Ауыз су – адамзат тіршілігінің көзі. Алайда, ауыл тұрғындары көп жағдайда ауыз судың азабын тартып келеді. Су мәселесі шалғай елді мекендер үшін тіпті қиын. Осыған байланысты Қарсақбай кентінде суды тазартуға арналған блок-модуль орнатылды.
Қарсақбайда 1300-ге жуық тұрғын бар. Мұндағы судың тәуліктік қажеттілігі –274 текше метр, жылдық қажеттілігі – 100 010 текше метр. Ауыз су ашық су қоймасынан сумен жабдықтау желісі арқылы қамтамасыз етіледі. Суды тазарту топырақты сүзіп, хлорлау, дезинфекциялау арқылы жүзеге асырылады. Резервуарлардың көлемі 250 текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта кентте суды тазарту үшін блок-модуль орнату жұмыстары жүргізілді. Ол жылыту электр қондырғысымен, екі су тазарту сүзгісімен және әрқайсысының сыйымдылығы 750 литр болатын екі су жинау цистернасымен жабдықталған. Тәулігіне су берудің шекті қуаты – 4000 литр.
– Бұл суды сүзгіден өткізуге арналған блок Ұлытау облысының аудан-ауылдарды дамытудың кешенді жоспары аясында орнатылды. Қазіргі уақытта орнату жұмыстары аяқталып, қабылдау процесі жүргізілуде.Тұрғындар таза сапалы ауыз суды алып, тұтынып жатыр, – дейді Қарсақбай кентінің әкімі Асылхан Әлімсейіт.
Мемлекет басшысы өзекті мәселенің бірі – халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету екенін атай келіп: «Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет», – деді. Сол міндеттер облыста кезе-кезеңмен орындалып келеді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.