Әңгіме Жезқазған байыту фабрикасы туралы. Оның негізі 1947 жылы қаланды. Жобалау мен барлық техникалық сызба бір ізге түсірілді, сосын құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілді. 1954 жылы желтоқсанда №1 байыту фабрикасының бірінші кезеңі қатарға қосылды, 22 желтоқсанда алғашқы кен қабылданды.
1963 жылы №2 байыту фабрикасының тұсауы кесілді. Профессор Мостович тапқан тәсілмен тотыққан кенді өңдейтін секция беріліп, бұрын өңдеуге мүмкіндік болмаған кен кәдеге жаратыла бастады. Құмдақ мен шлам түйіршігін реагент қосып жеке флотациялау мыс айыру мөлшерін арттырды, концентрат сапасын жақсартты.
Жергілікті жерде құнарлы концентрат қалқу жолға қойылып, Балқаш бойымен Орал өңіріне кен жөнелту тоқтатылды. Бүгінде 1891 адам еңбек ететін кен өңдейтін кешенді өндіріс тізгіні тәжірибелі басшы Мұрат Бөрібаевтың қолында.
Көш басындағы кәсіпорын
– Біздің фабрика – ТМД көлеміндегі өз саласында көшбастаған ірі кәсіпорынның бірі. Жылына 22 млн. тоннаға дейін кен өңдейміз. Мыс байыту мен концентрат сапасы әлемдік үлгіге сай. Өндірістік қуатты арттыру бағытында жан-жақты іздестіру жұмысы жүргізілуде. Ғылыми-зерттеу мекемелерімен тығыз байланыс орнатылған.
Тәжірибелік зерттеу барысында байыту фабрикасында тұңғыш реет құмдақ мыс кенін байыту технологиясының көптеген мәселесі шешілді. Минералды құмдақ пен шламды жеке-жеке флотациялау жүйесі өндіріске енгізіліп, игерілді. Нәтижиесінде концентрат сапасы жоғарғы деңгейге (мыс үлесі 35-38 %) жетті, – дейді кәсіпорын директоры Мұрат Бөрібаев.
Мұрат Бөрібаев
Иә, кен өңдеудің кемел технологиясын мінсіз меңгерген Жезқазған байыту фабрикасы ТМД тектес кәсіпорындары қатарында қазір көшбасшыға айналған. Себебі, мұнда ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп прогресті технологиялық шешімдерді қолдану арқылы өңдеу мен байытудың өндірістік қуатын ұлғайту жолы үздіксіз іздестіріліп келеді.
Бүгінде кен өңдейтін кешенді өндіріс ірілеп, орташа және майдалап ұнтақтау буыны мен бас корпусы – жеке-жеке, ал, қойылту-сүзу торабы мен өндірістік қалдық қоймасы – ортақ екі фабрикадан, сондай-ақ, Сәтбаевтағы цехтан тұрады. Оларда құрамындағы металдың минералы, физика-химиялық қасиеті, флотациялауер екшелігі әртүрлі, соған сай тиісті технологиялық талап пен реагенттік режимді қажет ететін кеннің төрт түрі өңделеді.
Кезінде тоқыраудың топалаңы мен нарықтық қатынастың «ноқтасы» бұл байыту фабрикасын да тығырыққа тіреді, қиын жағдайға киліктірді. Экономикадағы дағдарыстың салқыны оңбай тиді: шикізат тапшылығының зардабын шекті, кен өңдеу мен металл алу жөніндегі жоспар орындалысы жобалық қуатының оннан алты бөлігіндей ғана деңгейге жетті. Қосалқы бөлшек тапшылығынан жабдық жиі тоқтады, кейде апаттық-технологиялық режимді еріксіз бұзуға тура келді.
Қалыптасқан күрделі жағдайға қатысты кәсіпорын жұмысын жандандыру және өндіріс деңгейін қалпына келтіру міндеті күнтәртібіне қойылғанда байыту фабрикасы сындарлы сәттен сүрінбей өтті. Оған оңтүстік кореялық инвестор «Самсунг» компаниясы көмегіне сүйенген «Қазақмыс» корпорациясының пәрменді көмегі, ұжымұйымшылдығы, байытушылардың кәсіби шеберлігі игі ықпал етті.
Техникалық жаңалық – табыс тұтқасы
Қарап отырсақ, фабрика қатарға қосылғаннан бері жезқазғандық байытушылар кен өңдеу мен металл қалқудың тиімді тәсілін табуда тынымсыз тер төгуде екен. Қолжеткен тұрақтылықты, кен өңдеуде алынған ауқым мен сапаны сақтай отырып жабдықты жаңғырту, тиімділігі жоғары жаңа технологияны игеру үстінде. Соның бір парасына тоқтала кетсек.
Мыс қалқу көлемін ұлғайту үшін екінші сатысында гидроциклонды тұйық циклге екі сатылы майдалау үлгісі енгізіліп, флотациялау уақыты 22 минуттан жарты сағатқа дейін ұзартылды. №2 байыту фабрикасында өзекті диірменнің бунақты бүгілісінің жиілігі ұлғайтылды. Майдалап ұнтақтау қондырғысы күшейтілді. Сүзгінің жақсы жұмыс істеуі қамтамасыз етілді.
Жетпісінші жылдары жеке ұнтақтау желісі бар мыс-қорғасын кенін өңдеу секциясы қатарға қосылды. Сөйтіп, мыс пен мыс-қорғасын кенінің араласып кетуін азайтуға, сонымен қатар қорғасын қалқуды 5-8 % ұлғайтуға мүмкіндік туды. Кен байытудың жетілдірілген тәсілі мен жаңа реагентті қолдану концентраттағы металл үлесін 40-42 % ұлғайтуға қолжеткізді. Бұл оны Лондонның сапа биржасына тіркеуге жол ашты.
Кен байытуда тұңғыш рет мыс құмдағын байыту технологиясы өзінің оң шешімін тапты. Қиыршық пен қойыртпақты жеке флотациялау тәсілі игерілді. Жабдықтарды жетілдіруге, бірінші кезекте жаңғырту мен тиімді техниканың жаңа үлгісін жасауға үнемі назар аударылды.
Жезқазғандық байытушылар флотомашинаның жаңа үлгісін жасауға сүбелі үлес қосты. Кеңінен мәлім механикалық флотомашинаның барлық түрі, әртүрлі камералы пневмомеханикалық флотомашина кезінде өндірістік сынақтан сәтті өтіп, жаппай шығарылуға жол тартты. Мыс-қорғасын-мырыш кешенді кенін байытудың бірегей технологиясы игерілді.
Сексенінші жылдары фабрика Қазақстан түстіметаллургия өндірісінің қатты қалдығын кәдеге жарату жөніндегі базалық кәсіпорынға айналды. Өндірістік қалдықты кешенді пайдаланудың келешегі осы жерде дәйектелді. Соның нәтижесінде Қазақстанның түстіметаллургиясына қарасты барлық кәсіпорындағы өндірістік қалдықтың Ресурстар кадастры жасалды. Жезқазған мыс қорыту заводының шлагын пайдалану сол кезде қолға алынды.
Бүгінде байыту фабрикасында ауқымды қайта құру жұмысы жүргізіліп, елеулі инвестиция тартпай-ақт ехнологияны жетілдіру есебінен кен өңдеу көлемін ұлғайтуға айырықша көңіл бөлінуде.
– Былтыр №2 бас корпуста өндірісті тоқтатпай жаңғырту жұмысы жүргізілді. Тозығы жеткен байыту машиналары (Механобр-5, 6, 7) қуатты түрімен (МЕК-25, МЕК-70) ауыстырылды. Сөйтіп, белгіленген көлемде өңделген кеннен қажетті мөлшерде құнарлы концентрат алуға және сапасын 1,5 есе жақсартуға мүмкіндік туды, – дейді М. Бөрібаев.
Түйін
Табыстың бір тетігі тиімді техникаға тірелгенімен, өндірісте адамдық фактордың алатын орны айрықша. Шынтуайтында, жетістіктің негізі – тәжірибес ітолысқан, ынтымағы жарасқан, ұйымшылдығы айрандай ұйыған ұжым. Бұл байыту фабрикасындаата мен әке кәсібін жалғастырып жүргендер жеткілікті. Мәселен, Мұсылманбеков, Әшірбеков, Груздев, Жанайдаров, тағы да басқа әкелі-балалы жұмысшы әулеттері орындым ақтанышқа айналған.
«Ұрпақ үндестігі» деген ұғым бар. Кейде «ұрпақ жалғастығы» деп жатады. Мәселе оның қалай айтылғанында емес, жүйелі жүзеге асқанында. Ол өндірістік тәлімгерлік, өзар атүсіністік, селкеусіз сенім арқылы орнығады. № 1 бас корпустың бөлім басшысы Дархан Тоқпанбаев, № 2 бас корпустың диірмен машинисі Жәнібек Жанайдаров, шаң сору цехының дәнекерлеушісі Валерий Еременко сияқты ардагерлер осыған ұдайы атсалысады.
Кирилл Фур, Наурызбай Ертай, Айнұр Жүсіпова, Рамиль Гумаров, Нұржан Базылов, Ержан Жанділдинов.
Сонымен қатар, кәсіпорынның қоғамдық өмірінде, спорта белсенділік танытып жүрген жастар баршылық. Бұл тұрғыда № 1 ұнтақтау корпусының жөндеушісі Қанат Мусиннің, № 1 бас корпустың аға өндірістік шебері Медет Нұрмағанбетовтің, жөндеу-құрылыс цехының бетоншысы Мейіржан Фермағалидың, № 2 ұнтақтау қорпусының конвейер машинисі Азамат Шомпаевтың есімін атап айтқан артық емес.
Флотатор Юлия Репникова
Байытушылар өз спортшыларымен мақтанады. Фабриканың футбол командасы «Қазақмыс» компаниясы бойынша чемпион. Кейінгі екі жылда волейболдан да жарыс көшін бастап жүр. Шахматтан екі дүркін чемпион. Ал, соңғы екі маусымда әуесқойлар арасында футболданҰлытау облысының чемпионы атанды. Стол теннисінен құрылыс-жөндеу цехының сылақшысы Әсел Ғаббас жүлделі орындардан көрінуде.
Флотаторлар Бақыт Әшенова мен Гүлмира Шубаева.
Ұжымда еліктіріп тұратын ерекше рух болуға тиіс. Сондай ахуал қалыптасса, кез-келген қиындық кедергі келтіре алмайды. Байыту фабрикасында болғанда біз сонны сезіндік.
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.