«Жезқазған – Қызылорда» автожолының Ұлытау облысына қарасты 208 шақырымын жөндеу жұмыстары жақында басталады. Жоба құны – 130 млрд. теңге. Қазір мердігер ұйымды анықтау мақсатында байқау жарияланды.
Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өңірге жасаған сапары барысында айтылды. Үкімет басшысы аймақтың дамуына тікелей әсер ететін жобаның сапалы жүзеге асырылуын қатаң қадағалауды тапсырды.
Жалпы, реті келгенде айта кетсек, Ұлытау облысы республиканың 5 өңірімен шектеседі. Аумағы жағынан да аймақтар арасында алдыңғы бестік кекіреді. Бірақ, сол көршілес облыстармен жалғайтын автожолдың сапасы сын көтермейді. Әсіресе, Қызылордамен арадағы жолдың жағдайы тіптен төмен.
«Қазавтожол» ҰК» АҚ Ұлытау облыстық филиалының директоры Сұңғат Рақымжанов: «Тендер 31 наурыздан бастап жүргізіліп жатыр. Жол 8 участокқа бөлініп, биыл жөндеу жұмыстарын бастаймыз ба деп отырмыз», – деп бұл жолы да үміт ұшқынын шығарып қойды.
«Жалпы, облыста республикалық маңызға ие 961 шақырым жол бар, – деді ол бұдан әрі. – Оның 355 шақырымы Қарағанды облысымен жалғайды. Оның да тозығы жеткен. Қайта жаңғыртуға сметалық құжат әзірленіп жатыр».
Үкімет басшысы Қызылордамен екі арадағы жолды іске қосу осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін береді деп ойлайтынын, ал, Жезқазған – Қарағанды жолы бойынша қосымша пысықтау керектігін, қайткенде көзін тауып, жұмыстар жасау қажеттігін жеткізді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.