Облыс орталығында жаңа бір ғимараттын алғашқы іргетасы қаланды. Бұл жолғы ғимарат – Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының жатақханасы.
2020 жылы пайдалануға берілген Абай мектебі – аймағымыздағы маңдайалды оқу ордаларының қатарында. Ұйымшыл ұжымның тынымсыз тірлігінің нәтежиесінде мұндағы ілім терушілер облыстық, республилық дәрежедегі додаларда үнемі топ жарып жүр. Қазіргі таңда мектеп-интернатта облысымыздың барлық өңірлерінен 598 оқушы қазақ тілінде білім алуда. Ілкімді істің капсуласы салынған сәтке Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов, еңбек ардагері Төлеген Бүкіров арнайы келіп қатысты.
– Биыл ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының жанынан 200 орындық жатақхана құрылысын салуға 1 млрд 471 млн теңге бөлінді, – деді осы іс-шарада облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы. – 200 орындық жатақхана ашылғанда, Абай мектебіне шалғай ауылдардың дарынды балалары көбірек қабылданатын болады. Ол балалар Абай ілімімен сусындап, өз кезегінде ұлтымыздың кемел келешегіне кепілдік болатынына сенеміз.
Жатақхананың құрылысы 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған. Оқушылар үйі заманға сай салынады деп күтілуде. Жатақхана шалғай ауылдағы балалардың Абайдың атын алған мәртебелі мектепте алаңсыз оқуы үшін қолайлы болмақ. Білім басқармасы нысанның сапалы салынуын қадағалауға аламыз дейді.