Ұлытау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия мүшелері перинаталды орталыққа барып, оның тыныс-тіршілігімен танысты.
Бүгінде ана мен бала денсаулығы жіті бақылауда. Жүктілік дерттанымы бар әйелдер мен нәрестелердің сапалы ем қабылдауы үшін облыстық перинаталды орталықта жаңа ультрадыбысты аппараттар мен арнайы құрылғылар жұмыс істеуде. Жедел жәрдем қызметі арқылы түскен науқастар үш санат бойынша – өміріне қауіп төніп тұрған науқастарды қызыл аймаққа, жедел түрде түскен науқастар – сары аймақа және жоспарлы түрде келген науқастарды жасыл аймаққа қабылдап, қажетті көмектер көрсетіледі. Перинаталдық орталықта жүктілік кезінде дерттанымы анықталған әйелдерге 96 орын, дерттанымы бар нәрестелерге арналған 16 орын бар. Бұл аймақта ана мен бала 1 ай көлемінде бақылауда болады. 8 мың фертильді жастағы әйелдер тіркелген. Оларға арнап жаңа, үшінші деңгейлі скриндық ультрадыбыстық зерттеу аппараты сатып алынған. Перзентхананың қабылдау аймағында әлеуметтік батырмалар орналасқан. Мұнда пациенттерді кезекпен қабылдап, санаттар бойынша бөлімшелерге жолдайды. Өміріне қауіп төніп тұрған науқастарды қызыл аймаққа жіберіп, арнайы жеделсаты арқылы операциялық бөлімге жеткізеді. Операциялық бөлімде 2 ота қатар жасалатындай жағдай бар. Әйелге және балаға арналған жандандыру шаралары қамтылады. Жағдайы нашар нәрестелерге арналған 2 жансақтау төсегі бар. Кесер тілігімен туылған әйелдерге ояту палатасында арнайы 2 төсек орнатылған. Оның біреуін облыстық көпбейінді аурухана, біреуін халық банкі алып берген.
2022 жылы көрсеткіш бойынша дерттанымы бар 640 нәресте ем алған. Олардың 7 пайызы шала туған. Сонымен қатар, аналарға арнайы психологтың көмегі де көрсетіледі.
Перинаталды орталықты аралаудан кейін Ұлытау облысының әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері ана мен бала өлімінің алдын алу ышараларын талқылады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Л. Ранова ана мен бала өлімінің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар жайында баяндады. Өткен жылы облыста 4 мыңға жуық бала дүниеге келсе, ана өлімінің 4 оқиғасы тіркелді. Нәресте өлімінің негізгі себебі – босанатын әйелдердің денсаулығының нашарлығы екені атап өтілді. Мамандар бұл мәселенің шешімі – ана өлімінің алдын алу бойынша шаралар қабылдауда, медициналық кәсіпорындармен бірлесе жұмыс атқаруды амбулаториялық деңгейде басқаруды бақылауды күшейтуде.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.