Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ ұйымдастыруымен ақынның шығармаларын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Байқоңыр дауысы» фестивалінің «Өнерлі жүректер жалыны» номинациясы бойынша дипломанты, І. Жансүгіров қорының дипломанты Үміткүл Траисованың 70 жас мерейтойына орай «Мен тау қызымын» атты кездесу кеші өтті.
Кешке № 8 гимназияның 10 «ә» сынып оқушылары, саз колледжінің студенттері мен ұстаздары және кітапхана қызметкерлері қатысты.
Үміткүл Олжайқызы 1953 жылы 5 мамырда Жетісу өлкесінде дүниеге келген. 1972 жылы Алматы қаласындағы бухгалтерлік курсты, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша білім алған. Еңбек жолын Алматыдағы баспаханада бастаған.
1994 жылдан бастап Жезқазған қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде жетекші маман болып жұмыс істеп, сол жерден зейнеткерлікке шыққан.
Кеште кітапхана оқырмандарының назарына «Поэзия сәулесі» атты бейнебаян көрсетіліп, № 8 гимназия 10 «ә» сынып оқушылары ақынның «Мен тау қызымын», «Туған жер», «Жезқазған», «Ақбаян» және басқа да өлеңдерін оқып, оқырмандар ақынға өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Кездесу кешінде Жезқазған саз колледжінің студенттері Р. Бримжанов, Ж. Балтабаева, Н. Естаев, А. Нұрғалиұлы әнмен кештің ажарын аша түсті. Кітапхана қызметкері И. Меңлібаева «Жүрегім жырым, төгілген нұрың биіктен» атты кітап көрмесіне шолу жасады. Оған ақынның әр жылдары шыққан жыр кітаптары мен аймақтық «Сарыарқа», «Мысты өңір», Сәтбаев қалалық «Шарайна» газеттерінде шыққан өлең топтамаларын оқырмандар назарына ұсынылды.
Үміткүл Траисова сөз кезегі келгенде өзінің шығармашылыққа келу жолын айта отырып кітапхана ұжымы мен кешке жиналған жырсүйер қауымға алғысын білдірді.
Құралай Қожырбаева,
кітапхананың бөлім басшысы.