Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері , журналист Апбаз Қаражігітовтің туғанына биыл – 100 жыл. Осыған орай Серке театрында тау тұлғаны еске алу кеші өтті.
Апбаз Қаражігітов – Ұлытаудың барын мақтап, жоғын түгендеген тұлға. «Ақ моншақ», «Шақпақ», «Әке дауысы», «Баубек», «Махаббат азабы» атты пьсалардың авторы. Алаш рухты азаматтың замандастары оның іскерлік қасиетімен бірге адами болмысының да биік болғанын айтады. Серке театрының фойесінде қойылған көрме соның дәлелі.
Мерейтойға орай «Апекеңінің биігі» атты іс-шара ұйымдастырылды. Жазушының өлеңдері оқылды. Естеліктер айтылды.
Облыс әкімінің қолдауымен өңіріміздің жас ақын-жазушыларын шығармашылық жағынан қолдау мақсатында «Жазушы Апбаз Қаражігітов атындағы әдеби сыйлық» тағайындалған болатын. Кеште қала- аудандар бойынша ұсынылған үміткерлердің арасынан іріктелген үш жас қаламгерге облыс әкімінің сыйлығы табысталды.
Сондай-ақ қаламгердің туғанына 100 жыл толуына орай ақын, журналист Базарбай Әлеуханұлының құрастырумен жарық көрген «Апекеңнің биігі» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Қаламын қару еткен Апбаз Қаражігітов осыдан алты жыл бұрын 94 жасында өмірден өтті. Елден ерекшеленген жоқ. Қарапайым тірлік кешкен, көпшіл адам болды деп есіне алды бүгінгі кешке жиналғандар.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.