Тәжікстанда 1993 жылы азамат соғысы басталды. Осы кезеңде жаңадан құрылған ТМД елдерінің басшылары ұйымға мүше Тәжікстанға қолұшын беруге келісті.
Елдің Ауғанстанмен шекараласатын аймағы қауіпті болғандықтан, бұл шептің қорғанысын нығайту үшін ТМД елдерінің Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей армиясынан жасақталған бітімгер жауынгерлері аттандырылды.
1995 жылдың көктемінде Ауғанстан жақтан Тәжікстан оппозициясының ірі қарулы тобы Пшихарв шатқалына жақын жүргені анықталып, соның салдарынан Тәжікстан Қарулы күштері бұл аймаққа шекаралық бекет тұрғызды. Осы жылдың 7 сәуірінде заңсыз қаруланған топ шатқал маңында шекарашы жауынгерлерге оқ атып, қарулы қақтығыс орын алды. Бұл уақытта шекара шебін қазақстандық жетінші рота қорғап тұрған еді.
Түс мезгілінде басталған ұрыс 5 сағатқа созылып, салдарынан 33 қазақстандық сарбаз жарақаттанса, 17 жауынгер қаза тапты. Осы бір майдан шебінде біздің жезқазғандықтар да болып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Шыңғыс Рахымов тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстарға куә болғандардың бірі.
Ол Қарсақбай қалашығында туып, Жезқазғандағы №9 орта мектепті тәмамдап, 1994 жылдың 4 маусымында әскери міндетін Шығыс Қазақстан облысы Күршім селосындағы №2535 әскери бөлімшесінде атқарады. Арада бір жыл өткен соң, 1995 жылдың маусымында екі ел арасындағы ушыққан жағдайға байланысты тосқауылды күшейтуге бұл әскери бөлімнен де сарбаздар жөнетіледі.
– Сол кезедгі ел президентінің Жарлығына сай соғыс жүріп жатқан шекараға қазақ әскерлері аттандырылды. Мен бұйырққа сәйкес 1995 жылдың маусымынан қарашасына дейін тәжік-ауған шекарасында әскери міндетімді орындадым. Екі елдің шекарасындағы Пяиж өзенінің бойында Кеврон деген №5 заставада болдық. Біздің басты мақсатымыз Ауғанстан шекарасынан Азияға экстремистер тобын, заңсыз тасымалданатын қару-жарақты, нарко бизнесті тыю болды. Бұл операцияларды сәтті орындап, қараша айында елге оралдым. Біздің қазақ жігіттері өзге елдің тыныштығын сақтауда да жауға қарсы қасқайып тқра алатындығын көрсетті. Деседе бұл қарулы қақтығыс кейбір қазақ сарбаздарының тағдырын ерте қиды. Олардың ерлігін ұмытпау парызымыз. Жалпы бұл оқиға менің әскери міндетімді орындау жолындағы көңіл түкпірінде сақталатын оқиға болды, – дейді Шыңғыс Ахмедияұлы.
Шекара шебіндегі қақтығыста әскери борышын өтеген Шыңғыс Рахымов туған жерге оралған соң дәнекерлеуші мамандығы бойынша Жезқазған қаласындағы №9 кәсіптік техникалық училищеде еңбек етті. Кейіннен қалалық электр желілері кәсіпорынында, мамандандырылған энерго-жөндеу басқармасында еңбек жолын жалғастырды. Қазіргі таңда Жезқазған мыс қорыту зауытындағы шаң мен газды тазарту және жөндеу цехындағы озат еңбеккерлер қатарында есімі аталып жүр. Жат елде қазақтың батырлығы мен қайсарлығының, бауырмалдығының, Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісін көрсете білген Шыңғыс Рахымов сынды азаматтардың жолы жастарға – темірқазық.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.