметтік негіздегі шиеленістер мен қақтығыстарға әкелуі мүмкін арандатуға жол бермеуге тиіспіз.
Бұл тек бір ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің міндеті емес. Әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде және заңнамаға сәйкес бірлесе жұмыс істейді. Басты міндет – шиеленіске алып баруы мүмкін белгілер мен жағдайларды дереу арада анықтау және олардың алдын алу. Мен осы орайда барлық ел азаматтарына қазіргідей алмағайып заманда бірлік пен тұрақтылықты қолдан шығармай, төзімді, ұстамды болуға, өзара түсіністік танытуға шақырар едім. Қазақ даласында ғасырлар бойы салтанат құрған достық, сыйластық, қонақжайлық дәстүрін берік ұстанып, ортақ шаңырағымыздың шайқалмауына әрбіріміз атсалысуымыз керек.
– ҰҚК-нің маңызды қызмет бағыттарының бірі – сыртқы барлау қызметі екенін білеміз. Сіздің ойыңызша, отандық барлау қызметі қазіргі уақыт талаптарына қаншалықты сай?
– Иә, сыртқы барлау қызметі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінде ерекше орын алады. Тәуелсіздік жылдарында толыққанды барлау қызметі құрылды, ол көптеген міндеттерді шешеді. Бүгінгі таңда Сыртқы барлау қызметінің алдында ұлттық қауіпсіздікке төнетін сыртқы қатерлер туралы мәліметтерді жинау және талдау, олар бойынша ел басшылығына уақтылы хабар беру, сондай-ақ мемлекеттік органдарға еліміздің мүдделерін шетелде қорғау мен ілгерілетуге жәрдемдесу бойынша міндеттер тұр.
Сыртқы барлау қызметінің нәтижелері жұмыстың ерекшеліктері мен құпия сипатына байланысты жария етілмейді. Бірақ ҰҚК СБҚ қол жеткізген материалдар мен жүргізген операциялар негізінде маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданғанын айта кету керек. «Отандық барлау қызметі заман талабына сай ма?» деп сұрап отырсыз. Иә, уақыт талабына сай. Өз қызметінде заманауи технологиялар мен ақпаратты өңдеу жүйелерін қолданады. Қазіргі таңдағы қалыптасып отырған геосаяси жағдайға байланысты барлау қызметі жетілдірілу үстінде.
– Мемлекеттің қауіпсіздігі шекарасының беріктігімен өлшенеді. Шекара қызметі – Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарайтын маңызды құрылым. Осы орайда біздің шекарамыз сыртқы қауіп-қатерлерден қаншалықты қорғалған?
– Біз Еуропа мен Азияны байланыстырып тұрған маңызды жағрапиялық аймаққа жатамыз. Екі құрлық арасында ерсілі-қарсылы ағылған нөпірдің бәрі заң талаптарын сақтайды деп айта алмаймыз. Сол себепті заңсыз көші-қон, есірткі тасымалы, қару-жарақ пен оқ-дәрі контрабандасы секілді мәселелер өзекті болып отыр. Бұған қарап, Шекара қызметі мен жедел бөлімшелердің жұмысы қауырт екенін көреміз.
Қол жеткізген табыстарымыздың қатарында халықаралық терроризм мен экстремизмге қатысы бар адамдардың шетелден елге ену жағдайлары тоқтатылғанын айта аламын. Тек осы алғашқы жарты жылда ҰҚК Шекара қызметінің күштері 11 000-нан астам шекара бұзушы ұстап, 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұдан бөлек, 7,5 млрд теңгеге бағаланған 1 тоннаға жуық түрлі есірткі заттары, сондай-ақ декларацияланбаған тауарлар мен жүктер тәркіленді.
Мемлекеттік шекараны күзету инфрақұрылымын жетілдіру үшін оны инженерлік құрылыстармен және тосқауылдармен, бейнебақылау жүйелерімен, сондай-ақ құжаттарды, автокөліктерді және жүктерді тексеру құралдарымен жабдықтау жүзеге асырылып келеді. Шекара қызметін қару-жарақ, жауынгерлік, автокөлік және арнайы техниканың жаңа үлгілерімен қамтамасыз ету жалғасып жатыр. Мұның бәрі – үкіметтік деңгейде шешілетін мәселелер.
Шекарашылардың шеберлігін шыңдау үшін республикалық, аймақтық ауқымдағы оқу-жаттығу жиындары жиі өтіп тұрады. Көрші мемлекеттердегі әріптестермен екіжақты байланыс орнатып, халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық жолға қойылған. Айта кету керек, шекара қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған шаралар ел азаматтары мен шетелдіктердің туристік, сауда-саттық және өзге де заңды мақсаттағы жүріс-тұрысына кедергі келтірмеуге тиіс. Сол себепті уәкілетті органдармен бірлесіп, мемлекеттік шекарадан өтуді жеңілдету бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта халықаралық жүк тасымалына да баса назар аударылады.
– Ермек Алдабергенұлы, қызметіңізде сіз кімдерге сенесіз?
– ҰҚК – «бәріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін» қағидаты бойынша құрылған үлкен команда. Жедел қызметкер, талдаушы, тергеуші, техник, арнайы жасақ жауынгері немесе қосалқы бөлім қызметкері болсын, біз үшін әрбір қызметкердің жұмысы аса маңызды. Комитет штатында өзінің кәсіби деңгейін жұмыс нәтижесімен дәлелдеген ҰҚК Академиясы түлектерінің саны артып келе жатқаны қуантады. Олардың көбі 15-20 жылдан астам жұмыс өтілі бар тәжірибелі басшылық құрамда қызмет етеді.
Комитет алдында тұрған міндеттерді шешудегі негізгі салмақ, әрине, жедел қызметкерлердің мойнына жүктелген. Олар ұзақ жылдарға созылған интеллектуалды күш-жігерді талап ететін қызметтерді жүргізеді. Сол кісілердің берген ақпараттары көбіне мемлекеттік деңгейде қабылданатын шешімдерге негіз болады.
Жоғарыда айтқанымдай, біздің қызметтің ерекшелігіне байланысты атқаратын жұмысымыздың мазмұнын толық ашуға болмайды. Алайда ҰҚК қызметкерлерінің көпшілігіне жоғары моральдық және отансүйгіштік қасиет тән екенін баса айтқым келеді. Біз ұлттық қауіпсіздік органдарына Отанға қызмет етуге дайын талантты жастарды қабылдауға әрдайым дайынбыз.
– Өзіңіз туралы да қысқаша айтып өтсеңіз. Қайда білім алдыңыз, бұған дейін қандай қызметтер атқардыңыз?
– Мен қарапайым отбасында туып-өстім. Сол кездегі бүкіл жас сияқты әскерде Отан алдындағы борышымды өтеп, жоғары инженерлік білім алдым. Спортпен шұғылдандым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарына қызметке шақырылып, әріптестерім сияқты кіші жедел уәкілден бастап, барлық қызмет сатыларынан өттім. Мемлекеттік күзет қызметінде де жұмыс істедім.
Арнайы қызмет басшысы лауазымындағы адамға қатысты ақпарат бізде ғана емес, басқа мемлекеттерде де толық жария етілмейді. Көпшіліктің ҰҚК туралы пікірі оның басшыларының өмірбаяны негізінде емес, қызметінің нәтижелері бойынша бағалағанын қалаймын.
– Бүгінгі Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің күніне орай әріптестеріңізге қандай тілегіңізді арнар едіңіз?
– Біздің ведомствоның әрбір қызметкеріне қажырлы еңбегі мен адалдығы үшін алғыс айтқым келеді. Олардың батылдығы мен кәсібилігін жоғары бағалаймын. Біздің қызметкерлер еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтарымызды қорғауға елеулі үлес қосып жатыр.
Әрбір қызметкерге кәсіби жолда биік белестерді бағындыруды тілеймін. Алға ұмтылып, жаңа жеңістерге жету, білім мен білігін арттыруда қанаттары талмасын. Дамуға ұмтылу алдымыздан кездесетін қиындықтарды сәтті жеңуге көмектеседі.
Сонымен бірге ардагерлерімізге жас офицерлерге үлгі болып, өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге қосқан баға жетпес үлесі үшін алғысымды білдіремін. Мемлекетіміздің қауіпсіздігіне бейжай қарамайтын азаматтарға және біздің миссиямызға көмек пен қолдау көрсететіндердің барлығына алғысым шексіз.
Сөзімнің соңында ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері мен ардагерлерін, олардың жақындары мен отбасы мүшелерін Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылған күнімен құттықтаймын! Зор денсаулық, табыс және бақ-береке тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»