«Пышақ салып алыпты». Қылмыстық оқиға туралы әңгіме бола қалған жағдайда осы бір сөзді жиі естиміз. Соған қарап, пышақ ала жүгіруге бой ұру көпке тән қылмыс деген тұжырымға келер едік. Иә, өкінішті-ақ. Қанқұйлы пышақ қаншама адамның өмірін қиюда.
- Студент сойқаны
Сот қылмыстық істі қарай келіп анықтағандай, 1-курс студенті Дмитрий жатақханадағы көрші бөлмеде тұратын Нақыпбекпен ауыр-ауыр сөзге келіп қалып, соның салдарынан араларында бірін-бірі жеккөрушілік пайда болады.
Дмитрий осы кикілжіңнен жиырма күн өткенде өзі бір бөлмеде бірге жатқан Талғатпен ренжіседі. Ол сол бетте сағат 21:00 шамасында жатақханадан шығып кетеді. Бір сағаттай уақыт дәмханада болғанында Нақыпбек пен Талғатты өлтіруге бекем бел байлайды.
Дмитрий сағат 22:40 шамасында жатақханаға оралып, ойға алған әрекетін жүзеге асыруды ойластырумен болады. Бөлмесіне кірмей, дәлізде жүріп оларды сырттай аңдиды. Оларды қалың ұйқы құшағында жатқанда жазым етуге бекиді.
Сотталушы сағат 02:35 шамасында күткен сәті келіп жетті деп есептеп, бөлмесіне өз кілтімен ашып кіреді. Ойға алған қылмыстық әрекетін жүзеге асыру мақсатында бөлмеге кіріп келіп, шамды жағады. Өзі жататын матрацтың астынан «Зубр» маркалы жаппалы қара түсті пышақты алады да, керуетте етпетінен ұйықтап жатқан Талғаттың тамағына, арқасына, кеуде тұсына бірнеше мәрте сілтейді. Сөйтіп Дмитрий жәбірленуші Талғат маңызды жанды органдарындағы пышақ жарақатынан жан тапсырды деп ойлайды да, бөлмеден шығып кетеді.
Бұдан кейін Дмитрий көрші бөлмеге беттейді. Есігі құлыпқа жабық екен. Ол аяғымен тепкілеп, ағаш есікті сындырады. Сотталушы осылайша түн ішінде, бөлме иелерінің рұқсатынсыз заңға қайшы әрекетке барып, бөлмеге басып кіреді.
Ол сол түні сағат 02:45 шамасында бөлме жарығы сөніп тұрса да сынған есіктен түскен дәліз шамының сәулесі арқылы Нақыпбектің жатқан керуетін дәл табады. Бұл сәтте Нақыпбек Дмитрийдің тарсыл-гүрсілінен оянып кетіп, қозғалған еді. Оның ұйқылы-ояу әрекетсіз жатқан сәтін пайдаланып, сотталушы жәбірленушінің көкірек қуысы мен ішіне «Зубр» маркалы пышағын бірнеше мәрте сұғып алады. Жәбірленуші жанталаса қарсылық көрсетуге тырысқанымен аса жанды органдарына түскен көптеген пышақ жарақатынан керуеттен еденге құлап түседі. Еденде жатқан Нақыпбектің денесіне және бірнеше рет пышақ сұққан Дмитрий жәбірленуші тіршілік нышанын танытпаған соң бөлмеден шығып кетеді.
Нақыпбек алған дене жарақатынан ертеңіне аурухананың жан сақтау бөлімшесінде көз жұмады. Ал Талғат сотталушының тікелей пиғылмен жасаған әрекетіне қарамастан тірі қалады.
Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде Дмитрийдің қылмыстық әрекет жасаған сәтте кәмелеттік жасқа толмағандығын ескерді.
Сотталушыға бас бостандығын айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленді.
Сот үкімімен Дмитрийге 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
- Нәзік жандының қатыгездігі
Сотталушы Натальяның жасы 27-де, орта білімді, ажырасқан, супермаркеттің бірінде жиыстырушы болып жұмыс істейді.
Наталья некесіз бірге тұрып жатқан көңілдесімен арадағы реніштен соң баспанасыз қалған танысы Аннаны екі жас баласымен үйіне кіргізіп алады. Бұл ақпан айында болған еді.
Наурыз айының 5-і күні сағат шамамен 23:00-де Наталья жұмыстан үйіне келеді. Анна қызу екен, жұмыстан келген құрбысын реніш айта қарсы алады. Жас балаларына жылы қабақ танытпайсың деп кінәлайды. Сөзден сөз туындап, екі құрбы салғыласып ұрыссуға дейін барады.
Анна бір сәтте ас бөлмеде тұрып, үстел үстінде жатқан пышақты ала сала Натальяға сілтеп қалады. Ол сол қолын тосып қалғанда пышақ келіп тиеді. Екеуі сосын ұстаса кетеді. Пышақ еденге ұшып түседі. Бірінің бірі шашынан тартып, жұлқысады. Сөйтіп алысып жүрген сәтте Наталья ас бөлмедегі және бір пышақты алады да, Аннаның бүйіріне сұғып алады. Ол ауырсынып отыра қалғанда – арқасына, үшінші ретте тамағына пышақ сілтейді. Анна еденге құлайды.
Наталья еденде құлап жатқан денеге одан әрі пышақ сұққылай беруден танбайды. Әлден уақытта есін жиғанда Аннаның еш қимылсыз тіршілік нышанын білдірмей жатқанын көреді. Пышақ жарақатынан қан ағып жатыр. Сонда барып Аннаны өлтіргенін біліп, қолындағы пышақты еденге лақтырып тастайды.
Аннаның балалары болған жайтты білген жоқ. Олар басқа бөлмеде ұйықтап жатқан.
Денені сейсеппен орап, дәлізге сүйреп шығарады. Сосын қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында мәйітті шанаға салып алып, су қоймасы жағалауына апарып, қармен көміп тастайды.
Ертеңіне қан дақтары жұққан киімдерінің бәрін пешке жағып жібереді. Сосын Аннаның балаларын оның шешесіне апарады. Аннаның үйінен кетіп қалғанын, қайда кеткенін білмейтінін айтады. Ол Натальяның айтқанына иланып, қызы келер деген оймен екі күн күтеді. Одан ақыры хабар болмаған соң полиция бөлімшесіне барып, қызы Аннаның жоғалғаны туралы хабарлайды.
Сот үкімімен Наталья адамды аса қатыгездікпен өлтіруге тікелей айыпты деп танылып, он бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын арқалады.
- Сотқар көрші
Сот отырысында куә ретінде айғақ берген учаскелік полиция инспекторы А.-ның жауабынан:
– Мен сотталушы Мақсатты әйел зорлап, жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін берілген бас бостандығынан айыру жазасын өтеп, босап шыққан 2014 жылдан білемін. Сонда Мақсатқа қатысты 6 ай мерзімге әкімшілік қадағалау белгіленген болатын. Биылғы наурыз айының алғашқы күндерінің бірінде Дамирдің жоғалуына байланысты полиция бөлімшесіне арыз түскенде оның тұрғын мекенжайына барғанда Мақсат туралы естідім. Олар көрші болып шықты. Сол маңда тұратын көршілерден Дамирді көргендер бар ма екенін сұрастырғанымызда біреулер оны 2 наурыз күні Мақсатпен бірге жүргенін көргендерін айтты. Сосын оны іздестіргенімізде оның ауруханада жатқанын білдік. Мақсат аяғына ота жасатқан екен, дәрігер инспектор Ш. екеуімізді ол жатқан палатаға ертіп апарды. Бізге Мақсат сезікті көрінді. Өйткені Дамирді қашан көргенін сұрағанымызда алғашында оны мүлде көрмегенін айтса, артынан өз-өзінен күйгелектеніп: «– Немене, оның өлімін менің мойныма ілмек болып отырсыңдар ма?» – деп қалды. Өлім туралы тіпті сөз болмаған еді. Мақсат дауыс көтере сөйлеп, бұрқан-тарқан болып өз-өзінен ашуланды.
Біз Мақсатқа пәтерін көргіміз келетінін айттық. Ол інісі Ерболға телефон шалып, пәтерінің кілтін алып келуін сұрады. Инспектор Ш. екеуіміз келгенде қасында бір кісі бар Ербол бізді есік алдында күтіп тұр екен. Пәтер іші жиналған, таза екен. Жуылған киімдер ванна ішінде ілулі тұрды. Әйткенмен бір бөлменің есігінен қан дағын көргендей болдым. Пәтер ішін мұқият қарап шығып, басқа күдікті ештеңе байқамадық. Сосын балконға шықтық. Ондағы торкөзді сөмкені Ш. екеуіміз ашқанымызда бөлшектенген адам денесі салынғанын көрдік. Сосын дереу кезекшіге телефон шалдым. Жедел әрекет қызметкерлерімен бірге Мақсатты дереу ұстау үшін ауруханаға барып, оны полиция бөлімшесіне алып келдік. Мақсат қылмыстық әрекетін бірден мойындап, өзінің пәтерінде Дамирмен арақ ішкенін, отырыс барысында ұрыс-керіс болып қалып, ақырында Дамирді пышақтап өлтіргенін, оның балталанған денесінің бөлшектерін қайда тыққанын көрсететінін айтты.
Жәбірленуші Дамирді де жете білетінмін. Ол момын, орнықты, артық-ауыс сөз айтпаушы еді. Ал сотталушы Мақсат болса, оған керісінше беймаза жан. Жүрген жері айқай-шу, ұрыс-керіс, төбелес болатын. Арақ ішіп алса, тіпті өз іс-әрекетіне жауап бере алмай қалады. Ол Дамирді бірге арақ ішу үшін үйіне өзі шақырып алғанын, араларында бұрын-соңды келіспеушілік, өшпенділік болмағанын, соңғы отырыс барысында сөзге келіп қалып, пышақпен оның өмірін қиғанын, сосын мәйітті балталап бөлшектегенін бірден мойындады. Бөлшектенген денелерін апарып тыққан жерлерін өзі барып көрсетті. Сотталушыға ешқандай қысым жасау болған жоқ, – деп жауап берді сот отырысында учаскелік полиция инсекторы А.
Сот қылмыстық істі қарай келіп, Мақсаттың қылмыстық әрекетін «аса қатыгездік» деген ұйғарымға келді. Ол Дамирдің денесіне көзі тірісінде 69 пышақ жарақатын салған. Бұл нағыз қаныпезерлік болып табылмақ. Сонымен, қылмыскер Мақсат бас бостандығын айыру жазасымен 20 жылға сотталды.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.