Анасы Рымкүл Жаңа жылмен құттықтағандарға: «Иә, мен үшін қуанышты күн. Өйткені 31-інен 1-іне қараған түнде Жұлдызым дүниеге келген», – дейтін жайдарлы үнмен. Анасы бар дәмді тамағын дастарқанға қойып, Жұлдыздың туған күнін тойлайтын. «Сельсовет ағай ғой сенің туған күніңді 5-і деп туу туралы куәлігіңе қате жазып қойыпты. Жұлдызым жаңа жылмен қатар келген үйге», – деп отырушы еді мамасы.
Тұңғыш немересі Ақсұлтан дүниеге келгенде қызық болған. Үйге шығып, шілдеханасын тойлап жатқанда:
– «Ақ түйенің қарны жарылып» Ақсұлтаным Жаңа жылды үйге ала келді, – деген-ді бір кезде анасының айтатын сөзін есіне ала қайталап. – Әжесінің туған күнінде дүниеге келген Ақсұлтанымнан айналайын!
– Мама, қалай сонда, сіздің туған күніңізді 5 қаңтарда тойлап жүр емеспіз бе? – дегені ғой таңдана келіні Нәркес.
– Е, ол құжат бойынша ғой. Анамыздың көзі кеткен соң туған күнді құжат бойынша атап өтетін болдық қой, – деп түсіндіріп жатыр.
– Ой, қандай тамаша, мама! Енді бұдан былай немереңіздің де, өзіңіздің де туған күндеріңізді 1 қаңтарда тойлайықшы. Туған күндеріңіз бір күн болғаны қандай тамаша болды! – деп келіні Нәркес мәз-мейрам болып.
Екінші ұлы Азаматынан сүйіп отырған Ақсұлтаны аман болса жаңа жылда 3-ке келеді. Атасы Талғатты көрсе алдына ұмтылып, ұшып кете жаздайды. Өзі немересін кәдімгідей қызғанып қалатыны бар… Ақшаловтар шаңырағы ескі жылды шығарып салып, жаңа келген жылды қарсы алу рәсімі туған күнге ұласып, той-думанға кенелетін болған. Бұл отбасы қуаныштарын құда-құдағилары мен ағайын-туыстар бірге бөлісуге ықылас танытып жататындығы да сыйластықтың бір сәні.
Өмірдің өзі қызық-қуанышымен мәнді ғой. Ел болып мәз-мейрам болып тойлар мерекеге не жетсін! Мәре-сәреге бөленер шаттық отбасы қуанышына ұласудың өзіндік қызығы болады екен. Кеше ғана ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын дүркірете тойладық емес пе! Ұлы тойдың қарсаңындағы мерекелік шаралар көңіл қуанышын бір серпілтіп тастады. Қаншама жандар құрмет-қошеметке бөленіп, марапаттарға ие болды. Соның бірі – қайынапасы Жезқазғандағы жаңадан ашылған «Өркен» дарынды балалар мектебінің тарих пәні мұғалімі Жанат «Тәуелсіздік жаршысы» медалін алды. Құтты болсын айтып, қуанышымен бөліскен.
– Жұлдыз, құттықтағаныңа рахмет! – десін қайынапасы. – Марапат саған да жұғысты болсын! Ұстаздық еңбегің жана берсін! Ұстаздар әулетінен шыққан сен, Жұлдыз, қаныңда бар жаратылыс-болмысың нағыз бала бағбанысың ғой. Оныңды бір білетін адам болса, оны әріптес ретінде мен білемін. Айтпақшы, 30 жылдық той сендердің отбастарыңа да тән ғой. Сенің ұстаздық еткеніңе – 30 жыл, Талғат екеуіңнің отбасы құрғандарыңа да – 30 жыл, тұңғыш ұлың Азамат – 30 жаста. 30 жылдық тойдың бәрі сендерде. Тойларың тойға ұлассын! – деп қайынапасы ақтарыла тілегін айтсын. Алған медаліне құтты болсын айтқаны сол, ақырында өзі ақ тілекке кенелді. Жанат отбасыларының бар қуанышын жайып салды. Өзінің бар ғұмырын бір тілекке сыйдырды. Өткен өмірі қас-қағым сәт көз алдына тұра қалды.
…Өлкетанушы Сағындық Қожамсейітовтің «Қарашаңырақ Қарсақбай» кітабы үйлерінің төрінде тұр. Осы өңір тарихынан сыр шерткен бұл кітапта атасы туралы мынандай жолдар бар: «Сонау жиырмасыншы-
отызыншы жылдары аты аңызға айналған мұғалімдер Сейітжаппар Оспанов… тағы басқалардың есімдерін Ұлытау – Жезқазған өңірінің қарт ұрпақтары бүгінге дейін ерекше алғыс сезімімен, үлкен құрметпен еске алады». Атасының есімінің ең бірінші аталуын асқан мақтаныш тұтады. Ес білгеннен елдің ол кісі туралы жылы лебізін естіп өсті. Жасы ұлғайған кісілердің: – Е, сен Сейітжаппар мұғаліміздің немересі екенсің ғой, айналайын, – деген сөзін жиі еститін. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген нақылды құлағы шалып қалғанда оның түпкі мәнісін ұғына алмай «Бұл қалай?» деп таңданатын. Кейін келе атасы туралы жылы лебіз естігенде:
– Е, мың жасайтын адам, бәрінен бұрын осы мұғалімдер екен ғой. Бала кезінде хат танытып, оқытып-тәрбиелеген сол аяулы жандарды шәкірттерінің кейін де ұмытпай еске алулары сол мың жасағандық емес пе деп ой түйетін болған. Бала кезінде атасы туралы естісе, кейін ержеткенде өзіне: «Міне қара, Жұлдыз-ау, сені танымай жатсақ өзіміздің Сайын мұғаліміміздің, Рымкүл апайымыздың қызы екенсің ғой, – деп бір ауыз сөзбен іш тарта сөйлеуін естігенде төбесі көкке бір елі жетпей қалатын.
Оспановтар мұғалімдер әулетінен шыққан соң табиғатынан, үлкендер айтпақшы, «қанында болғандықтан» да шығар мектепте оқып жүргенде-ақ мұғалім болуды армандады. Ойын әкейіне айтқанда өзін қуана қолдап, Борсеңгір орта мектебінің 8-сыныбын бітірген 1987 жылы Жезқазған педагогикалық училищесіне оқуға берді. Ол оқу орнын бітірген 1991 жылы Сарысу орта мектебінде ұстаздық жолын бастады. Сол жылғы қаңтардың 16-сында Сарысуға келін болып түскен. Сол жылы тұңғыштары Азат дүниеге келді. Ел Тәуелсіздігі жарияланған 16 желтоқсан күні Ақшаловтар әулеті нәрестелі болды. Сәбиге Азат есімінің берілуі де содан. Азат елдің ұланы ғой деп атын Азат қойған үлкендер.
Ауылдағылар: – Бұл Ақшаловтардың келіндерінің төртеуі де мұғалім. Келіндері жағынан ұстаздар әулеті, – дейтін әзілдей. Тағдырдың үйлестіруі ғой, абысындары Гүлнар, Жанат, Гүлназ – мұғалімдер. Төртіншісі Жұлдыздың өзі. Абысындар арасындағы сыйластықтың бір мәнісі осында шығар. Әрине кәсіптері бір болған соң айтар әңгіме арқауы да ортақ. Ой-өрістері де ортақ, сол – мектеп, бала тәрбиесі төңірегі. Өзінше пайымы бұл.
Ұрпақ сабақтастығы деген осы екен ғой. Бір кезде «ұстазымыздың немересі», «ұстаздарымыздың қызы» атаса, енді өзін «мұғалім апайымыз» дейтін болды. Кешегі алдын көрген шәкірттері «мұғалім» деп әлі күнге дейін алдында иіліп тұрады. Соның өзі бір ғанибет. «Мынау кешегі оқушыңыздың баласы, әдейі сіздің сыныбыңызға беріп тұрмыз», – дейтіндерін қайтерсің. Отыз жылдық ұстаздық еңбек жолында қаншамасын білім табалдырығын аттатып, қолына қалам ұстатуды үйретті. Түк білмейтін балдырғандарды 1-сыныпқа қабылдап алып, төрт жыл бойы оқытып-тоқытып, оң-солын танытып, есейтіп шығарып саларда қимай қоштасарыңды қайтерсің. Ол да бір өмір ғанибеті. Ұстаздар еңбегінің жоғары бағаланары орынды-ақ қой.
Кейбір жанашырлар өзіне:
– Бастауыш сыныптарға сабақ берген азап қой, қалай шыдап жүрсің. Дипломың бар, пән мұғалімі болсаңшы, – дер еді. Сырт көзге солай көрінетін де шығар. «Үйде бір баламызды оқыта алмай жүйкеміз тозады, сендер бір сыныптағы балаларды шыдап қалай оқытасыңдар осы!» – дейтіндер де табылады. Өзі үшін балдырғандардың орны бөлек. Оларсыз өмірін елестете алмас еді. Дипломы бары да рас. 1998 жылы алған. Жезқазған педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» деген мамандығы бола тұра бастауышқа сабақ беріп жүре берді. Оқушыларын қимады. Сарысу орта мектебінде он жылдай мұғалім болды. Қалаға көшіп келген соң №21 орта мектепте ұзақ жыл бастауыш сыныптарға сабақ берді. №10 орта мектепке ауысқанына 3 жыл болды. Кенже ұлы Әлнұр осы мектептің 9-сыныбында оқиды.
…Өткендегі үйдегі әңгіме есіне түсіп кетіп, өз-өзінен жымимасы бар ма. Үлкен келіні Еркежан:
– Мама, жаңа жылға санаулы-ақ күндер қалды. Жылдағы жай туған күн емес, білесіз бе, 50-ге келесіз ғой. Қай күні тойлаймыз, бірінде ме, әлде құжатша 5-інде ме? – дегені ғой.
Сонда Талғат тұрып:
– Айналайын, Еркежан, несіне сасасың. Каникул ғой, мамаң үйде. Мамаң жылда елуге келе бермес, айды аспанға шығарып 50 жасын 1-інде бастап, 5-інде аяқтайық та, – десін…
Иә, алда Жаңа жыл мерекесімен қатар келер отбасы қуаныштары. Мерекелі шаңырақтары шаттыққа тола бергей.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.