Қазыналы «Қазақмыстың» Қарағанды аймағындағы «Нұрқазған» кеніші қатарға қосылған жылдардан бері өндірістік көрсеткіштерді жоспарға сай орындап келеді. Жылдық кен өндіру жоспары 4 миллионды құрайтын кенішке барғанымызда өндіріс ошағының директоры еңбек ұжымындағы телімдер мен бригадалардың табысын тілге тиек етті.
– Біздің кеніш корпорация құрамындағы кен өндіруші құрылым ретінде табыстың деңгейінен түскен емес. Жылдық межемізді орындап келеміз. Бұл, әрине, еңбек адамдарының сүбелі еңбегінің арқасы. Осы тұста кен өндіруде көшбасынан көрініп келе жатқан Нұржан Аяшев пен Нұрбол Сембиннің бригадаларын ерекше атап өткенді жөн санадым. Кен өндірісінде әбден шыңдалған бұл бригадирлер өз қарамағындағыларды еңбекте табысты болуға жетелеп қана қоймай, жастарды тәрбиелеуде, – деп сөзін түйіндеді кеніш директоры Мұқан Жалғасұлы.
Табысқа жол ашқан білікті бригадир Нұрбол Сембиннің бригадасымен жүздесуге 700 метрлік тереңдікке түстік. Нұрбол Талдығалиұлы мен кеніштегі «КәсіпҚорған» кәсіподақ комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов бастап, еңбек ұжымына алып барды. Кен бұрғылау жұмыстарына «Монаматик» техникасын әзірлеп жатқан бұрғылаушы Самат Әбішев, жас маман Нұрбек Жармұқанмен тілдесудің сәті түсті.
Бригадасын табысқа бастап келе жатқан Нұрбол Сембин Ұлытау ауданының Қарақұм ауылында дүниеге келген. 1998 жылдан корпорацияның құю-механикалық зауытында, жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнында дәнекерлеуші болған Нұрбол 2009 жылы отбасылық жағдайымен Қарағандыға қоныс аударып,«Нұрқазған» кенішіне сервистік телімде дәнекерлеуші, кейіннен аға слесарь болды. Шахта жұмысына көзі қанығып, тәжірибе жинақтаған ол кейіннен бұрғылау станогына отырды. Оның да тілін тез тапты. Көп ұзамай бригада басқарды
– Бұрындары аға слесарь деген кәсіп болды. Соны атқара жүріп, бұрғылау техникасының қыр-сырын меңгердім. Техниканы игеру қабілетіме қарай, телім басшысы мен ұжым бригада басқаруды ұсынды. Өзімнің жетекшілігімдегі бригада жайында айтар болсам, тыңға түрен салып жүрген бұрғылаушылар Самат Әбішев пен Сағат Құдайбергеновтің кәсібилігі жастарға үлгі. Біздің ізімізді жалғастырып келе жатқан Қабылбек Ақарыс, Қайыржан Баймұратов, Нұрбек Жармұқан, Бекжан Әйтімбетовтен күтер үміт мол. Бригадамызға берілген айлық жоспар 250 қума метр болса, біз оны 270 қума метрден кем түсірмей келеміз. Мұның барлығы да өз кәсіптеріне берілген жігіттердің арқасы, – дейді үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегері Нұрбол Сембин.
Телім басшысының міндетін атқарушы Ғабит Жүндібаев пен телімге басшылық жасап, уақытша кеніштің бас инженері болып жүрген Азамат Есеновтың басшылығының арқасында телімде табыс қазаны тасуда.
Бригадада Самат Әбішевтің жөні бөлек. Білікті бұрғылаушы атанған Самат Ибрахимұлы мұнда 2000 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қарағанды мемлекеттік техникалық институтын тау-кен ісі бойынша тәмамдаған Самат Әбішевтің тәлімінде шыңдалып жүрген жастар жетерлік.
– Мен әке жолын жалғап, осы кәсіпті серік еттім. Алдымдағы ағалардан үйренгенім көп болды. Қазір өзім де тәлімгер атанып үлгердім. Кен өндіру саласын таңдағаныма әсте өкінбеймін. Өзім тәрбиелеген жастарға қарап, мерейім өседі. Ақарыс Қабылбек, Нұрбек Жармұқанов сынды жастар сенім үдесінен шығуда, – дейді.
Ағалардың ізін басып келе жатқан Нұрбек Жармұқан әке жолымен кенші мамандығын таңдаған. Әкесі Сәрсен 15 жылдай №57,67 шахталарда дизельдік телімде еңбек еткен. Нұрбек Сәтбаев қаласындағы технологиялық колледждің базасында алған білім жеткіліксіз екенін бағамдай келіп, Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне оқуға түскен. Кен бұрғылау жұмыстарын Самат Әбішевтан меңгеріп жүрген Нұрбек мұнда 2019 жылдан бері бұрғылаушының көмекшісі.
– Тау-кен саласы маған бала кезден таңсық емес. Сондықтан әке тәлімін үлгі етіп кенші мамандығын игеруді жөн санадым. Самат Ибрахимұлынан үйренгенім көп. Алда мықты маман атануға қадам жасаймын. Іскерлігі мен білімі ұштасқан тәлімгеріме, бригада жетекшісіне айтар алғысым зор, – дейді Нұрбек.
Осы сапарымызда Нұржан Аяшев бригадасының білікті бұрғылаушысы Ерден Ермановты жолықтырдық.
Ұлытау ауданының Қарақұм ауылында дүниеге келген Ерден Әбсатұлы аталған кеніште 2007 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Алты алашқа аты шыққан ақын, қазақ халқының төл өнері айтыстың жандануына үлес қосқан Жүрсін Ерманның немере інісі болып келетін Ерекең әулеттегі жалғыз кенші. Төрт баланың әкесі Ерден Әбсатұлы тәжірибелі маман.
– Бұл салаға келгенімізге де 16 жыл болыпты. Біраз шыңдалдық, абырой жинадық. Ұжымның ауызбіршілігінің арқасында табысқа кенеліп келеміз. Өзімді көптен бері мазалап жүрген жайт бар еді. Қазір ауыр өндірістегі, соның ішінде кеншілердің зейнет жасын 63-ке ұзартудың мәселесін қайта қарап, бұрынғы 55 жасқа төмендету керек. Қайткенмен ауыр өндіріс адам денсаулығына зиян. Көптің көкейіндегі осы сұрақ шешілсе деймін, – деді Ерден Әбсатұлы.
Елдің ырысын еселеуде сүбелі үлес қосып жатқан нұрқазғандық кеншілер жоспарды орындауда көшбасынан табылып қана қоймай, еңбек жағдайын жақсартуда да өздерінің идеяларымен танылуда. Ол да табыстың тасуының кепілі.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ