Биыл ақпанның соңына салым «Қарсақбайдағы завод жабылады екен» деген жайсыз хабар тарады. Бұл аймақ жұртшылығын қатты алаңдатты. Артынан әлгі жаңсақ ақпарат екені анықталды. Металлург күні қарсаңында Қарашаңыраққа арнайы барғанда, жігіттердің жайдары жүзін көріп, көңіл жайланды.
«Түсті металлургияның қарашаңырағы» десек, көңіл төрінде қасқайып Қарсақбай тұра қалады. Әдетте кенжесіне қалатын «қарашаңырақты» қазақ «үлкенүй» деп жатады. Сол қастерлі қарашаңырақтың өрендерін қарт Қарсақбайдың тарихын тарқатып, таң қалдыра алмайсың. Өйткені, оны осы өңірдің кәрі-жасы жақсы біледі: ағылшын ашқанын, олар «қызылдардан» қалай қашқанын, өндіріс ошағы орналасқан жұмысшы кенті кезінде аудан орталығы болғанын, тағы-тағысын, тамсана әңгімелейді.
Алғашқы қара мыс алынғаннан «айдарынан жел ескен» Қарсақбайдың басына қара бұлт жетпісінші жылдармен жағаласа жетті. 1971 жылы ақпанда Жезқазғанда алғашқы мыс тұтынушыға жөнелтілді. Сол тұста Қарсақбайдағы завод оқыстан отқа оранды. Өрттен соң оның мұржасынан көкшулан түтін көрінген емес. Сөйтіп, Қарсақбай тарихын «дейін», «кейін» деп таңбалайтын кезең басталды. Ол өрт өндіріс ошағын ғана емес, елдің өзегін де өртеді..
Зейілбек Қаратемәіров, Смағзам Нұрмағанбетов, Ғабит Ермағанбетов
Ошақ отын өшірмеу үшін үлкен үйдің «кенжесі» шықты белсеніп. Ол – жарықтық Қадір Мәткенов еді. Балқыма алынбағанымен, Қарсақбайда қалған елдің несібесін айыратындай өндірісті сақтап қалу жолында қайран Қадір ағам қолдан келген мүмкін нәрсенің бәрін жасады: жұрт білетін жағдайды қайталап жатпаймын. Қоныс аудармай Қарсақбайда қалған қауым қажетін қанағаттандырған, үзілмеген үміттің куәсіндей кәсіпорын қайта құрылды. Кезінде алқынған пеште от ойнатқан металлургтің баласы мен немересі тың кәсіпті қазір мінсіз меңгеріп алған.
Ерболат Әлжанов
Бұл – уақыт өзі үйлестірген өзгеріс. Тоқетеріне тоқталсақ, қарашаңырақ тірлігі көптен көш ілгері болмаса да, көңіл жабырқайтын жайы жоқ. Өңірге шақ – өндірісі, «тәубә!» дейтіндей тұрмысы бар. Қазір кәсіпорынның тізгіні Қадір ағаның баласы Мұраттың қолында. Заводта бірыңғай өз кәсібінің білгірі мен қарашаңыраққа қашанда адал «кенжелер» қалған. Бәрі ортақ мақсат үшін білек біріктірген. Тіпті ілгеріде ағылшын әкелген жабдықтың өзі әлі кәдеге жарап тұр. Бұл – қарсақбайлық кәсіпқойдың кәнігі шеберлігі!
Кәсіби мереке қарсаңында өздерін қашанда металлургтер сапында санайтын қарсақбайлықтарға арнайы ат басын бұрып барғанда, кәсіпорын басшысы Мұрат Мәткенов «Аманат» партиясынан сайланған депуттаттардың Елордада өткен алқалы жиынынан әлі оралмапты. Директордың орынбасары Смағзам Нұрмағанбетовті, құю-механикалық цехының бастығы Ғабит Ермағанбетов пен электр механигі Зейілбек Қарасартовты өндіріс мәселесін талқылап жатқан шағын кеңес үстінде кездестірдік.
– Заводта кен-металлургия жабдығына қажетті ондаған түрлі қосалқы бөлшек құйылады. Түскен тапсырысқа сәйкес жүйеленген жоспарды ай сайын ойдағыдай орындап, өңделген өнімді тұтынушыға уақытылы жөнелтіп келеміз. Ұжымның әлеуметтік мәселесі де назардан тыс қалған емес. «Қазақмыс» компаниясы биыл цех ғимаратының шатырын жаңартып берді. Қазір киім-кешек ауыстыратын орынды, жуынып-шайынатын жерді күрделі жөндеуден өткізуде, – дейді Смағзам Нұрмағанбетов.
Оразай Жанәділов
– Бәсе, жігіттердің көңіл-күйі көтеріңкі көрінді, – дедім, әзіл-шынын араластырып. Сөзуар болмаса да, ұрымтал тұста есе жібермейтін Секең: «Оныңыздың жаны бар. Жағдайың жасалып жатса, неге жайдары жүрмеске? Бірақ, жігіттердің жігерін жанып, рухтандыратын мынау қарашаңырақтың қуаты ма деп те ойлаймын кейде. Неге десеңіз, дастархан басында немесе қолы боста өзін сабырлы ұстайтын сол жігіттерді жұмысқа келгенде таза танымай қаласыз. Әйтеуір, бір құдірет бар» деді, сабырлы қалпын сақтап.
Тұрлыбек Мүсиев, Мұрат Мұқанов, Қабиболла Ерубаев
Қосалқы бөлшектер шойын құю телімінде Мұрат Мұқанов басқаратын бригададағы металл қорытушы Қабиболла Ерубаев, қалыптаушы Тұрлыбек Мүсиев сынды жігіттер мен әріптестерінің қолынан өтеді. Сосын механикалық телімдегі темір жонушы Оразай Жанәділов оның кедір-бұдырын тегістеп, слесарь-жөндеуші Ерболат Әлжанов бұрандасын салады. Қарсақбайлықтар Металлург күнін лайықты қарсы алуға жұмылған. Биыл күзде қарсақбайлық алғашқы қара мыстың алынғанына 95 жыл толады. «Жаратқан ием жүз жылдығында жолуға жазсын!» деген игі тілекпен тарқастық.
Кенттің келешегін құрамы темірге аса бай «Балбырауын» кен орнымен байланыстыратын жұртшылық Қарсақбайдың іргесінен өтетін «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы жаңа мүмкіндікке жол ашатынына сенімді. Кезегін күтіп «Керегетас» жатыр. Әлемдік нарықта темірге сұраныс артып, екеуі ел игілігіне айналса, екінші Қазақстан Магниткасы өмірге келетініне күмән жоқ…
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.