Мұқан Үңгітбаев,
«Нұрқазған» кенішінің директоры:
1. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдарда Қарағанды облысы төңірегінде еңсе тіктеген жаңа кен орындарының қатарында «Нұрқазған» кенішінің шоқтығы биік. Жылына 4 млн тоннадан артық кен өндіретін кен орнының келешегі кемел.
«Нұрқазған» кен орнының болашақтағы әлеуеті зор. Сондықтан «Қазақмыс» басшылығы кенішке ерекше көңіл бөлуде. 2028 жылға қарай кен қорын ұлғайтып, жылдық жоспарды 6,5 млн тоннаға жеткізу межесі тұр. Бұл үшін қазірдің өзінде қарышты қадамдар жасалуда. Өтіп бара жатқан жылы кен қорының көлемінің ұлғаюына байланысты жаңа конвейер желісі іске қосылды.
Жаңадан салынған конвейердің есебінен кенді іріктеу мен ұнтақтау үдерістері жаңа әдістер бойынша жүзеге асырылуда. Жаңа конвейерді іске қосуға «Қазақмыс» корпорациясы инвестиция бөлді.
Кен өндіру қауіпті сала болғанымен еңбегінің арқасында ер атанып жүрген даңқты кеншілеріміз барда нұрқазғандықтардың келер күнге деген үміт сәулесі маздай бермек. «Қазақмыс» компаниясының басшылығы кеніштің техникалық базасын жыл сайын жаңартып келеміз. Биылғы жылы жаңа бұрғылау техникасы, қуаттағыш алынды. Осындай қамқорлықтың арқасында кеніштің әлеуеті арта түсуде.
Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Осы мерейтой қарсаңында кеніш ұжымы барлық жоспарларды Тәуелсіздік тойына дейін еңсерді. Осылайша «Нұрқазған» кеншілері Тәуелсіздіктің торқалы тойы мен Жаңа жылға толайым табыспен жетті. Әрине, бұл межелі міндетті еңсеруге ұжым бірлігі сеп болды. Кеніштегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің де бұл бағыттағы атқарған жұмысы ұшантеңіз.
Сонымен қатар, әлеуметтік бағытты бағдар етіп ұстанған «Қазақмыс» компаниясының басшылығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында көп балалы еңбеккерлерге пәтер кілттерін табыстады. Бұл игіліктен «Нұрқазған» кенішінің жұмысшылары да шет қалмады. Компанияның қамқорлығының арқасында бірқатар нұрқазғандық пәтерге ие болды. Жоғары өндірістік көрсеткештерге қол жеткізіп, озаттар көшін бастаған жекелеген азаматтарымыз бар. Солардың қатарында Нұрбол Сембин үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
2. Сарыарқаның кең даласынан кен қопарған нұрқазғандықтардың табысқа жетіп, топ жаруы ұжымның ауызбіршілігі мен ынтымағының, еңбекке деген сүйіс-
пеншілігінің арқасы деп білемін. Келер Барыс жылында «Нұрқазған» кенішінің екінші бір тыныс ашылып, ірі жобалар жүзеге асады деген жоспарымыз бар. Қолдау бар жерде жоспарды еңсеруге нұрқазғандықтар әрқашан дайын.
Жаңа жылдан күтер үмітіміз көп. Бастысы еңбек адамының амандығы мен саулығы маңызды. Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Жандос Күлшарипов,
Жыланды кенішіндегі конвейер телімінің ұнтақтаушысы:
1. «Қазақмыс» басшылығының Жезқазған өндірістік аймағындағы кен барлау жұмыстарының нәтижесінде қатарға қосылған Жыланды әлеуеті зор кеніштің бірі.
Кен өндіру қуаты 50 жыл деп болжанған кен орнының алғашқы қадамдары сәтті. Биылдың өзінде Жыланды кеншілерінің табысы ұлғайып, кенді ұсақтайтын конвейер телімі ашылды. Бұл дегеніңіз Жыландының келешектегі көкжиегінің кемелдігін аңғартады. Мен аталмыш кеніште еңбек еткеніме 2 жылға таяды. Бұған дейін Жезқазған байыту фабрикасында еңбек етіп, шыңдалу мектебінен өткен болатынмын.
Тағы бір жылды тарих дейтін қарияның құзыретіне тапсырып, жаңа жылдың табалдырығында тұрмыз. Сынаптай сусыған уақыттың тұралар маңы қайсы? Уақыт тұрлаусыз, тұрақсыз һәм мекенсіз. Сондықтан болар, одан есеп сұрау мүмкін емес. Ал адам кешегіге есеп беріп, ертеңіне мақсат қоюы міндетті.
«Ескі жыл несімен есте қалды?» дегенді саралар болсақ, өтіп бара жатқан 2021 жылдың еншісіндегі басты жаңалық деп конвейер желісінің іске қосылуы мен 2500 мың адамға арналған әкімшілік-тұрмыстық кешеннің ашылуын атап айтқан болар едім. «Қазақмыс» корпорациясы басшыларының еңбек адамына деген құрметі ретінде бағаланатын жаңа кешеннің ел көлемінде баламасы әзірге жоқ. Заманауи үлгідегі ғимаратты жұмысшылар игілігіне табыстаған корпорация басшылығына алғысымыз шексіз.
Сиыр жылында кен өндірісіне қосқан үлесім бағаланып, құрметке кенелдім. Атап айтқанда, Тау-кен металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының кеніштегі комитеті төл мерекемізде марапаттады. Бұл марапат жаңа кеніштегі алғашқы жетістігім.
«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» демекші, биылғы жылда жеке өмірімде де еңбек жолымда да табысты болдым. Сондықтан Сиыр жылына өкпем жоқ. Ал, Барыс жылынан күтер жағымды жаңалығым мол. Іске қосылған конвейерлік желілеріміз кен ұсақтау көлемін ұлғайтып, кеніштің жаңа қуатқа ие болуына өз үлесімді қоссам деген ниетім бар.
2. Жаңа жыл – бақыттың бастауы, ынтымақ пен берекенің ошағы, елімізге құт дарыған, бейбіт және тыныш жыл болсын! Әр жылдың өз ерекшелігі бар. Келер жыл сіз үшін де, біз үшін де табысты жыл болғай!
Жалпы, келер жылы жақсы жаңалықтарымен келеді деп сенемін. Барша қазақстандықтардың отбасына Барыс жылы құт-берекесімен, жағымды хабарымен келсін. Ескі Жылдың қайғы-мұңын, өкпе-ренішінің барлығын артқа тастап, кіріп келе жатқан Жаңа Жылды көтеріңкі көңіл-күймен, таза, тың ойлармен қарсы ала білейік. Себебі, әрбір жыл өзінің дайындап отырған қуанышымен, бақытымен, сыйымен келеді.
Әлия Сүлейменқызы БӘЖІБАЕВА,
Қарағанды облыстық Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының директоры:
1. Қоштасар жыл біздің ұжымымыз үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Бұл жылмен қоштасар сәтте және бір қуанышқа кенеліп отырмыз. Білім ұямызға ұлы ақын Абай аты беріліп, мәртебеміз бір өсіп қалды.
Мектеп-интернатымыз «Өркен» болып 2017 жылы ашылған еді. Ал өткен жылдың қаңтар айында заманауи үлгіде салынған жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі үлкен қуанышқа бөледі. Еңселі де ауқымды мектептің сыртқы көркі қандайлық көз тартарлық болса, іші мүлде кірсе шыққысыз. Балаларға деген шынайы қамқорлықтың жарқын мысалы деп ауыз толтыра айтарлықтай. 23 оқу кабинеті бар, оның 15-і интерактивті тақталармен жабдықталған. Сондай-ақ 2 шеберхана, 2 технология, 3 информатика, 1 робототехника, 1 ІТ кабинеттері, 1 хореография залы мен үлкен мәжіліс залы бар. Медициналық және психологиялық кабинеттер қарастырылған. Мұның сыртында оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорт зал, өз алдына гимнастика залы, баскетбол, футбол алаңдары, демалыс бөлмелері толықтай жабдықталған. 310 орындық асхана ол бар. Бір сөзбен айтқанда, 2021 жылы сәнді де қолайлы мектебіміз өз алдына шаңырақ көтерді.
Ескі жыл біз үшін несімен есте қалды дегенге келер болсақ, әрине Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім ұямызда болуын айрықша айтар едік. Мемлекет басшысына мысты қала Жезқазғанда осындай заманауи үлгідегі мектеп-интернатымыз бар екенін көрсету сәтінде көңілімізге үлкен мақтаныш сезімі ұялады. Президенттің педагогтармен және оқушыларымызбен жүздесулері, жүрек жарды ақ тілегін есту зор әсерге бөледі. Бұл қуанышты күн білім ұямыздың тарихында алтын әріппен жазылып қалмақ.
2. Жаңа жылдан күтеріміз көп. Жас ұжымымыз бір жылға есейеді. Біз өзімізге соны міндет жүктеліп отырғанын жете түсінеміз. Бүгінгі білім жүйесіндегі қазіргі заман талабына сай жас өркендерге тәлім-тәрбие беруде жаңашылдық көрсете білуіміз керек. Сондықтан да инновациялық үрдісті мектепте батыл енгізудеміз. Иә, әлі ізденіс үстіндеміз, қалыптасу кезеңіндеміз. Ендеше жаңа келер жылда ізденісімізді жандандырып, жаңашыл қадамдарға баратынымыз анық.
Ұжымымыздың алға межелеп отырған оқу-тәрбие жұмыстары ауқымды. Айта берсем, ол ұзақ әңгіме. Жезқазған аймағындағы оқуда үздік қабілетімен танылған оқушылардың дарынын, жан-жақтылығын ұштай түсуімізге бар мүмкіндік жасалып отыр. Қолға алынған жұмыстардың кейбірін ғана санамалап өтейін. Білім ұямыздың үлкен бір залының қабырғаларында ұлы ақын Абайдың ұлағатты сөздері жазылып қойылған. Оны «Абай залы» атадық. Абайтану кабинеті және бар. «Өлкетану кабинеті» ұлт ұясы Ұлытауға арналған. Оқушылардың өз телестудиясы және «Өркен» медиорталығы бар. Сонымен қатар, артстудия, Фэшен студия, интеллектум студиясы ашылды. Жаңа модернде жабдықталған «STEAM», Greenlab зертханалары, Cooking Club кабинеті жұмыс істеп тұр. Мектебіміз жаңа 2022 жылы жаратылыстану, математикалық және гуманитарлық бағыттарды ұстана отырып, жаңа үйірмелермен, оқу-тәрбие орталықтарымен толыға түсетін болады.
Әңгімелескен
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.