«Нұрқазған» фабрикасының ірі құрылымы саналатын ұнтақтау корпусы 160 адамның басын ортақ бір міндетке жұмылдырып отыр. Кеніштен келетін кенді ірі, орташа және кіші ұнтақтау үдерісі жүзеге асады. Ұжымды Нұрзада Мұрсалов басқарып отыр.
Өндірістік үдерістерде тоқтау жоқ. Қат-қабат жүргізілетін жұмыстардың арасында уақыт тауып, бізбен тілдескен Нұрзада Мұхамедияұлы кен байытудағы жұмыстарға тоқталды.
– Кенді ұсақтау үдерісі байыту кешеніндегі басты үдеріс. Жұмыстыңуақытылы жүргізілуінде ұжымның атқарып отырған міндеті зор. Біздің кен байыту фабрикасында тұңғыш реет Қазақстанның өзге нысандарында кездесе бермейтін ұнтақтау машиналары орнатылды. Бұл қондырғылар өнім көлемін арттыруға үлес қосуда. Өткен жылдың жоспарын ұжым мерзімінен бұрын орындап, табысқа жеттік. Биылғы жылдың бес айында да көрсеткіштеріміз – жоспарға сай. Ұжымымыз ынтымақ пен бірлікті ту еткен. Өнімді еңбекпен қатар «КәсіпҚорған» кәсіподағы ұйымдастыратын мәдени-спорттық шараларға үнемі атсалысып келеді. Ала доп бәскесінде біздің ұжымның командасы үнемі жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Әз Наурызда кәсіподақ пен фабрика әкімшілігі ұйымдастырған мерекеде ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қойылымдар қоюда да біздің еңбеккерлер үздік деп танылды.
Еңбекте озат атанған ұнтақтаушылар Жақсымұрат Қуанышбаев, Құрметбек Шавий, Бақытбек Сейтхан, Арман Қойшыбай, Григорий Загаинов, Жұмабек Омаров, бақылаушылар Баян Жарғал, Бақытжан Әбдіраманов, Өмірғали Болатбек, Есенбол Хинаят, Талғат Иманов, Марғұлан Алданхан, Наурызхан Өмірғали, конвейер машинистері Ләззат Бажаева, Дәрігүл Ілиясова, Лиза Григат, Татьяна Афонина, Инна Ерлих, Сандуғаш Ыдырысова, механик Ербол Күзембаев, энергетик Бейбіт Әбдіраимов, бригадирлер Дулат Омаров, Қалижан Тәтенов, Жандос Төлеген, Нұрлан Баубеков сынды мақтаныштарымыз бар. Татьяна Афонина мен слесарь жөндеуші Төлеубай Бердалин үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегерлері. Осы майталмандардың арқасында ұжым табысқа кенелуде, – дейді Нұрзада Мұрсалов.
Нұрзада Мұхамедияұлы Қарағанды металлургия институтын бітіргеннен кейін, жолдамамен Жезқазған мыс зауытына жіберілген. Онда ол бірнеше ай балқытушы болып жұмыс істеп, кейін ауысым шебері болып тағайындалды. Бірте-бірте тәжірибе жинақтап, өзін еңбекте көрсете білген ол басшылықтың сеніміне ие болды. Нұрзада телім бастығы және кейін өзі басқарған балқыту цехының бас инженері болып жұмыс істеді. Он жыл металлургия саласында шыңдалған Нұрзада Мұрсалов 2007 жылы Қарағандыға көшіп, пайдалануға беруге дайындалып жатқан «Нұрқазған» байыту фабрикасына жұмысқа орналасты. Шеберден ұсақтау корпусының бас инженері, кейін бастығы болып тағайындалды. Ол Қазақстан үшін бірегей, өнімділігі жоғары «Роллер-пресс» роликті ұнтақтағыш қондырғысын орнатуына қатысты.
Металлургиядан байыту саласына келген Нұрзада Мұрсалов бүгінде ұнтақтау корпусын біліктілікпен басқаруда. Салаға сіңірген еңбегіне орай екінші және үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған. Өзінің тәжірибесін жас мамандарға бағыттай білген басшы шәкірттерімен де мақтанады.
Ұнтақтау корпусының қызметінде жабдықтарды жөндеу және бақылау басты қағида. Осы міндетті жауапкершілікпен атқарып жүрген электр жабдықтарын жөндеуші Бегалы Қожамұратов мұнда 2009 жылдан бері еңбек етіпк еледі. Жөндеу жұмыстарының үстінен түскен бізбен Бегалы Қожамұратов еркін сұхбаттасты.
– Өзіңіз куә болып тұрғандай, жұмысты тоқтаусыз жүзеге асыра отырып жабдықтарды үнемі жөндеуден өткізіп тұрамыз. Өндірістік үдерісте тоқтау болмау үшін жөндеу бригадасы әрбір жабдықты жіті бақылайды. Жедел әрекет етудің арқасында өндірісте тұрып қалу деген мәселе туындаған емес. Тайлан Желдібаев, Нұрсұлтан Дошабеков, Нұрсұлтан Омарбеков сынды майтал мандармен қатар еңбек етіп келемін, – дейді Бегалы Қожамұратов.
Аталмыш ұжымда 2009 жылдан бері ұнтақтаушы болып еңбек ететін Бақытбек Сейтхан Роза Жұматаеваның мектебінде шыңдалды. Бір ауысымда 20 адам кенді ұнтақтау үдерісін қауіпсіздік саясатына сай жүзеге асырады.
– Ірі, орташа және ұсақ ұнтақтау үдерісі үздіксіз жүреді. Мұнда алғаш келгенде өз қатарларына қабылдап, ұжымда қалыптасуыма ықпал еткен аға-апалардың тәлімін көп көрдім. Әсіресе, Роза Жұматаеваның бағыт-бағдарының арқасында көп нәрсені үйрендім. Сегіз сағаттық жұмысымызды еңбек қауіпсіздігін сақтай отырып, үйімізге аман-есен ораламыз. Қатар еңбек етіп жүрген Бекзат Әкежанов, Аман Омар, Рахымжан Мыңбаев сынды мамандар кейінгі жастарға үлгі, – дейді Бақытбек Сейтхан.
Фабриканың өнім беру көлемінің тұрақты болуына сүбелі үлес қосып отырған ұнтақтау корпусында Ербол Күзембаевтың есімі құрметпен аталады. Ол қарапайым еңбек жолынан өтіп, цехтың аға механигі дәрежесіне дейін өсті. Слесарь, дәнекерлеуші, электрик сынды мамандардың жұмыстарын үйлестіріп, жұмысты ұйымдастыратын Ербол Тоқтамұратұлы өз кәсібінде жауапкершілікті алға қояды.
– Жөндеу бригадасы қай уақытта болсын сақадай сай болуы керек. Туындаған жағдаяттарды реттеп, қондырғылардың жай-күйін үнемі бақылауда ұстау біздің басты міндетіміз. Сондықтан жігіттерден жауапкершілік пен жұмысқа деген ынтаны талап етемін. Қарамағымдағы 16 еңбеккердің берілген жүктемелерді сапалы орындауы жұмыстың нәтижелі болуына кепіл, – дейді Ербол Күзембаев.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.