Жезқазған қаласының 91-орамында асыл тұқымды ешкі өсіріп отырғандар бар дегенді естіп, бұл кәсіптің қыр-сырын білуге асыққан едік. «Есің шықса, ешкі жи» деген сөз бар халық арасында. Ешкі малының өсімталдығына байланысты айтылған болар. Біз іздеген кәсіп иесі Айнұр Ізбасова көп балалы ана екен. Ол ең әуелі «Бизнес-Кеңесші» курсында оқып, мемлекеттен бөлінген грант арқылы жеке кәсібін ашуға қол жеткізіпті.
–Бұл істі бастағаныма онша көп уақыт болған жоқ. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 2020 жылы бизнес жүргізу жөніндегі курста оқығанымда кәсіпкерліктің әр саласы туралы жан-жақты бағыт-бағдар берді. Мен ойлана келіп осы ешкі шаруашылығын таңдадым. Бизнес жоспарын жасадым. Сол арқылы әкімдіктің кәсіпкерлікті қолдауға арналған 555 мың теңге грантына ие болдым. Содан әуелде асыл тұқымынан 4 ешкі сатып алдым. Келесі көктемінде аналық ешкі лақтады, егіз тапты. Қазір 5 ешкінің төртеуін сауып отырмын. Ешкі сүті ем ғой. Сондықтан, сұраныс жақсы, адамдар өздері келіп алып кетеді, – дейді Айнұр.
Айнұр мен жолдасы Әліпбай отбасында 5 бала өсіріп отыр. Үлкендері 20 жасқа қараған студент болса, кішілері 6 жаста. Әліпбай Жомарт кенішіндегі шахтада ұнтақтаушы болып еңбек етеді. Вахтадан келгеннен соңғы 15 күннің ішінде жұбайының қолға алған ісіне көмектесіп, қол ұшын беріп отырады. Ал, негізінен кәсібіне қатысты барлық шаруасын Айнұр өзі жүргізеді десе болады. Қала шегінде көп ешкі ұстауға мүмкіндік жоқ. Дегенмен, сауынға арналған 7-8 бас ұстауға болады дейді олар. Жемі мен шөбін сатып алып отыр. Жем-шөпке кететін шығыннан тыс отбасы кірісіне пайдасы да бар көрінеді. Айнұр мен Әліпбай ешкі сүтінің адам ағзасына тигізер шипасы туралы да жақсы біледі екен.
Ғалымдардың дерегінше, аса пайдалы шөптермен қоректенетін ешкінің сүті – таптырмас ем, бойға қуат саналады. Сүт құрамында кальций, магний, фосфор, марганец, А, В1, С және Д дәрумендері бар. Мамандардың зерттеуі бойынша ешкі сүті анемияда, тағамдық аллергияда, туберкулезде, асқазан, ішек-қарын жолдарының ауруларында, диабетте, диатезде, ағзадан ауыр металдардың тұздарын таратуда және көздің нашар көруін жақсартуда пайдалы деген қорытынды жасалған. Сиыр сүтіне қарағанда ешкі сүтінде В12 дәруменінің құрамына кіретін кобальттың мөлшері 6 есе көп екені дәлелденген. Ешкі сүтінің құрамында сүйек тіндерін қатайтатын дәрумендер қоры жеткілікті болғандықтан, дәрігерлер балаға бір жастан бастап рахит ауруының алдын алу және оны емдеу үшін осы тағамды беруді ұсынады. Халық медицинасында да ешкі сүтінің тоқсан түрлі ауруға ем екені айтылады. Бір ғажабы, ешкі түлігі сиыр малы шалдығатын туберкулез, бруцеллез ауруымен ауырмайтын көрінеді. Міне, біздің де ешкі өсірушіні іздеп, бұл кәсіппен айналысушыға қызығушылық танытуымыздың сыры осында еді.
Іскер әйелдің ері Әліпбай айтады: «Әкем ауылда – Байқоңырда тұрады. Көп жылдан бері ешкіні өзі сауып, сүтін ішіп отырады. Сексеннен асып кетсе де әлі тың, ширақ», – дейді. Шағын болса да ешкі шаруашылығымен айналысудың балаларды еңбекке баулуға айтарлықтай әсері тиіп отырғанын да тілге тиек етті. Кешкілік ешкілерді балалар сыртқа шығарып, екі-үш сағаттай далаға жайылтып келеді екен. Лақтарды тамақтандыру да солардың мойнында. Сауын ешкінің лақтарын туғаннан бастап енесіне емізбей, сүт беріп асырайтын көрінеді. Қазір 8-9 лақ бөлек қоршауда жеке бағылуда. Еркек лақтарын өскенде сатуға қояды немесе өздерінің көже-қатығына жаратады. Ұрғашыларын өсіруге қалдырады. Айнұр қазір асыл тұқымды ешкінің 3 түрін өсіріп отыр. Альпі ешкісі, заанен және нуби тұқымдары бар. Алдағы уақытта бағалы түліктің қатары өссе елге ұсынар өнімінің де молаярына сенімді.
Кәсіпкер қазір күніне 7-8 литрдей сүт сатады. Литрі 1300 теңгеден. Тұрақты келіп алатын адамдары бар. Ешкі сүтінен айран да ұйытады. Айраны да өте сапалы дейді. Шағын шаруашылығын осылайша дөңгелетіп отырған Айнұр Ізбасова қолға алған кәсібіне дән риза.
Амандық РАХҰЛЫ.