Сұрапыл соғыс жылдарында Жезқазған шахталарында кенші болып еңбек етіп, бір ауысымдағы нормасын 40 есе артығымен орындаған стахановшылар қозғалысының қаhарманы Балмақан Аймахановтың аты кезінде аңызға айналған еді. Қарағанды облыстық партия комитеті 1943 жылы 1 маусымда өндірісте «Бұрғышы Б. Аймахановтың еңбек әдісін тарату туралы» қаулы қабылдап, ерен еңбек иесінің даңқы аспандап елімізге кеңінен тарай бастады. Еңбегіне орай жоғары марапаттарға ие болды. Ол туралы айтулы ғалым, академик Қаныш Сәтбаев: «Отан соғысы кезінде 50 бұрғылаушының жұмысын бір өзі атқарып, 50 мың тонна мыс өндірген қазақ батыры Б. Аймаханов сынды ерлердің өнегелі ісі мәңгі жасайды», – деп баға бергені бар. Осылайша есімі бүкіл елге тараған кеншінің кен өндірудегі ғаламат ерлігі ақындардың өлең-жырына, қаламгерлердің шығармаларына арқау болды. Жазушылар Ғабиден Мұстафиннің «Жиырма бес» атты кітабында, Мұхаметжан Қаратаевтың «Даладағы дабыл» романында кенші ерлігі суреттеліп, баяндалады. Дегенмен, ерен еңбегімен ерекше танылған батыр кеншінің есімі уақыт өткен сайын көмескіленіп барады. «Алшаң басып Аймаханов көшесімен келемін» деп Шынболат ақын жырға қосқан Рудниктегі көше тұрмақ, кенттің де орны қалмай өшіп бара жатқаны жанға батады.
Еңбек өренінің есімі архив деректері мен құжаттарда әртүрлі жазылғаны байқалады. Бір жерлерде Балмұқан деп жазылса, Баймақан деп жазылғаны да кездесіп қалады. Ғабиден Мұстафин «Жиырма бес» деген кітабындағы «Жезқазған» деген очеркінің кейіпкері туралы баяндағанда Балмұқан деп алса, ал, Мұхамеджан Қаратаев «Даладағы дабыл» атты документтерге негізделген публицистикалық романында Балмақан Аймақанов деп жазады. Журналист Әбілқасен Әмірәлиннің облыстық «Советтік Қарағанды» газетінде жарияланған очеркі «Батыр Балмахан» деп аталыпты. Ал, төлқұжаты мен әскери билетіндегі аты-жөні – Балмахан Аймаханов. Осы материалды жазуға дайындық барысында архив қорындағы құжаттарды қарап шығумен қатар, еңбек өренінің Жаңаарқа ауданының Ералиев ауылында тұратын қызы, кезінде балабақшада істеп бүгінде зейнеткер болып отырған Алтынкүлмен сөйлесіп, қолындағы біраз деректерімен танысудың сәті түскен еді. Алтынкүлдің айтуынша, әкесінің азан шақырып қойған аты Балмағанбет көрінеді. Әжмағанбет деген ағасы, Күлмағанбет деген інісі болыпты. Кеңес кезіндегі құжаттар орысшаның ыңғайымен бұрмаланып жазылып кетуі белгілі жайт қой. Қалай дегенмен де, біз төлқұжаттағы есімін негізге алғанды жөн көрдік.
Хош, сонымен Балмахан 1910 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылында дүниеге келіпті. Сол кездегі аумалы-төкпелі заман кезінде әке-шешесі оңтүстікке қарай көшсе керек. Әуелде мал бағумен айналысқан ол өндірістегі еңбек жолын 18 жасында Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ащысай полиметалл комбинатының Хантағы кенішінде кенші болып бастайды. Жігерлі жас аз уақытта перфератормен бұрғылау шеберлігін меңгеріп, озаттар қатарынан көрінеді. Ержетіп, ес жиған соң туған өңірге қарай таянады. Сөйтіп, 1939 жылдың көктемінде Жезқазған кенішіндегі №15 шахтаға үйренген мамандығы бойынша жұмысқа тұрады. Шахтаға түскен алғашқы күндерден бастап жерасты жұмыстарының жүйесін жетік білетінін байқатқан Балмахан ауысымдық нормаларын үнемі асыра орындайды. Ол осындағы мақтаулы кенші Ахметқали Сафиннің бұрғылау әдісін үйреніп, онымен дос болады. Озаттар қатарына көтеріліп, «Құрмет тақтасының» төрінен орын алады.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Жезқазған кеншілерінің алдына бұрынғыдан да жоғары қарқынмен еңбек ету міндеті қойылды. «Отанға мыс керек!» деген ұранмен олар жауынгерлік вахтаға тұрып, екпінді еңбек үлгісін көрсетті. Солардың қатарында жоғары разрядты бұрғышы Балмахан Аймаханов айрықша еңбек көрсеткішімен танылды. Көптеген кеншілермен бірге ол 1942 жылғы ақпандағы алғашқы майдандық вахтада «Тыл гвардияшылары» деген құрметті атаққа ие болды. Ал, 1943 жылы жауынгерлік вахтаға тұрған Аймаханов ауысымдағы нормасын 40 есе артығымен орындап, 400 процентке жеткізеді. Осылайша әлемдік рекорд орнатқан ол өндіріске кен қуыстарын тереңдетіп бұрғылаудың жаңаша әдісін енгізеді. Қарағанды обкомының оң қанаттағы озат бұрғылаушы Б. Аймахановатың еңбек әдісін тарату туралы арнайы қаулы қабылдайтыны да осы тұс болатын. Оның есімі радио арқылы бүкіл елімізге жайылған еді. Бірінші класты тау-кен шебері дәрежесін алады. Архивтегі құжаттар арасынан 1943 жылы 2 сәуірде Балмаханның өз қолымен жазған мына міндеттемесі (орыс тілінде жазылған) көзге түсті: «Мен, бұрғышы Аймаханов, кез келген өндірістік жағдайда күн сайынғы өндірістік нормамды 200 проценттен кем орындамауға, Қызыл Армия Бас қолбасшысының қорына жоспардан тыс 1300 тонна кен беруге және өзімнің өндірістік рекордымды жаңартуға міндеттенемін», – депті. Сол жылдың 24 маусымында «За медь» газеті «Б. Аймаханов 2 сағат ішінде 5 метрден екі скважина бұрғылады, 350 тонна кен қыртысын қопарды. Сменалық тапсырмасын 4370 процентке орындады» деп жазыпты. Алған міндеттемесін сертке балаған кенші 1941 жылдан 1946 жылға дейін еңбек қарқынын бірде-бір төмендетпей, үнемі еселеп орындап отырыпты. Еңбек екпіндісіне аты жазылған сағат пен костюмдік мата сыйға тартылып, 1946 жылдың қыркүйек айында № 31-32 шахта басқармасына ауысым бастығы болып ауыстырылады.
Соғыс жылдарында Қазақстанда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Отан үшін!» деген патриоттық ұранмен облыстық, республикалық ақындар айтысын ұйымдастыру үрдісі болған еді. Ақындар отты жырларымен халықты ынтымаққа, жеңіске үндеп, тылдағы еңбеккерлерді майданға көмектесуге шақырып отырды. Осындай бір айтыста Жезқазғанның атынан шыққан Болман ақын балқаштық Шашубаймен кездескен сөз сайысында кеншілердің еңбектегі жетістігін мақтан етіп, жырына былайша арқау еткен екен.
Жанарың ақын аға, жетпес шолып,
Бергенім жеңіс үшін жатыр толып.
Өндірген жоспардан тыс рудамменен
Түп-түгел қаруланат сексен полк.
Қияның қол жетпестей қиясымын,
Дәл бүгін мақтануға сыясымын.
Тудырған таңырқарлық алып ерлік,
Өйткені, рекордтардың ұясымын.
Атағы Алатаудай асқаралы,
Жетерлік мың-сан жауды жасқарға әлі.
Атқарған қырық адамның қызметін,
Алып жоқ Балмұқаннан асқан әлі, – деп жыр нөсерін төкпелейді.
Ерен еңбегіне орай Б. Аймаханов «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен, Ленин және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен және Түсті металлургия саласының «НКЦМ озаты» белгісімен марапатталады. КСРО Түсті металлургиясының «Социалистік жарыс озаты» белгісіне ие болады. Халықтың сенімі мен құрметіне бөленген Балмахан 1947 жылы екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Ол бірнеше рет облыстық партия конференциясына делегат болып сайланды, облыстық, аудандық партия комитеті пленумының мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. Архивтегі құжаттар арасында өлкетанушы, өңіріміздегі музей ісін ұйымдастырушы болған Сүтемген Бүкіровтің «Ол тілші де болатын» деген шағын мақаласы бар екен. «Балмахан кім? Ол еңбек екпіндісі, стахановшы, Қазақ КСР-нің 2-ші шақырылған сайлауының халық депутаты, коммунист, адал жанды адам еді. Балмахан атақты бұрғышы ғана емес, ол аудандық, облыстық, республикалық газеттердің бір кездегі белсенді жұмысшы тілшісі де болған. Облыстың тарихи-өлкетану музейінде Аймахановқа «Социалистік Қазақстан» газетінің 25 жылдығына байланысты берілген Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының грамотасы сақтаулы. «Біздің Қаныш», «Ертең дауысымды беремін», «Жезқазған» атты мақалаларын білемін», – деп жазыпты Сүтекең.
Жанқиярлықпен еңбек еткен Балмаханның ауыр бейнеттен денсаулығы сыр беріп, силикоз дертіне шалдығады. Айықпас дерт ақыры болмай, 1956 жылы 46 жасында өмірден өтіпті. Ол бес баланың әкесі болатын. Туған ауылында салдырып кеткен еңселі үйінде жұбайы Базаркүл балаларын одан ірі жеткізіп өсірді. Үлкені Мархаба «Жеңіс» кеңшарында шопан көмекшісі, Думаны Жәйремде мұғалім, ҚарМУ-дің экономистік факультетін бітірген Мұхамедқали «Жеңіс» кеңшарында есепші, Алтынкүлі К. Маркс кеңшарында балабақша тәрбиешісі, кенжесі Алма 1975 жылы КарМУ-ді бітіріп, Түгіскен орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болған. Жылдар жылжыған сайын, уақыт өз әмірін жүргізетіні белгілі. Қазір Аймахановтың балаларынан Алтынкүл мен Алмасы ғана қалыпты. Немере, шөберелер қауымы баршылық. Түгіскенде атында бес-алты үйден тұратын шағын көше бар екен.
Аты аңызға айналған адам туралы деректер музей қоры мен архивте сақтаулы тұр. Қаныш ағамыздың «Б. Аймаханов сынды ерлердің өнегелі ісі мәңгі жасайды» деп баға бергені туралы жоғарыда айттық. Өткенімізге құрметпен қарар болсақ, ер есімін ел есінде мәңгі қалдырар шара қажет. Қаhарман кеншінің ұрпақтары да ел басына күн туған ауыр кезеңде Жезқазғанда аянбай еңбек етіп даңқ пен құрметке бөленген әкеміздің аты атаусыз қалмаса екен дейді. Өйткені, бұрынғы Жезқазған кенті мен төртіншіде Аймаханов атындағы көше болғанымен, астындағы кенін алуға байланысты ол елді мекендердің жабылып, орнында үйіндісі ғана қалғанын жұрт біледі. Олай болса, кеншілер қаласы Сәтбаевта немесе Жезқазғанда Балмахан Аймахановтың атына бір көше берілсе, бұл – өндіріс тарихында ерекше ерлігімен танылған еңбек өреніне көрсетілген лайықты құрмет болар еді.
Амандық РАХҰЛЫ.
(Суреттер Жезқазған мемлекеттік
архивінің қорынан алынды).