«Қазақмыс» корпорациясының құрамындағы байыту кешенінің қатарында «Нұрқазған» фабрикасы өзімен аттас іргелес жатқан кеніштің мыс кенін өңдеуде ірі құрылым саналады. Бірнеше цех жұмыс жасайтын өндіріс нысанында химиялық талдау жүргізетін арнайы зертхана бар. Мұнда мыстың құрамын зерттеледі.
Зертханаға арнайы атбасын тіреп, атқарып жатқан жұмыстармен таныстық. Гүлжанат Әбдікәрімова басшылық жасайтын зертханада 42 адам еңбек етуде.
– Жер қойнауын зерттейтін геологтар күнделікті химиялық зертханаға кен сынамаларын әкеледі. Зертханада сол кеннің сапасы анықталады. Кеннің сапасы бірнеше қасиеттермен сипатталады.
Фабриканың іргетасымен бірге бой көтерген зертхана осында келетін кендердегі мыстың құрамын анықтап, талдаумен шұғылданады. Мұнда мыс құрамын анықтаудың бірнеше кезеңдері жүзеге асады. Зертхана білікті мамандармен қамтылған. Инженер химиктеріміз әрбір талдаудың нәтижесін талапқа сай орындап, қорытындысыны шығарады. Қырық екі маманның ішінде үш инженер-химик бар. Марина Әбуова, Айгерім Оразханқызы, Әбулаис Таласбаев. Элементтердің «тілін» тапқан бұл мамандар ұжымымыздың мақтанышы. Марина Кеңесбекқызы 2009 жылдан бастап еңбек етуде. Өз ісіне мығым маман кейінгі жастарды кәсіпке баулуда. Айгерім Оразханқызы да зерттеп, талдаудың шебері. Талдау түріне байланысты химиктер түрлі зерттеу әдістерін қолданады. Кейбір әдістер нәтижені екі, үш сағатта береді, кейбірі 5-8 сағатта береді. Талдау кезінде химиктер сынаманы дайындап, аспап және құрылғы көмегімен химиялық өлшемдер жүргізеді, есеп береді.
Химиктердің жұмыс жасау реті бекітілген құжат бойынша орындалады, яғни химик сол құжатта сипатталған сатыларды сапалы орындауы керек. Талдаудың түріне байланысты кейде химиктер қауіпті реагенттерді (қышқылдар, сілтілер, улы заттар) пайдаланады. Сол себепті зауытта қауіпсіздік шаралары қарастырылған, арнайы нұсқаулықтар дайындалған. Жұмысқа жаңа орналасқандарға міндетті түрде қауіпсіздік ережелері үйретілді. Ұжымым өте берекелі. Білікті мамандармен, өз ісінің кәсіби шеберлерімен әріптес болу үлкен бақ санаймын, – дейді Гүлжанат Қасымқызы.
Химия саласында 25 жылға таяу еңбек өтілі бар Гүлжанат Әбдікәрімова 1999 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіндегі химия факультетін тәмамдаған. Фабриканың бұл құрылымында 2009 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Алғашында 3-разрядты зертханашы болған Гүлжанат Қасымқызы еңбектегі қабілетінің арқасында сатылай өсті. 2013 жылы аға зертханашы болса, 2019 жылдан бастап зертхананың тізгінін ұстап келеді.
Аса жауапты қызметті абыроймен атқарып отырған зертхана ұжымының зерттеу, талдау жұмыстарының арқасында фабрика мыс өндіру көлемінде межеге жетіп келеді. Бірнеше жыл қатарынан өндіріс ошағы жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындап, табысқа кенелуде. Бұл көрсеткіштерде зертхана қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.