21 мамыр – халқымыздың бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосқан мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерейлі мерекесі.Ұлытау облысында 114 мәдениет мекемесі қызмет көрсетеді. Онда мың жарымға жуық адам еңбек етіп жатыр. Солардың 60-тан астамы бүгін түрлі марапатқа ие болып, құрмет-қошеметке бөленді.
Қаламға серт еткен ақын-жазушы, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкері, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашы, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр әртісі, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандар бүгін осы кештен табылды.
Мәдениет және өнер қайраткерлері Ұлытау облысының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Одан әрі мәдениет саласының үздіктеріне 14 номинация бойынша марапат табысталды. Әр номинация иегеріне 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.
Басты марапат – «Мамандығына адалдығы үшін» және 1 млн теңге ақшалай сыйлық Салтанат Нұрлыбаеваға тиді. Оның мәдениет саласындағы еңбек өтілі– 42 жыл.
Бүгінде «Ұлытау үні», «Жезкиік» және «Көкмайса» фестивальдері облысымыздың визиткасына айналды. Елдің атын шығаратын негізгі екі сала бар, олар: мәдениет пен спорт. Сондықтан да халқымыз өнерпаздарын әрдайым құрмет тұтқан. Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.