«Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияларының қызметін ұйымдастыру жөніндегі регламентін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 30 маусымдағы № 302 бұйрығына сәйкес, Ұлытау гарнизонының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиясының алғашқы отырысы өтті.
Жиын отырысын комиссия төрағасы, Ұлытау гарнизонының бастығы полковник Ерен Мейрембеков ашып, гарнизон бұйрығымен бекітілген комиссия мүшелерімен таныстырды. Отырысқа Қарағанды өңірлік гарнизонының әскери полиция басқармасының өкілі, қорғаныс істері басқармасы мен бөлім бастықтары, әскери бөлім командирлері қатысты.
Алғашқы баяндамашы Ұлытау облысының департамент бастығының орынбасары подполковник Ербол Уткельбаев комиссия құрамының міндеттерін, жұмысты ұйымдастыру іс-шараларын баяндады.
Екінші баяндамада Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданының қорғаныс істері бөлімінің бастығы подполковник Ерден Қарабалин бөлімде 2023 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Қарағанды өңірлік гарнизонының әскери полиция басқармасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Жанайдар Қайдарұлы осы бағыттағы іс-шараларды басшылар мен командирлер қатаң қадағалап, орындауды керек екенін жеткізді.
Жиын соңында комиссия төрағасы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жолында барлық деңгейдегі басшылар мен командирлерге нақты тапсырма беріп, артынан арнайы бейнеролик көрсетілді. Сыбайлас жемқорлық – қоғамды құртатын, дамуды кері тартатын, болашаққа балта шабатын кесел. Онымен күрес – баршаға міндет. Қоғамның әр саласында азаматтар жемқорлыққа қарсы тұруы керек. Сонда елімізде өрлеу мен даму болады. Жемқорлықпен күрес – қоғамға үлес екенін естен шығармайық!
Ай Нұри.