Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен, Жезқазған тарихи-археологиялық музейі, Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі және Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының ардагері, «Ленин», «Қызыл жұлдыз» ордендерінің иегері Көдей Мамаховтың туғанына 110 жыл толуына орай кездесу және көрменің ашылуы өтті.
Іс-шараның кіріспе алғы сөзін Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омар ашып, салтанатты шараны жүргізді.
Көдей Мамахов 1913 жылдың мамыр айында Қызылорда облысының Телікөлінде дүниеге келген. Мектепте орта білім алған соң 1935-1936 жылы Қызылорда облысының Жосалы станциясында шоферлық курста білім алып, жүргізуші мамандығын игерген. 1941 жылы соғысқа аттанғанша темір жолда жұмысшы, машина жүргізушісі болып істейді. Ағайынды Әбікен, Көдей Мамаховтар осы өлкеде қазақтан шыққан алғашқы жүргізушілер еді.
1941 – 1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Праганы жаудан босатқаны үшін», «Кавказды қорғағаны үшін», «Кингсбергті алғаны үшін», «1941 – 1945 жылы Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Соғыстан аман-есен оралып, қалған барлық саналы өмірін мысты өлкедегі ірі өндіріс ошағының көркеюіне жұмсады. Осы өңірдің автокөлік шаруашылығына басшылық етті. 60-жылдардың басында Қарсақбай мыс қорыту зауытының өндіріс пен ауыл шаруашылығын басқару жүйелерін өзгертіп, қайтадан ескі 50 шақты техниканы жинап, экскаватор-бульдозер шаруашылығын құрады, осы жұмысқа ұйымдастыру қабілеті мол, жұмыстың қыр-сырын жетік білетін маман деп Көдей Мамақовты тағайындайды.
Өзінің ұйымдастыру қабілетінің арқасында бұл жұмыста да биіктен көрінді. Көп жылғы еңбегі бағаланып, 1964 жылы ерен еңбегі үшін Қарағанды автотресінің Құрмет тақтасына суреті ілініп, облыстық салалық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен, 1966 жылы 6 қарашада Ленин орденімен марапатталды. 1949 – 1973 жылдар аралығында Қарсақбай мыс қорыту зауытында автомобиль шаруашылығының бастығы қызметін атқарды. Ал, 1984 жылға дейін экскаватор, бульдозер шаруашылығынын шебері болды. Ізбасарлары «Қарсақбайдың көкесі» атап кеткен Көдей Мамақов 1984 жылы 5 мамырда өмірден өтті. Оның өмірден өткеніне 40 жылдай уақыт өтсе де жарқын бейнесі, өнегелі тәрбиесі жерлестерінің есінде. Сәтбаев қаласында оның есімімен аталатын көше бар.
Тарихи маңызды көрме мен кездесуге өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиынға Қазақстан Жазушылар одағы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Батырбек Мырзабеков, «Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесінің және «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров, осы іс-шараға арнайы келген Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, отставкадағы полковник Әмір Шаймағанбетов, Қарсақбай металлургия зауытының ардагері, замандасы Ілияс Әжіғұлов, Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейінің директоры Кенжал Балкенов естеліктерімен бөлісіп, отырыстың өскелең ұрпақ үшін үлгі болар маңызын арттыра түсті.
Сонымен қатар Көдей Мамақовтың балалары, туыстары өз естеліктерімен бөлісіп, шөберелері Санжар мен Мадира аталарына арналған өлеңдерін оқып, мақтаныш сезімдерін білдірді.
Іс-шара барысында Көдей Мамақовтың өмір жолына арналған бейнефильм көрсетіліп, Т.Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамединнің орындауында «Қарсақбай» әні, Қызылордадан келген ҚР мәдениет қайраткері, жыршы Берік Саймағанбетовтың орындауында әндер шырқалып, С. Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы-драма театрының әртістері Оразалы Қайрат пен Серік Әлен жыршы Ш. Ділдебаевтың Көдей Мамақовқа арнаған «Көдей көкем» атты арнауын оқыды.
Іс-шараның соңында Көдей Мамақовтың 110 жылдығына арналған көрменің ашылу лентасын салтанатты қию рәсімі жасалып, әрі қарай экскурсиямен жалғасты. Танымды экскурсиядан соң қонақтар естелік суретке түсіп тарқасты.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.