Алматы облысының Қонаев қаласында жас геологтардың I республикалық далалық олимпиадасы өтеді. 9-14 шілде аралығында жас геологтар әртүрлі геологиялық пәндер бойынша, атап айтсақ, палеонтология, гидрология, радиометрия, минералогия және петрография, пайдалы қазбалар геологиясынан жарысқа түседі.
Олимпиадаға 9-11-сынып оқушыларының ішінен 200 бала, Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен барлығы 16 команда қатысады. Жеңімпаз командалар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жеке есепте ең көп балл жинаған жас геологтар елдің техникалық жоғары оқу орындарында білім гранттарын алады.
Олимпиаданың басты ұйымдастырушылары – «Жас геолог» корпоративтік қоры және «KazakhmysBarlau (Қазақмыс Барлау)» ЖШС. Жас геологтардың республикалық далалық олимпиадасын өткізу Қазақстанның білім беру іс-шараларының күнтізбесінде маңызды оқиға болып табылатын жыл сайынғы дәстүрге айналды. Басты мақсат – геологиялық ғылымдарды зерттеуге көбірек жастарды тарту.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметі.