Жезқазған қаласы әкімдігінің қолдауымен Ұлытау облысы бойынша «Ақниет» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Кеңгір ауылында ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеуге бағытталған көкпар додасы өтті.
Жарыс басында Ұлытау облысының бас имамы көкпаршыларға дәстүрлі діни құндылықтар турасында уағыз айтты, бата берілді. Сонымен, көкпар басталды. Додаға облыс бойынша 30 көкпаршы қатысты. Көкпардың жалпы жүлде қоры 1 млн теңге болып белгіленді.
Көкпарға серкенің ірісі таңдалған екен. Орташа салмағы 30-35 келідей тартатын серкені сіңірлі жігіттер қолдан-қолға өткізді. Ат десе, арқасы шымырлап, делебесі қозбайтын қазақ жоқ екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Бірнеше сағатқа созылған ұлттық ойында көкпаршылар күш-қайраты мен әдіс-айласын салып бақты.
Сайдың тасындай іріктелген білекті жігіттердің көкпар тартысқанын тамашалау үшін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жиналған. Қызу дода, тартыс тақымда ойнаған ат пен көкпаршыларды бір сын тезіне салғаны сөзсіз. Ұлттық спорт түрінен өткен дода әрі қарай да өз жалғасын таппақ.