Украинаның Чернобыль атом электростанциясындағы ядролық апат – дүниежүзіндегі атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жарылыстың бірі. Тағзым алаңында бас қосқан көпшілік сол қасіретті жылдарда қаза болған боздақтарды еске алып, рухына құран бағыштады.
Ядролық апат Хиросима мен Нагасаки қасіретінен де асып түсті. Жарылыс зардабын жоюға 900 мыңдай адам қатысса, оның отыз екі мыңы қазақстандық еді. Соның ішінде біздің аймақтан 879 сарбазқатысып, апат болған аймақты залалсыздандыруға атсалысты, оның 187-сі Жезқазған қаласынан. Кейінгі санақ бойынша жаңадан құрылған Ұлытау облысында Чернобыльдегі алапат апат зардабын көзбен көрген 129 ардагер бар. Бүгінд еолардың көпшілігі денсаулықтарынан айрылған бірінші, екінші топ мүгедегі.
Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов Чернобыль апатының алапат зардабын айта келіп, оның зардаптарын жоюға қатысқан жерлестерімізге бүгінгі ұрпақатынан алғысын жеткізді. «Өкінішке орай, сарбаздарымыздың көбі осы күнге жете алмады. Бүгін Жезқазған қаласында апат ошағында болған 66 жауынгер
ортамызда. Сіздер ұрпақ тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып келе жатырсыздар. Сол үшін алғыс білдіремін», – деді қала басшысы.
Украин жеріне аттанған қазақстандықтар соңғы минуттарға дейін қай жерге баратындарын білген жоқ. «Чернобыль жаңғырығы» ҚБ төрағасы Мұхит Үңгітбаевтың айтуынша, олар көрген көрініс адам шошытады. Құлазыған қала, тірі жан жоқ қаңыраған көшелер. Алғашқы күннен-ақ елдімекендерді радиациядан тазалауға қатысады.
Түгел Дүйсенбаев – жарылыс зардабын жоюға Жезқазған қаласынан барған 187 азаматтың бірі. «Ол кезде әркім өз мамандығы бойынша жұмыс істеді, – дейді ол сол ауыр кезеңді еске алып. – Менің мамандығым құрылысшы болғандықтан құрылыс нысандарын қалпына келтіруге атсалыстым. Кірпішіне дейін радиация сіңген аса қауіпті аймақта өзімізге жүктелген тапсырманың зор жауапкершілігін сезіне отырып, мүлтіксіз орындауға тырысып бақтық».
Тағзым алаңында жиналған көпшілік, апаттың салдарынан қаза болған сарбаздарды еске алды, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Іс-шара «Ақтілек» мейрамханасында жалғасты. Чернобыль ардагерлеріне арнап дастарқан жайылды. Апат құрбандарына құран бағышталды. Шара барысында радиоактивті қалдықтардың қауіптілігіне қарамастан апат зардаптарын жоюда ерлік пен жанкештілік танытқан азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ, қала әкімінің Алғысхатымен марапатталды.
Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысушылар бүгін сол бір зұлмат шақты естерін еалды. Әлем үрейлене көз тіккен оқиғаның ортасында болған олар енді ешқашан жер бетінде ядролық апат, адамзатқа қасырет әкелетін соғыс өрті болмасын деген жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Ардагерлерге арналған шара концерттік бағдарламаға ұласты. Айта кетейік, қазір АЭС қызметін толық тоқтатқан. Ал ондағы төрт реакторды бұзу жұмыстары 2064 жылы аяқталуы мүмкін.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.