Кеш құрым мезгіл. Баспаханадамыз. Жауапты хатшының орынбасары Марал Хасенов соңғы 1-бетті жасатып жатты.
Мен оның соңынан қалмай жүрмін. Үйренушімін. Бір сәтте баспахананың ауысым мастері Құпия:
– Марал, сені Сабыр аға телефонға шақырып жатыр, – дегені.
Марал телефонды тыңдап, сәл тұрды да:
– Сәл сабыр етіңіз, Сабыр Сауытбаевич, сауыт-саймандарымды жинап алайын да, тез жетейін, – дегені.
Сабыр Сауытбаев – редактордың білдей бірінші орынбасары. Басшы лауазымын айтпағанның өзінде жасы да едәуір үлкен. Әрдайымқияқмұртынадейін жымиып жүретін Марал – бұралқы сөзге шебер-ақ. Үлкенмен де, кішімен де қалжыңдаса береді. Басқа-басқа емес, есімі мен тегін қоса келемеждей айтылған сөзге Сабыр Сауытбаев дәу де болса ренжитін шығар деп ойлағанмын.
Ентелей басып 2-қабатқа көтерілген бете ол кісінің кабинетіне кіріп бардық.
– Телетайпта нресми материал түсті, бірінші бетке салу керек, – деді Сабкең. Жүзінде ашудың еш белгісі жоқ. Өзін келемеж деген сөзді естімегендей.
«Тексеріп алмай ма екен…»
Жауапты хатшының жұмысы мазасыз-ақ. Редакцияның бар жұмысына жауапты. Әсіресе, корректорлар аса қинайды. Күн сайын шығып жататын газетті көзмайын тауысып, түнемелік жүріп оқитындықтан көбісі шыдамайды. Сосын мұндай мазасыз жұмысқа адам табу қиын-ақ. Корректорлар тұрақтамай қынжылып жүретін жауаптыхатшы Сайлаухан ағамыздың сол күнгі қуанышына тап болдым. Жаң ағана жасалған бетті баспаханадан әкеліп, редакторымыз Ұзақбай Төлеуовке көрсетуге кіргенмін. Сәкең қуанышты үнмен лепіре сөйлеп отыр екен:
– Өзі ауылдан келген көрінеді. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі екен. Ақыл тоқтатқан, сабырлы келіншек. Ұзеке, несін айтасыз, көктен тілегенім жерден табылды. Еңбастысы, тұрмысқа шыққанына жеті-сегіз жыл болған екен, бала көтермепті, – десін. Ақынжанды Сайлаухан ағамыз әдетте әлде бір қуанышты хабарды желпінте айтып, ризашылықпен асып-төгіп сөйлеп, өзі де мәз-мейрам болатын.
Осы әңгімеден соң арада бес-алты ай өттіме, өтпедіме ертеңгі газеттің нөмірін бекітетін кешкі лездемеде редакция қызметкерлерінің бәрі отырғанда Ұзекең:
– Мына Сайлаухан «бала көтермейтін келіншек» деп жеркөкке сиғызбай мақтап бір корректорды жұмысқа алып еді, қайтейін, сол декретке кеткелі жатыр. Әй, осы сендер жұмысқа қалай аласыңдар? Былай қарап, тексеріп, медосмотрдан өткізіп барып алуларың керек қой… Барлығың қазірден бастап жатпай-тұрмай ертеңгі газетке корректор іздеңдер, – дегені ғой.
Төмен қарап Сәкең отыр. Өзгелер редакторға байқатпаған болып, ауыздарын жауып күлкіге көмілді.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.