Көкірек көзі ашық мына заманда біреудің арбауы мен алдауына түсіп, интернет-алаяқтыққа тап болып жатқандардың қатары көбейгенін естігенде еріксіз бас шайқайсыз. Алданған адамның ақымақтығы өзіне таяқ болып тисе, ал, алдағанның қулығы қылмыстық іске апарар тура жол екенін қалай ұғынбайды?
Ел аумағында интернет арқылы адамдарды алдап, табыс тауып жүргендердің қулығы әшкереленіп жатса да алданушылардың саны өсе түсуде. Тіпті, банктегі есептік карталарының нөмірін ашық айтып, ақшасынан айырылып қалып жатқандарда көп. Алысқа бармай-ақ қоялық, жақында Жезқазған, Алматы және Астана қаласының төрт тұрғыны «MetaGo» жобасы бойынша криптовалютаға инвестиция тарту желеуімен Жезқазған қаласында қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді.
Бұл қаржы пирамидасына 600-ден астам адамнан 124 миллион теңге алаяқ-
тық жолмен бәз біреулер пайда көрген. Айдың күннің аманында өз қаржысын арнайы қосымша арқылы ақшаны көбейту мақсатымен салғандар опық жеп отыр. Мұндай жөнсіздікке шектеу қою әуелі адамдардың өз саналарына тікелей байланысты екенін ұғынуы керек. Қолындағы барын «ауаға» шаша салғандар болашақта қырғын ақшаға көміліп қаламыз деп ойлады ма екен? Бастапқыда салған сомасын депозит ретінде қалдырып, үстіне ақша қосып, өз бидайын өзіне қуырып беріп, артынан зым-зия жоғалатын мұндай алаяқтардан шама келсе аулақ болған жөн.
Бәріміз «интернет бар, тамаша заман болды» деп қуанғанымызбен, оның да адамға зиян келтірер тұсы барын естен шығармайық, ағайын! Алаяқтық алданғанның да, алдағанның да басына таяқ болып тиерін біле жүріңіз!
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.