Биылғы 13 сәуірде Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» (кейіннен – «Сарыарқа») газетіне 50 жыл толады. Бүгінде бұл мерейтойдың иесі – мәртебесі Ұлытау облысының «Сарыарқа» газеті болып өзгерген басылым.
Солай десек те, бұл той бүгінде кенді өңірде қолына қалам ұстап жүрген ересек қаламгерлер мен кезінде сол басылымнан қанаттанып, еліміздің түпкір-түпкіріне тараған журналистердің де ортақ тойы. Олай болатыны сонау 1973 жылдан бастап Арқаның інжу-маржаны – Жезқазған жерінде уығын шаншып, керегесін керген қарашаңырақ бүгінде біркездердегі боз түбіт боз баласының өзі жасамыс қаламгер атанып отырған аймақ журналистерінің ортақ мектебі болды. Одан сонау Балқаштан бастап Қарақұмға дейін созылып жатқан сайын далада үмітін үкілеген жас дарындардың барлығы дерлік тәрбиеленіп шықты.
Сол мектепті қалыптастырған ұстаздар сойдың сойы еді! Олар біздерді жазу машығына ғана тәрбиелеп қойған жоқ, ұлттың ұлы болып өмір сүруге де тәрбиеледі. Иә, өз ошағынан басталатын Отаны мен оны құрап, ел етіп отырған ұлтын сүймей, барлық қасиетін қадірлемей шынайы журналист бола алмайтынын олар жақсы түйсінді. Өйткені журналист – құдіретті қаламның иесі. Қаламнан тасқа түскен ой сандаған санаға ықпал етпек… Ендеше, «шынай журналист ұлт пен адами құндылықтарды биік қойа білетін қалам иесі болуы тиіс» деп үйретті олар.
Ұстаздар бізді бірлікке, адамгершілікке баулыды. «Жезқазған туы» газетінде иықтаса еңбек еткен елуге тарта қызметкердің арасынан қыл өтпейтін еді.
Бүгінде «Жезқазған туының» өзінде еңбек еткендер арасынан төрт қаламгер – Амандық Рахұлы, Шахмұрат Ибадатұлы, Әлібек Әбдіраш және осы жолдардың авторы өз атымыздан және өзіміз еңбекетіп жатқан аймақтық «Мысты өңір» апталығы атынан барша әріптесімізді ортақ мектебіміздің жарты ғасырлық мерейтойымен құттықтаймыз! Жасай бер, «Сарыарқа»!
Төлеш Асанов.