Қазір кәсіп ашып, бизнес бастаймын деген ынтасы бар адамға Үкіметтің қаржылай көмегі көп-ақ. Оны түрлі қаржылық институттар арқылы да, субсидия түрінде де алуға болады. Алайда, мемлекет кәсіпкер біткеннің бәрінің уысын ақшаға толтыра алмайды. Толтыруға міндетті де емес. Жезқазғанда «Coca-Cola белестері» әлеуметтік жобасы аясында ауылдың қыз-келіншектеріне арналған тренинг өтті.
Іс-шараның мақсаты – нәзік жандыларға бизнес негіздері бойынша өңірлік оқыту тренингтеріне, сондай-ақ үздік бизнес-идеяға арналған республикалық конкурсқа қатысуға мүмкіндік беру. Бұл қоғамдағы ауыл әйелдерінің экономикалық тәуелсіздігін күшейтуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, шара барысында Ұлытау облысындағы «Coca-Cola белестері» байқауының жеңімпаздары өздерінің жетістіктерімен бөлісті. Айта кетейік, «Coca-Cola белестері» әлеуметтік жобасы бизнес-тренингтерге қатысуға, қаржылық білім мен дағдыларды алуға, пікірлестер мен кураторлар тарапынан кеңес алуға, сондай-ақ алғашқы қаржылық қолдауға мүмкіндік беру арқылы бүкіл Қазақстан бойынша әйелдерді
бизнеске тартуға бағытталған. Біздің елімізде бұл жоба 10 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 117 әйел грант алды, 300 жаңа жұмыс орны құрылды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.