Облыста салауатты өмір салтын сақтау бағытында ауқымды бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылып келе жатыр. «Kazakhmyssmelting» пен Жезқазған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен әуесқой спортшылар үшін «CUPRUM RUN ZHEZKAZGAN-2023» жүгіру марафоны өтті.
Жексенбілік демалысқа қарамастан таң ертемен Алаш алаңына жиылған халықтың қарасы көп. Жасы да, жасамысы да осында. Әуесқой спортшылар бір алаңға жиналып, 5 және 10 шақырым қашықтыққа жүгірді. Салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттау барысында өткізілген жарысқа 200 ден астам адам қатысты.
Ұйымдастырушылар жарыс кезінде спортшыларға ержелерді түсіндірді. Жастарды ынталандыру мақсатындағы іс-шара мұнымен бітпек емес дейді.
– «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС денсаулық жылы аясында осындай жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Бүгін, міне, оны қала әкімдігімен бірлесе ұйымдастырып тұрмыз. Қазір елімізде спортқа ден қойып, өзінің белсенділігін көрсетіп жүрген жастар өте көп. Бүгінгі шара Жезқазған тұрғындарын салауатты өмір салтына баулу, жастар арасында спортты дамытуға бағытталып отыр, – деді жарысты ұйымдастырушылар атынан Темірлан Керімбеков.
Жүгіру марафонына 10 ерекше бала арнайы шақырылған. Олар үлкендерден бөлек «старт» нүктесінен өздеріне тиесілі қашықтықты ата-аналарымен бірге жүгіріп өтті. Жарыста мәре сызығын алғашқы болып Айқын Алмас кесті. Бірқызығы, бұл Айқынның алғашқы марафоны екен. Сөйтіп ол бірден қанжығасына бас жүлдені байлады. Әр балаға ұйым атынан сыйлықтар мен медальдар табыс етілді.
Жарыста ер-азаматтармен қатар нәзік жандылар да ерекше белсенділік көрсетті. Айта кетейік, марафонға қатысу құны 3000 теңгені құрады. Барлық түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ